Басылым • 01 Ақпан, 2025

Баспасөздің мұраты айқын

74 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Осыдан екі жыл бұрын 2 ақпан елімізде Ұлттық баспасөз күні болып бекітілген еді. Барша газет-журналдың кәсіби мерекесі ретінде бұл күн кездейсоқ таңдалған жоқ.

Баспасөздің мұраты айқын

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Қазақ баспасөзінің тарихына көз жүгіртсек, 1913 жылдың 2 ақпанында Ахмет, Әлихан, Міржақып бастаған ұлт зиялыларының ұйытқы болуымен, Алаш ұранды дәулетті азаматтардың демеушілігімен қазақтың тұң­ғыш ұлттық қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени басылымы «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрген. Сол күннен бастап халықтың көзі, құлағы һәм тілі болып қалыптасқан ұлттық баспасөз саласы одан кейін де бірқатар газет-журналдармен толығып отырды. Саяси қысымға ұшыраған олардың ғұмыры қысқа болса да, кейінгі буынға айтарлықтай рухани мұра қалдырды.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде елімізде 4 802 БАҚ тіркелген екен (4 499 – отандық, 303 – шетел­дік). Солардың ішіндегі 2 981-і, яғни жар­­ты­сынан астамы – мерзімді басылым. Оның ішіндегі 1 922-сі – газет, 1 059-ы – журнал.

Әрине, кейінгі жылдары ақпарат айдынындағы өнімдердің технологиялық, тақырыптық түрленуіне байланысты бұқаралық ақпарат құралдарының цифрлық даму дәуірі қарқын алды. Бұл – әлемдік үрдіс, заманауи үдеріс. Газет-журналдардың басымдығының бұрынғыдай емес екені рас. Дегенмен газет-журналдың өз миссиясы бар. Ақпараттық цифрлық жүйенің алға озғаны ақиқат десек те, баспасөздің адамзатқа әлі талай қызмет етері де хақ.