Пікір • 01 Ақпан, 2025

Газет – маңызды ақпарат көзі

130 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

2 ақпан – Қазақ баспасөзінің күні. Бұл күннің мереке ретінде таңдалуының рәміздік мәні бар. Осыдан дәл 112 жыл бұрын, яғни 1913 жылдың 2 ақ­панында Ахмет Байтұрсынұлының бастамасымен ұлт басылы­мы – «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірі жарық көрді. Осы айтулы мереке аясында қазіргі қазақ баспасөзінің ахуалы мен жай-күйі туралы ойымызды ортаға салғанымыз дұрыс секілді.

Газет – маңызды ақпарат көзі

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Қазақ баспасөзі – өтпелі кезең дәуі­рін басынан кешіп жатыр. Газет шыға­ру, оқырманның көңілінен шыға­тын оқы­лымды материалдар дайындау, оны та­­рату секілді кедергісі көп сансыз проб­­лема бүгін ғана пайда болып отыр­ған жоқ.

Біздің қоғамда ақпарат құралда­рына бизнес, яғни табыс көзі ретінде қарайтын көзқарас бар. Қазақ басы­лым­дарының ғұмырын ұзақ етеміз десек, біріншіден, осы көзқарасты өзгертіп, газеттерді ақпараттың емес, идеологияның құралы ретінде танитын сана қалыптасуы керек.

Жалпы, газет шығару ісі материал­дық тұрғыдан ешқандай табыс әкел­мейді. Неге? Себебі қағазды шетелден сатып алатындықтан, баспалық шығын тым қымбат. Бұл – бір. Екіншіден, газет сатып, баю үшін бір газеттің құнын кемі 300–400 теңгеге сатылымға шығаруыңыз керек. Зерттеушілер қарапайым халық 300–400 теңгелік газетті айлық табысы 3–4 мың доллар болғанда ғана сатып алатынын айтады. Демек халықтың газет сатып алуға қаржылық мүмкіндігі жоқ деген сөз. Сондықтан да медиа саласының менеджерлері оқырманның қалтасымен де санасатынын ұмытпауымыз керек. Үшіншіден, мемлекеттің баспасөзді қар­жылай қолдауы журналистердің айлық мәселесін шешіп берсе де, аз олжа емес.

Қазір нарық заманы болған соң, жұрт­шылық кез келген салаға бизнес­тің көзімен қарайды. «Мұндай болса, мерзімді баспасөз неге керек?» деген сұрақ та тууы мүмкін. Ондай сұрақ қоятын­дар ғасырдан аса уақыт тарихы бар бүгінгі қазақ баспасөзінің өткеніне көз жібергені дұрыс.

Ахмет Байтұрсынұлы мен Мір­жақып Дулатұлы шығарған «Қазақ» газетін Маман Тұрысбек секілді Алаш­тың меценаттары қолдап, қаржы­лай көмек беріп тұрды. Соның арқасын­да «Қазақ» газеті ұлтымыздың ғасыр­лар­ға бағыт сілтер идеологиясын қалып­тастырып берді. Алаштықтардан кейін кеңес одағы да басылымдарды идеологияның құралы деп таныды. Социалистік жүйе­де қа­зақ баспасөзі идеология қалып­тас­тыру жұмысында алғы шепте болды.

Ал қазір ше? Мемлекеттің ақпарат­тық саясатын жүргізіп отырған мер­зімді басылымдардың жағдайы мәз емес. Журналистика саласы маманда­рының жалақысы өте төмен. 200 мың теңгелік жалақыға қатардағы студент­тер тілшілік қызметке келгісі келмей­ді. Олар қарапайым дәмханада даяшы болып жүріп, одан көп ақша таба алады. Демек студенттердің өзі мұр­нын шүйіретін жалақыға білікті журна­листерді ұстап тұру мүмкін емес. Яғни мерзімді басылымдарға бизнес ретінде қараудың салдары кадр тапшылығын туғызып жатыр.

Қысқарта айтқанда, кейінгі 30 жыл­дықта газет-журналдарға жеткілікті көңіл бөлінбеуі әлеуметтік желілердегі бел­сен­ділікті күшейтіп жіберді. Журна­лис­тиканың мықты мамандары блогерге, әлеуметтік белсенділерге айналды. Ал әлемде сол әлеуметтік желі арқылы идео­логиялық жұмыстарды жүргізудің тәжі­рибесі жоқ. Себебі ұжымдық сана, ұжым­дық ойлау, ұжым­дық ше­шім бол­маса, «аққу, шортан һәм шаян­ның» ке­бін киетініміз, «ары тарт, бері тарт­пен» жүреріміз анық. Ортақ ой бол­маған жерде бұқараны бір идея­ға ұйыту мүмкін емес. Сондықтан Мем­лекет басшысы айт­қандай, мерзімді бас­па­сөз мемлекеттік саясаттан хабар бере­тін маңызды ақпарат көзі болуға тиіс.

Сондықтан да ең әуелі дәстүрлі басы­­лымдарға деген таным түзелуі қа­жет. Мемлекетке экономикадан бұрын елдік мұрат, идеология қажет екенін терең түсініп, мерзімді басылымдарды қолдаудың ауқымын кеңейткені жөн.

 

Абай БАЛАЖАН,

«Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы 

Соңғы жаңалықтар

Олжас!.. (Эссе)

Тұлға • Кеше

Ерім дейтін ел қайда?

Өшпес даңқ • Кеше

Күтумен өткен ғұмыр

Өшпес даңқ • Кеше

Смағұл сапасы

Тұлға • Кеше

Мұстахара

Жәдігер • Кеше

Керек дерек

Digital • Кеше

«Түркістан сақшылары» – ЖИ жемісі

Жасанды интеллект • Кеше