Тарих • 01 Ақпан, 2025

Қастерлі құндылық

224 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

ХХ ғасыр басында патшалық өкіметтің еркіндік пен теңдікке қиғаш әрекеттері және қазақ ұлтының атауын ресми қасақана бұрмалауы ел зиялыларының жалпыхалықтық ұлт баспасөзіне «Қазақ» ныспысын беруіне әсер етті. Бұл туралы Ахмет Байтұрсынұлы: «Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аруақты аты деп, газетамыздың есімін «Қазақ» қойдық» дегені мәлім. Ұлт ұстазы газеттің қоғам өмірінде атқарар айрықша қызметі мен мәніне тоқталып: «Газета – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп ғасырлар сынына төтеп беретін даналық қалдырды.

Қастерлі құндылық

«Қазақ» газеті өмірге келгенге дейін де қазақ жұртшылығының қажетін өтеген бірлі-жарым ескі жазумен шы­ғатын мерзімді басылымдар болды. Атап айтсақ, «Түркістан уалаятының газеті» (1870–1882), «Дала уалаятының газеті» (1888–1902), «Айқап» журналы (1911–1915), «Қазақстан» газеті (1911–1913), т.б. Бұл мерзімді басылымдардың кейбірі патша өкіметінің тарапынан арнайы шығарылғандықтан, ресми заңдарды, әкімшілік ережелерін бұқараға жет­кізу­мен шектелді. Рас, арагідік ел әдебие­тінің нұсқалары, әлеуметтік мәні бар мақалалар да жарияланды.

Міне, осы шақта «Қазақ» газеті «ізде­генге – сұраған» дегендей, елдің шөл­басар, көзайым рухани қуатына айналды. Қырда пошта жоқ уақытта қолдан-қолға, елден-елге жетіп, тез тарады.

Осылайша дала мен қаланың арасына байланыс орнап, ақпараттық қарым-қатынасқа себепші болды. Қала өмірі арқылы отырықшылықтың не екенін түсіне бастаған дала адамдары, енді қаланың басындағы жаңалықтарға құлақ түріп, елеңдеуді әдетке айналдыра бастады. Онан соң жұрт естігенін бірімен-бірі жарыса ауылдан-ауылға бетті өпкен самал желдей тарататын.

Ұлтқа танылған ақын, ойшыл Шәкә­рім қажы Ақаң бастаған Алаштың баспа­сөзіне ақ батасын былайша жолдайды:

«Дүниеге келді бізден бір талапты ұл,

Ер жетсе, бар қазақтың басшысы бұл.

Бөгеттен, ауру-сырқау аман сақтап,

А, Құдай! Құтты, өмірлі, бақытты қыл!».

Жалпы «Қазақ» газетінің қолтығынан демеп, бойына күш-қуат берген интел­лек­туалдық көшбасшылар – «қолына жарық сәуле ала туған» Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулат­ұлы. Олар тірліктің тарих атты күрделі сахнасына қасқайып қарсы шығып, ұлт мүд­десі үшін күресуде зор табандылық танытты. Қазақ ұлтының теңдік пен еркін­дігі жолында ұлттың керегін жоқта­ған осы ізашар буын «жер, тіл, діл, дін» үшін қарақан басының қамын ұмытып, ұлт мүддесін сауатты, білікті көтеруге жұмылды.

Патшалық цензура кезінде абақтыға жабылып, талай шығынға (штраф) батса да, «көп түкірсе – көл» демекші, меценат азаматтардың, қарапайым жұрттың тілегі арқасында ұлттық газет мұратын үзбеді. «Қазақ» газетінің бірі – идеологы, бірі – ар-ожданы, бірі – тетігіне айналған үш арыс тапқан-таянғанын ортаға салып, азаттық күнін жақындатты.

