Саясат • 01 Ақпан, 2025

Интеграцияның жаңа мүмкіндіктері

91 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Алматыда өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысында ЕАЭО-ға қатысушы елдер үкімет­тері­нің басшыларымен Одақ шең­беріндегі өзара іс-қимыл­дың негізгі аспектілері мен ын­ты­мақтастықтың келешегін тал­қылады. Онда кедергісіз сау­даны дамыту, іскерлік ахуалды қа­лып­тастыру, туристік әле­ует­ті ашу мәселелері қаралды.

Интеграцияның жаңа мүмкіндіктері

Отырысқа Еуразиялық эконо­ми­калық одаққа мүше мемлекеттер делегацияларының басшылары: Беларусь Республикасының премьер-министрі Роман Голов­ченко, Қырғыз Республикасы министрлер кабинеті­нің төрағасы – Президент әкімшілігі­нің басшысы Адылбек Қасымалиев, Ресей Федерациясы үкіметінің төр­аға­сы Михаил Мишустин, Армения Республикасының вице-премьері Мгер Григорян; ЕАЭО бақылаушы елдері делегацияларының басшылары: Иран Ислам Республикасының бірінші вице-президенті Ареф Мохаммад-Реза; Өзбекстан Республикасының премьер-министрі Абдулла Арипов, Әзер­байжан премьер-министрі Әли Идаят оғлы Асадов, ЕЭК алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев қатысты.

Олжас Бектенов өз сөзінде Одақ елдері арасындағы сауданы дамыту мен экономикалық интеграцияның маңыз­дылығына ерекше назар аударды.

«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақ эко­но­микалық интеграция және өзара сау­да-саттықты дамыту үдерісі табыс­ты жүзеге асырып жатқан аса ма­ңыз­ды алаңдардың бірі ретінде өзі­нің тиім­ділігін дәлелдегенін атап көр­сет­ті. Сонымен қатар ұлт­тық дең­гей­­де, сондай-ақ ЕАЭО шеңберін­де сырт­қы жағдайларға тиімді бейі­м­делу мүм­кіндігі біздің экономи­ка­лары­мыздың бәсекеге қабілеттілігін қам­тамасыз етудің негізгі факторына ай­налады», деп атап өтті О.Бектенов.

Осы орайда Қазақстан тарапы Одақ шеңберінде бірлескен жұмыстың бірқатар басым бағытын атап өтті. Бү­гін­гі таңда ЕАЭО құқықтық жүйе­сі эко­­номикалық бірлестікке мүше ел­дер­ге бел­гілі бір өнімдерді әкелуге уа­қыт­ша вете­ринарлық және фитоса­ни­та­­р­лық шараларды енгізуге мүмкін­дік бе­реді. Мұндай шараларды қол­дану шек­теу белгілеген мем­лекет аумағы арқы­лы транзитке тосқауыл қояды, сол ар­қылы межелі елге кі­руге тыйым са­лы­нады. Сауда қатынас­тарын­да кедер­гі­сіз орта құрудың маңызды екені баса айтылды.

Қазақстан Премьер-министрі орнықты экономикалық өсуді қамтама­сыз ету үшін қолайлы бизнес-орта қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Бүгінгі таңда Одақ аумағында реттеуші және нақты әсерлерді бағалау тетігі жұмыс істейді. Кәсіпкерлік қыз­метті жүргізу жағдайын жақсар­ту үшін Бірлестік шеңберінде халықаралық шарттарға нақты әсерді бағалау тетігін қолдануды кеңейту ұсынылды.

Сондай-ақ туристік саладағы ынты­мақтастықтың келешегіне назар аударылды. Танымал бағыттар мен көрікті жерлер туралы бірыңғай ақпараттық ресурс құру бойынша жұмысты күшейту жөнінде ұсыныс енгізілді.

Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар ЕАЭО-ның эконо­микалық әлеуетін нығайтуға, іскерлік ахуалды жақсартуға және бірлескен жобаларды іске асыруға бағытталған бірқатар құжаттарға қол қойды.