
Аталған институт негізінен түрік тілін үйрету мен мәдени байланысты нығайтуды мақсат етеді. Он төрт жыл ішінде көптеген маңызды жобаны жүзеге асырды. Атап айтсақ, түрік тілі курстарын тұрақты өткізіп келеді, қазірге дейін 20 000-ға жуық азамат бағдарламаларға қатысқан. Сондай-ақ тарихи, әдеби және мәдени іс-шаралар ұйымдастырып, екі ел арасындағы достықты одан әрі бекітуге үлес қосып келеді.
«Түрік тіліне деген қызығушылық жылдан жылға артып келеді. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, Қазақстандағы жастар Түркияда білім алуға ынталы. Екіншіден, түрік мәдениеті, әсіресе сериалдар мен музыка арқылы танымал болып келеді. Сонымен қатар аралас некеде тұрған азаматтар да түрік тілін үйренуге көп көңіл бөліп жатыр. Еске салсақ, онлайн форматта 2021, 2022 және 2024 жылдары аралығында ақысыз түрік тілі курстары ашылды. Бұл сабақтарға Қазақстанның барлық аймағынан талапкерлер қатысты», дейді Юнус Эмре институты директоры Алмагүл Исина.
Сондай-ақ оның айтуынша, бұдан бөлек жыл сайын археология, аспаздық, түрік әдебиеті және түрік кинематографиясы сынды салаларда толық грантпен қамтамасыз ететін жазғы курстар ұйымдастырылады. Былтыр Қазақстаннан үш оқушы осы гранттарды ұтып алып, 15 күндік ақысыз тренингтерге қатысып қайтты. Бұдан бөлек онлайн форматта білікті оқытушылар сабақ беретін 36 сағаттық ақысыз «Түрікше сөйлесу курстары» өткізілген. Ал жалпы курстар ақылы түрде өтеді. Ақысы басқа тілдік курстармен салыстырғанда қолжетімді деп айтуға болады.
«Институт жұмыстары тек тіл курстарымен шектеліп қоймайды. 2016 жылы ЮНЕСКО жариялаған Ясауи жылы аясында Астана мен Түркістанда түрік пианисі Тулуйхан Угурлуның «Ясауи жолы» концерті өтті. 2017 жылы EXPO халықаралық көрмесінде түрік өнерпаздары қазақ әндерін орындап, тыңдарманды тәнті етті. 2019 жылы Жастар жылына орай отандық жас суретші Назерке Кемелбаеваның көрмесі ұйымдастырылды», дейді А.Исина.
Мәдени орталық еліміздегі тарихи-мәдени іс-шараларға белсенді қатысып келеді. Түркі халықтарының ортақ мұрасына ерекше мән береді. Мысалы, Түркияның Садақшылар қорымен бірлесіп дәстүрлі садақ ату курсын ашқан, отандық үш жаттықтырушы Түркияда арнайы дайындықтан өтіп, еліміздегі алғашқы Дәстүрлі садақ ату федерациясын құрды. Бұл спорт түрі бүгінде қарқынды дамып келеді.
«Былтыр институттың ұйымдастыруымен Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Қазақ даласындағы Оғыз тарихи мұрасы» атты фотокөрме өтіп, ғалымдар тарихи мұраларды сақтау мәселелерін талқылады. Сондай-ақ қазақ әдебиетінің танымал тұлғалары да назардан тыс қалмады. Институт бастамасымен қазақ жазушысы Шәрбану Бейсенованың «Сүзгенің соңғы күндері» және «Бір махаббат баяны» шығармалары түрік тіліне аударылып, екі елдің әдебиетшілері пікір алмасты», деді ол.
Алмагүл Исинаның айтуынша, биыл да бірнеше ірі жоба жоспарланып отыр. Оның ішінде түрік фильмдері фестивалі, тарихи және әдеби кездесулер, сондай-ақ тақырыптық көрмелер бар. Сонымен қатар қазақ жазушыларының бір шығармасын түрік тіліне аударып, басып шығаруды қолға алмақ. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеттерімен ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, студенттерге арналған бағдарламаларды іске асыру жұмыстары да жалғасады.
Айта кетейік, аталған институт екі ел арасында мәдени көпір болып қана қоймай, рухани байланыстарды тереңдетуге бағытталған көптеген жобаның бастамашысы болып жүр. Түркі әлемінің мәдени мұрасын сақтау мен дәріптеуде осындай орталықтардың маңызы зор екені сөзсіз.
Юнус ӨЗКАН,
Қ.А.Ясауи университетінің 3-курс студенті