02 Желтоқсан, 2015

Берекелі Быков

525 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
12Шығыс өңірінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы аясында көптеген қайырымдылық жобалары жүзеге асырылып жатыр. Айталық, «ҚХА – 20 ізгі іс» жобасы шеңберінде Владимир Кошелев Глубокое ауданының Белоусовка кентіндегі Жастар көшесі бойында орналасқан №8 көппәтерлі тұрғын үйге жылу құбырын тартып берді. Сондай-ақ, ол Белоусовка кентіндегі мектепке қаржылық қолдау көрсетіп, аудандағы ардагерлерге, қоғамдық ұйымдарға материалдық көмек үшін 8 миллион теңгеден астам қаржысын жұмсаса, Семей қаласындағы «Бәй­­шешек» балабақшасы жағ­дайы төмен отбасылардың балаларына 21 миллион теңге бөлді. Семейлік «Возрождение» ұйымы мүмкіндігі шектеулі балалар мен жалғызбасты, кембағал жандарға 3 миллион теңгеден астам қаражат жұмсады. Осы сияқты жұмыстар об­лыс­­­тың басқа да қалалары мен аудандарында атқарылуда. Әсіресе, «Қазмырыш» ЖШС бас­қарушы директоры Андрей Ла­зарев, Ұлттық ядролық орталық қыз­меткері Сергей Кузнецов, «Шы­ғысқұрылыс» ЖШС директоры Нұрлан Тұраров және басқа да кәсіп­орындар өкілдері мен жеке кәсіпкерлердің игі істерін тізбелеп айта беруге болады. Сондай ізгі жандардың бірі Сер­гей Быковты өңір тұрғындары жақсы біледі. Бородулиха ауда­нының Красный Яр ауылында тұратын Сергей Николаевич туған ауылының атымен аталатын шаруа қожалығының жетекшісі. 1998 жылы тіркеуден өткен ша­руа­шылық бүгінде аудандағы бірегей әлеуетті жұмыс беруші кәсіпорынға айналып қана қоймай, әлеуметтік мәселелерге де ден қоюымен ерекшеленеді. Мал және егін шаруашылығымен шұғыл­данатын «Красный Яр» қожалығы 8 мың гектарға жуық жер телімін мақсатты түрде пайдаланып отыр. Жыл сайын іргеленген шаруа қожалығы бүгінде 40 трактор, 20-ға жуық комбайн мен 10 жүк көлігінен тұратын материалдық-техникалық базасын жасақтады. Қожалықта бидай, сұлы, ар­па, күнбағыс өсіріліп, 300-ден ас­там ірі қара, 200-ден астам жыл­­­қы бағылады. Барлық істе ауыл­дастарының қолдауы мен сүйіс­пеншілігіне ие болған шаруа қо­жалығының жетекшісі Сергей Быков аудандық мәслихаттың үш шақырылымына депутат болып сайланды. Білікті маман мәслихаттың агроөнеркәсіптік кешен, экология және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы екенін де айта кетейік. Ең бастысы, «Красный Яр» шаруа қожалығының шапағаты тимеген ауыл тұрғындары некен-саяқ. Қан­шама жұмыс көзін тауып берген қожалықтың қайырымдылық шараларымен аты шыққан деу­ге болады. Мәселен, Красный Яр ауылында Сергей Быковтың демеушілігімен бүлдіршіндерге арналған шағын орталық бой көтерді. Бос тұрған ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізудің нәти­жесінде аталған нысан мектепке дейінгі мекемеге айналды. Осы арқылы ауыл балаларының тегін балабақшамен қамтылуына кө­мек қолын созған кәсіпкердің ізгі әрекетіне сүйсінбеске әддіңіз қалмайды! Бұл жобаға кәсіпкер 9 миллион теңге қаражатын жұм­сады. Қазір шағын орталықта 25 бүлдіршін тәрбиеленуде. Ол, сондай-ақ, жаңа туған сәби­лер мен әлеуметтік жағынан аз қам­тылған отбасыларына үне­мі көмек көрсетіп жүреді. Жас отбасылардың үйлену тойы шығы­нының тең жартысын көтерісіп, дүниеге келген әр сәбиге 150 мың теңге көлемінде сыйақы беруді дәстүрге айналдырған. Осыдан екі жыл бұрын кәмелеттік жасқа толмаған екі бала тәрбиелеп отыр­ған жас отбасына баспана сыйлады. Үш ауылдық округке қызмет көрсететін «Жедел жәрдем» көлігін тарту еткені үшін ауылдастары дән риза. Одан бөлек, ауылдық клуб­ты іске қосып, аудандық зират-қо­­рымды қоршап берді. Арда­герлерге арналған ескерткіш орнатты. Балалар күні мен қарттар айлығында, Тәуелсіздік мерекесі мен ауыл шаруашылығы еңбек­керлері күні аясында ауылдастарына тұрақты сый-сыяпат жасап тұрады. Жалпы, ол осыған дейін 40 миллион теңгенің көмегін беріпті. Атымтай азаматтың еңбегі еш емес. Сергей Быков «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Бородулиха ауданының құрметті азаматы атанды. Екі мәрте Елбасы­ның Алғыс хатымен, Ауыл шаруа­шы­лығы министрі мен облыс әкімінің құр­мет грамота­ларымен, басқа да биік дәрежелермен ма­рапатталып, Шығыс Қазақстан облысының үздік фермері атанды. Осының барлығында өлшеусіз еңбек, аза­маттың ақжарқын бол­мысы мен адамгершілігі, ауыл­дастарының ақ тілегі мен ризашылығы жатыр. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы, Бородулиха ауданы.