Пікір • 04 Ақпан, 2025

Электр желілерін нығайту маңызды

88 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің былтырғы дамуының қорытындылары шыға­рылып, жақын арада шешуді қажет ететін негізгі міндеттер айқындалды. Расында, бұл ел Президентінің негізгі баяндамасы болды. Күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар назардан тыс қалмады.

Электр желілерін нығайту маңызды

Сурет: atr.kz

Жұмыстың негізгі бағыттарының қатарында экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымдық дамудың жаңа деңгейіне көшу, цифрлық технологияларды жүйелі енгізу, агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін нығайту, салық-бюджеттік саясатты реформалау, маңызды жобаларға қаржылық қолдау көрсету, әлеуметтік саланы одан әрі дамыту аталды.

Елде энергия тапшылығы күшейген тұста келешекті айқындайтын бірқатар маңызды қадам жасауға тура келеді. Мәселен, заманауи тәсілдерді енгізу, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, атом энергетикасына зейін қою ел экономикасында тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Сондықтан Үкімет жаңа тарифтік саясатты жүзеге асыруды жалғастыруы керек.

Контрабандалық жанар-жағармайды шығару фактілері бірнеше рет айтылды. Бұл еліміздің экономикасы үшін өте ауыр тәуекелдер туғызып отыр. Мәселені Мәжіліс депутаттары да бірнеше рет көтерді.

Президенттің отырыстағы «энергетикалық» тезистері мен тапсырмалары нақты және перспективалы болды. 2027 жылы Үкімет Батыс аймақтың электр желілерін еліміздің бірыңғай электр энергетикалық жүйесімен біріктіруді аяқтауы керек. Оңтүстік аймақтың электр желілерін нығайту жобасын іске асыруды жеделдету қажет.

2026 жылы «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының екінші тармағы құрылысының бірінші кезеңін аяқтау керек. Мемлекет басшысы Жаңаөзен мен Қашағандағы газ өңдеу зауыттарының, сондай-ақ Түркістан облысындағы бу-газ негізіндегі электр стансасының құрылысын белгіленген мерзімде аяқтау міндетін қойды. Жасыратыны жоқ, бүгінде қаржы тапшылығынан көптеген жоба іске қосыла алмай жатыр. Енді Президент елеулі жобаларға қаржылай қолдау көрсету тақырыбын ерекше атап өткен соң, олар уақтылы аяқталады деген үміт бар. Бірқатар нақты шара қолға алынуға тиіс әр салада азаматтардың әл-ауқатын арттыру басты мақсат саналады.

 

Дүйсенбай ТҰРҒАНОВ,

Мәжіліс депутаты