Шындығында, отаршылдық дәуірде өмірге келген «Қазақтың» көтерген жүгі өте жауапты һәм ауыр еді. Таралымы бір­де күрт өсіп, енді бірде қаражаттың тапшылығынан төмен құлдыраса да, ең өзекті мәселелер көтерілді. Мәселен, пат­шалық Ресейдің аграрлық саяса­ты мен олардың қазақтың жеріне қо­ныс­ аудару қозғалысындағы көздеген мақсаттары жөнінде, орыстың шетел мемлекеттерімен қарым-қатынасындағы өз елінің әл-ауқатын көтеру үшін дамыған елдердің жаңалығын жатсынбай қабыл алуы туралы ақпараттық мәліметтер жариялады. Алаштың шұрайлы жерлеріне орыс мұжықтарын әдейі қоныстандырып отырғанын аңдату мақсатында «Жер мәселесі» (№10, 12.04.1913), «Жер жалдау жайынан» (№34, 16.10.1913), «Көшпелі һәм отырықшылық норма» (№20, 29.06.1913), «Қазақ һәм жер мәселесі» (№54, 16.03.1914), «Жер сату» (№188, 08.07.1916), «Жер турасындағы телеғырам» (№227, 26.04.1917), «Жерді қалай бөлу?» (№228, 03.05.1917), «Жер комитеттерін жасау керек» (№231, 27.05.1917), т.б. көкейкесті мақалаларды елге «масаша» ызыңдап, қажымай жеткізді. Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ету үшін ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, сауда әдіс-тәсілдерін халыққа кеңінен таныстырды. Сондай-ақ қазақ ұлтының қалыптасу тарихындағы сәулет, сымбат, кескін, әуез өнерлері туралы танымдық мақалалармен қоса, ел ішіндегі әдет-ғұрыптар мен ойын-сауықтар, дін мәселелерін де дүркін-дүркін көтеріп, ел назарына ұсынды. Ал «бұратана» санатындағы ұлтымыздың мәдениеті мен әдебиетінің жоғары дең­гейін саралап берді. Оқу-ағарту ісі, ұрпақ тәрбиесінде мектептің ең қажетті құралы – оқулықтар жазу мен газет-журнал шы­ғару мәселелері жөнінде пайдалы ке­ңес­тер жариялап, ел талқысына салып отырады.

Бес жылдан астам уақыт ішінде 266 нөмірі жарық көрген «Қазақ» газеті қыр даласының шет аймақтарынан бөлек, Ресейдің – Петерборына, Қытайдың – Шәуешегіне, Түркияның – Ыстанбұлына, сонымен бірге әлемнің түкпір-түкпіріне тарап үлгерді. Басылымның ғұмыры аз болғанымен, ұлт өміріне үлкен өзгеріс, ұлы серпіліс әкелді. Осы уақыт ара­лығында газет бетінде көтерілген кейбір сая­си материалдар үшін газет басшысы Ахмет Байтұрсынұлының көрмеген құ­қайы жоқ.

Мұрағат деректеріне сүйенсек, сол тұстағы Баспасөз ісі жөніндегі бас бас­­қарманың графы Сергей Татищев жан-жақ­қа құпия өкімдер мен бұйрық­тар беріп, «Қазақ» газетінде жария­лан­ған саяси ахуалға қатысты мақаланы мұ­қият-тексеріп отыруды, өз жансыздарына жүктеген. Оған «тыңшылықты» тың­ғылықты атқаруды қатаң тапсырған – Орын­бор губернаторы (кейін Дала генерал-гу­бернаторы) Н.А.Сухомлинов еді (Ішкі істер министрлігі Орал облыстық Баспа ісі басқармасы №13248. 26/09.1913). Мұндай жымысқы жұмысты жүргізу Тор­ғай облыстық басқармасының тілмашы, татар тіліндегі мерзімді баспасөздерді ба­қылаушы Мұхамедияр Тұңғаншин мен Ғаб­дулрахман Машиев сынды көсеу­лерге жүктеледі (Санкт-Петербор Ор­талық мемлекеттік мұрағаты. 776-21-16. ІІМ ОГК. 22.10.1913. ЛОММ. 776-21-16). Орталықта отырып-ақ, айналасын отап, басуға әбден төселген билік тіміскілеуді қиындықсыз «берген лауазымын пұлдап», жүзеге асырып отырған. Газеттің 1914 жылы 75-80 нөмірлерінде жарияланған «Закон жобасының баяндамасы» атты мақала орысшаға аударылып, түсініктеме жазбасын даярлаған Тұнғаншин тиісті орындардың шапағатына бөленген. Осы үшін А.Байтұрсынұлы бастаған редакцияға «1500 сом айыппұл немесе үш ай түрмеге жабуға» үкім кесіліп, «істі» болып шығады. Айыппұлды төле­меген Ахмет 20 қазанда абақтыға отыр­ғызылады. Самарада жүріп суыт хабарды естіген Әлихан Бөкейхан саяси білік-дип­ломатиясын жұмсап, Ахметті абақтыдан шығарып алады. Бірақ опасыздықтың, тыңшылықтың салдарынан мұндай жағ­дай жиі қайталанады. Осындай оқиға­ға күйінген жас ақын Сұлтанмахмұт Торайғыр­ұлы былай деп жазады:

