
– «Жасыл экономиканың» әлеуеті қай деңгейде?
– «Жасыл экономика» – табиғи ресурстарды тиімді пайдаланып, қоршаған ортаға зиянды әсерді азайтатын, әлеуметтік әл-ауқатты жақсартатын және экологиялық тепе-теңдікті сақтауды мақсат ететін экономиканың моделі. Ол әртүрлі экологиялық таза технологияларды қамтиды. Олардың ішінде энергия тиімділігі, жаңартылатын энергия көздері, ауыл және құрылыс салаларындағы инновацияға қатысты технологиялар бар. «Жасыл экономика» осы технологияларды енгізу арқылы экологиялық тұрақтылыққа, экономикалық дамуға қол жеткізуді көздейді.
– Елдегі «жасыл энергетика» үлесін қалай бағалайсыз?
– Жүргізілген заңнамалық реформалар нәтижесінде бізде жаңартылатын энергетиканың дамуы едәуір жеделдеді. Бүгінде жаңғырмалы энергия көздері (ЖЭК) өндірген электр энергиясы үлесінің тұрақты өсуі байқалады. Ірі су электр стансаларды есепке алмағанда, электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі ЖЭК үлесі 2023 жылы 5,82%-ды құрады. Өндірілген энергия көлемі – 6,6 млрд кВт/сағ. Айта кетейік, 2014 жылдан бастап ЖЭК белгіленген қуаты 16 еседен астам – 178 МВт-тан және 2023 жылдың қорытындысы бойынша 2 868 МВт-қа дейін өсті. 2030 жылға қарай елімізде электр энергиясын өндіру құрылымындағы ЖЭК үлесін 15%-ға дейін, ал 2050 жылға қарай басқа баламалы энергия көздерін ескере отырып, 50%-ға дейін ұлғайту жоспарланған.
– Тиімді бастамалар мемлекет тарапынан тиісті деңгейдегі қолдауға ие болып жатыр ма?
– Елімізде бұл бағытта заңнамалық, қаржылық, технологиялық және ақпараттық шаралар жүзеге асырылып жатыр. 2013 жылы қабылданған «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы – елдегі негізгі стратегиялық құжат. Ол табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға, экологиялық технологияларды енгізуге және жаңартылатын энергияны дамытуға бағытталған.
Қаржылық қолдау субсидия, салық жеңілдіктері және «жасыл» облигациялар арқылы жүзеге асырылады. Мемлекет жаңартылатын энергия көздерін дамыту үшін жеңілдетілген тарифтер белгілеп, шағын және орта бизнестің экологиялық жобаларын қолдау үшін арнайы қорлар мен гранттар ұсынады. Сонымен қатар ғылыми-зерттеу жұмыстарына, инновациялық жобаларға және «жасыл технологияларды» дамытуға мемлекеттік қаржы бөлінеді. Жаңартылатын энергия көздерін дамыту мақсатында мемлекет 2030 жылға қарай энергияның 30%-ын жаңартылатын көздерден алу міндетін қойып отыр.
– Жаһандық жылыну мәселесі дүниежүзін алаңдатып отыр. Осы тұрғыда «жасыл экономика» әлгі түйткілдің «жыртығын» жамай ала ма?
– «Жасыл экономика» технологиялары жаһандық жылынумен күресте шешуші рөл атқарады. Олар парниктік газдар эмиссиясын азайтуға, экожүйелерді қалпына келтіруге және табиғи ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік береді. Алайда бұл технологияларды тиімді пайдалану үшін жаһандық деңгейде саясатты үйлестіру, қаржылық қолдау және ғылыми инновацияларды қолжетімді ету қажет. Мысалы, экономиканың барлық негізгі секторында энергия сыйымдылығын төмендету және энергияны пайдалану тиімділігін арттыру арқылы еліміздің тұрақты дамуына қол жеткізу мақсатында 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдама бекітілді. Бұл стратегиялық құжат бес негізгі бағытты қамтиды: өнеркәсіп, энергетика, ғимараттар, көлік және халық. Осы секторлардың әрқайсысы шеңберінде энергия сыйымдылығын төмендетуге және энергияны пайдалану тиімділігін жақсартуға бағытталған нақты индикаторлар белгіленген. Энергия тиімділігін арттыру және инфрақұрылымды жаңғырту энергия тұтынуды айтарлықтай төмендетуге және CO2 шығарындыларын азайтуға мүмкіндік береді. Ғалымдардың зерттеуіне сәйкес, органикалық ауыл шаруашылығы дәстүрлі ауыл шаруашылығымен салыстырғанда азот тыңайтқыштары мен пестицидтерді пайдаланудан бас тарту арқылы өңделген аумақтың гектарына парниктік газ шығарындыларын кем дегенде 25%-ға азайтуы мүмкін. Сондай-ақ топырақта көмірқышқыл газын ұстап тұру үшін атмосферада сіңіретін қарашіріктің жиналуына байланысты топырақ 10% көбірек СО2 сіңіреді.
–Алматыда «жасыл экономикаға» көшу шараларының негізгі бағыттары қалай жүзеге асып жатыр?
– Қалада экологиялық көлікке көшу, жасыл аймақтарды кеңейту, энергия тиімділігін арттыру және қалдықтарды қайта өңдеу сияқты маңызды бастамалар қолға алынған. Дегенмен экологиялық мәселелерді толық шешу үшін бастамаларды белсенді жалғастыру және оған халықтың ұдайы қатысуы да маңызды. Нақты жобаларды айтсақ, Алматының жеке тұрғын үйлері біртіндеп көмірден газға көшіріліп жатыр. Мысалы, Наурызбай ауданы мен Алатау ауданындағы бірқатар үй осы жобаға қосылды. Бұл жылыту кезінде шығатын зиянды газдарды айтарлықтай азайтуға көмектеседі.
Қаланың орталық жылу жүйелеріндегі ескі көмір қазандықтары газға ауыстырылды. ЖЭО-2 көмірден газға көшу жобасын бастады. Жоба аяқталса, жылу электр орталығы арқылы қалада зиянды заттардың бөлінуін 37,3 тоннадан 2,7 тоннаға дейін азайтуға болады. Жоба 2026 жылы аяқталады. Сонымен қатар көшелерді жарықтандыру жүйесі энергия үнемдейтін шамдарға ауыстырылды. Бұл электр энергиясын 30%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік берді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Мақпал САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»