
Сурет: pnp.ru
Мен бұл жерде оқу мәдениеті отбасынан басталуы керектігіне тоқталып жатпай, саланың ең басты мәселесін айтайын: ауылдық жерлерге жеткізу-тарату ісінің оңтайлы шешімін таппайынша, газеттерге таралымды көбейту тұрмақ, барын ұстап тұру қиындай бермек. Егер «Қазпошта» бұл мәселені шеше алмайтын болса, онда отандық мерзімді баспасөз өкілдері жиналып, мәселенің шешімін өздері іздегені жөн. Тіпті сол БАҚ-тардың құрылтайшылығымен тарату-жеткізу нарығына жаңа ойыншы қосу керек болар деп ойлаймын. Әрине, оның қаншалық тиімді болатынын мамандар зерттеп, зерделеп көрер.
Оқырман тартуға келсек. Біз қазіргі оқырманға не керек екенін сол оқырманның өзінен сұрауды ұмытып кете беретін сияқтымыз. Сосын жарнамалау тәсілімізді де өзгертпей болмайды. Смартфонмен туған ұрпақ ішінде өзіне қажет дүние болса ғана сатып алады. Болды. Ендеше, оларға не қажет екенін, осы буынды не қызықтыратынын біліп, соны газет-журналымызға әкелуге тиіспіз. Осылай болуы үшін әлбетте ізденіс керек. Бәлкім, бұл ізденіске сол кейінгі буынның өзін де көбірек тарту керек шығар. Мүмкін солар дәстүрлі БАҚ-тың бағын ашатын амал табар.
АҚШ-тың, Еуропаның БАҚ-тары заман ағымына бейімделіп, электронды нұсқаларына – ПДФ және цифрлы форматтарға жазылымды дамытуға күш салып жатыр. Мұның тиімді жағы – құны қағаз басылымнан әлдеқайда арзан, яғни оқырманның қалтасына ауыр тимейді. Пошта жеткізілімі өте нашар болып тұрған қазіргі кезде бұл – біз үшін өте тиімді әрі оңтайлы жол. Қалаған адам кәдімгі газеттің құнынан екі-үш есе арзан бағаға тура сол басылымның өзіндей ПДФ нұсқасын жүктеп алады немесе заманауи дизайндағы цифрлы форматын алып оқи береді. Бірақ әзірге біздің халық мұндай форматпен аса таныс емес немесе газет-журнал оқудың осындай жолы барын біле бермейді. Бізге осыны көбірек танытып, ілгерілету қажет. Интернеттегі ақпараттың бәрі тегін деген қате түсінікті де жоюға, авторлық құқықтың, әрбір мақаланың ақысы бар екенін жұртқа сіңіруге ұмтылған жөн. Шетелдің кейбір журналдары тақырыптық бағыттарына, аудиториясына қарай басылымдарына қосымша өнімдер қосып, мысалы құралдар, көрнекіліктер, ойыншықтар ұсынып, оқырман тартуға тырысады. Бізге де осындай амалдарды көбірек қолданып, жаңа мүмкіндік іздестіру қажет деп ойлаймын.
Осы орайда өзім қызмет ететін «National Geographic Qazaqstan» журналының жайына да тоқталып өтсем деймін. Біріншіден, «National Geographic» әлемдік деңгейдегі түрлі ізденіс пен зерттеуді баяндайтын ғылыми-танымдық журнал болғандықтан, күнделікті қоғамдық саяси басылымдардай емес. Жариялайтын материалдары құндылығын жоғалтайды, тіпті уақыт өткен сайын бағасы арта түсуі мүмкін. «National Geographic»-тің барлық елдегі редакциялары осы ерекшелікті тиімді пайдалануға тырысады. Журнал жарыққа шықпай жатып-ақ маңызды, сүбелі мақалаларының аңдатпаларын – оқырманды қызықтыратын фото немесе қысқа бейнежазбалар жасап, әлеуметтік желілер арқылы таратады. Бұл бағыттағы жұмыстар журнал жарыққа шыққан соң да жалғасады. Мұның сыртында журналдың арнаулы нөмірлерін немесе жылдық топтамасын сатып алғысы келетін оқырмандарға «National Geographic» брендімен байланысты шағын сыйлықтар немесе жеңілдіктер де ұсынып жатамыз. Өлкетану сипатындағы экспедицияларымызды да журналды көпшілікке таныту тұрғысынан қолданамыз.
Оқырманмен байланыс өте маңызды деп есептейміз. Әрбір адамға – мейлі ол телефон не уатсап арқылы хабарласты ма, жоқ әлде инстаграм мен фейсбукте жазды ма – бәріне жауап беруге тырысамыз. Оқырмандарымыздың бір бөлігі мектептер болғандықтан, мұғалімдердің сұрауымен пән апталықтарына қатысып, оқушылармен кездесулер өткізіп тұрамыз.
Айбын ШАҒАЛАҚ,
«National Geographic Qazaqstan» журналының шеф-редакторы