«Мақтасаң қарғалардың жеген боғын,

Кешегі өлексемен қарны тоғын.

Мінеки, сөз мынау да, ені мынау деп,

Тартып алар кезеніп тұрған оғын».

«Қазақ» газетін нақақтан қаралаған негізсіз жалалар Алаш зиялыларының ыза-ашуын тудырады. А.Байтұрсынұлы шұғыл түрде Орынбор губернаторына, Ішкі істер министріне, Сенатқа газетте жа­салған қысастық туралы сауалхат жолдайды (20/10.1914. С-ПОММ. 776-21-16). «Үмітсіз – шайтан» демекші, сауа­лы еленіп, ол айыппұл төлеуден босаты­лады. Ал кейбір тұстарда мұндай келең­сіздіктерден құлағдар оқырман газет­ке салынған айыппұлдарды «ел іші­нен жабыла жинап», басылымның орта жолдан үзілмеуіне көмек қолын соза­ды. Мәселен, газеттің 91-санындағы «Бұ қалай?» деген өзекті мақала үшін ар­найы орындар «А.Байтұрсынұлын екі ай түрмеге отырғызу немесе 50 сом айып­пұл төлету» туралы үкім шығарса, 1916 жылы 9 ақпандағы 168-санындағы жер мә­селесі туралы мақаласына 1500 сом айыппұл кес­кен. Бұған наразы редактор Сенатқа арыз беріп, ««Қазақ» ісі сенатта» деген мақала жариялайды. Кезекті нөмірдің бірінде М.Дулатұлы «Сенатта бұзылған үкім» мақаласын ішкі ха­барлар айдарымен жариялайды. Онда А.Байтұрсынұлына 50 сом айып­пұл төлеу бұйрығын Сенат қайта қарап, бұзғанын жазған («Қазақ» газеті, №220, 1.03.1917).

Басылым бетінде жарияланған ма­қалалардың авторлары – сол тұста Әли­­хан, Ахмет, Міржақып бас­таған ұлт зия­­лыларының пікірлес­тері,­ шә­кірт­­тері Ж.Ақбаев, А.Бірім­жанұлы, Ш.Құ­дайбердіұлы, М.Ора­зай­ұлы, Х.Ғаб­басұлы, М.Шоқай, М.Ты­ныш­­бай­ұлы, Ғ.Қараш, Р.Мәрсекұлы, Ә.Ерме­ков, Ж.Дос­мұхамедұлы, Х.Дос­мұхамедұлы, О.Әлжанұлы, Ж.Ай­мауыт­ұлы, М.Жұма­баев, Х.Болғанбай, Ж.Жәнібекұлы, Ж.Тілеу­лин, М.Сералин, А.Баржақсин, И.Әлім­бекұлы, С.Шор­манов, Қ.Қоңыратбаев, Б.Серкебаев, Ж.Сейдалин, С.Кенжин, Н.Құлжанова, Н.Құл­жанов, С.Дөнентаев, С.Торай­ғыр­ұлы, М.Әуезов, Н.Төреқұлов, С.Сей­фуллин, Б.Майлин, І.Жансүгірұлы, Қ.Жұбанов, т.б. азаматтар. Мұндағы қастерлі құндылықтар – бүгінгі баспасөзге де темірқазық.

«Қазақ» газеті қазақ балаларының сауатын ашу мәселесін жүйелі жазып отырады. Білімдегі жаңа тәсілдің тиім­ді жолдарын ұсынды. 1913 жылы 2 ақ­пандағы (тұңғыш саны) Ақаңның «Оқу құралы» (1912), 1914 жылы 50- санындағы «Маса» жинағының екінші басылымы, 23 сәуірдегі 59-санында «Тіл – құралы» туралы ақпараттық, танымдық мәліметтер осы бағытқа зор серпін берді.

«Қазақ» газетінің 1914 жылы 17 ма­мыр­дағы 62-санында осы нөмірден бас­тап «уақытша редактор Міржақып Дулат­ұлы екені» хабарланған. Әлбетте, бұл да – мерзімді басылым жұмысындағы әріптестікті, ішкі келісімді білдіретін факт. «Қазақ» газеті сондай-ақ қазақ съезін шақыру, майдан солдат алу, т.б. жағымды-жағымсыз жайларды талқылай отырып, саяси мәселелердің күрделі тұстарына қазақ жұртшылығын жеткізу үшін пікірта­ластар ұйымдастырған. Сондай-ақ газет басқармасы ақыл-кеңес сұраушы азаматтарға жауап беріп тұрғанын да байқаймыз.

ХХ ғасырдың басындағы барша саяси жаңғыру мен мемлекетшілдік, елдік істерде «Қазақтың» қолтаңбасы бар. Академик Кеңес Нұрпейісұлының айтуынша, 1917 жылы өмірге келген ұлттық-демократиялық партияның, автономиялық (мемлекеттік деуге болады) ізденістердің басында «Қазақ» газеті мен оның басшылары жүрген. Академик М.Қойгелдиевтің пікірінше, «Қазақ» газеті – Ұлт-азаттық қозғалысының, Алаш қайраткерлері еңбегінің ортақ жемісі».

Сонымен «Қазақ» газеті Қазан төң­керісіне дейінгі ұлт баспасөзі тарихында ең шоқтығы биік басылым болды. Ақиқатында бұл басылым тұңғыш жалпыұлттық саяси-қоғамдық газет мәртебесін иеленді. Ол оянған сананың іс-қимылын түзу жолға салып отыратын мінберге айналды. Осы басылым туралы әр кездері жазылған Ө.Әбдимановтың «Қазақ газеті», Қ.Сақовтың «Қазақ» газетіндегі ұлттық саяси мәселелердің жазылуы», Қ.Атабаевтың «Қазақ баспасөзі Қазақстан тарихының дерек көзі (1870–1918)», Ж.Байтілесованың «Ахмет Байтұрсынұлының көсемсөзі», «Роль публицистики Ахмета Байтурсынова в формировании общественного сознания», Ш.Ерназарованың «Қазақ публицистика тілінің дамуындағы Байтұрсынұлы кезеңі», Х.Айтжановтың «Қазақ» газетіндегі әдебиет мәселелері» және осы жолдар авторының арнайы монографиялары жоғарыда айтылған тұжырымның шындығын дәлелдейді. Шүкір, қазір марқұм Ү.Сұбханбердина, Ғ.Әнес бастаған ғылыми топ әзірлеген «Қа­зақ» газеті материалдары ынталы азамат­тарға қолжетімді. Ол барлық негізгі кітапханаларда тұр.

Алаш мұрасының бүгінгі шырақшы бір ордасы – Алматы қаласындағы А.Бай­тұр­сынұлы музей-үйінің кітапхана, дерек қоры да ұлт зиялылары өнегесін сезінуді аңсайтын келушілер үшін ірі рухани байлық әрі қастерлі құндылық екенін атап өткім келеді.

 

Райхан ИМАХАНБЕТ,

Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты, профессор 

Соңғы жаңалықтар

Олжас!.. (Эссе)

Тұлға • Кеше

Ерім дейтін ел қайда?

Өшпес даңқ • Кеше

Күтумен өткен ғұмыр

Өшпес даңқ • Кеше

Смағұл сапасы

Тұлға • Кеше

Мұстахара

Жәдігер • Кеше

Керек дерек

Digital • Кеше

«Түркістан сақшылары» – ЖИ жемісі

Жасанды интеллект • Кеше