22 Маусым, 2010

ӨЗІМІЗДІҢ ӨЗБЕКТЕР

2255 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Біз – қазақстандықтармыз! Оңтүстік Қазақстан облысының аума­ғында 2010 жылдың есебімен алғанда 425110 өзбек тұрады. Басқа этнос өкілдерімен салыстырғанда, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өзбектер екінші орында тұр. Отырар ауданының әкімі Бейбіт Сызды­қов осы қызметке дейін Түркістан қала­­сын­да әкім болған еді. Отырарда өткізген бір жиынына қатыстық. “Түркістандағы өзіміздің өзбек ағайындарымыздың кедейі жоқ, – деді Бейбіт Шалдарұлы. – Өте ең­бек­қор халық. Тіпті өз үйіне жаққан оты­ны­ның жылуын есік алдындағы шағын жы­лыжайы арқылы жіберіп, пайдаға шығады. Қияр егеді, қызанақ егеді. Өздеріңіз бай­қадыңыздар ғой, Түркіс­танда көкөніс, азық-түлік арзан. Сонау Ақтөбеден мына Жез­қазғанға дейін жүк мәшинелерін тіреп қойып, алғашқы қар түскенге дейін қауын-қарбыз тасиды. Түркістанға бау-бақша өнімдері басқа жақтан әкелініп жатқан жоқ. Сондағы ағайындардың табан ақы, маңдай терінің өтеуі. Отырар Түркістанмен көрші. Бір белдеуде жатыр. Жер ортақ. Күн ортақ. Жел, су ортақ. Ондағы молшылық неге сіздерде болмасқа? Біз өзбек ағайындарымыздан үйренуіміз керек”. Әкім мәжілісте әңгімені осылайша қабырғасынан қойды. Ешкім дау айтқан жоқ. Айтса, қазақ та бай болсын деген ниет. Түркістанды білеміз ғой. Өзбек ағайын­дарымыздың қара шаруаға мықты екендігі белгілі. Есігінің алдындағы алақандай жерінен бір маусымда екі-үш қайтара өнім алып, дастарқаны жайнап отырады. Бар болса тасынбайды, жоқ болса аяққа бас ұрып жалынбайды. Маңдай терінен көреді. Оңтүс­тіктің адамдарының жүрегі өзінің табиға­тындай жұмсақ. Мынау өзге ұлт өкілі деп сыртқа тебе бермейді. Қазақстаннан қоныс тапқандар жүрек жылуын білдірсе, қазақтар екі есе ыстық ықыласпен жауап береді. Оны өзге ұлт өкілдері түсінеді. Кешегі империяның ықпалымен әлі де шовинистік пиғылда, уақытша қонақта жүргендей сезінетін бірен-сарандар болмаса, осындағы өзбек, түрік, парсы, корей ағай­ындардың алды мақал-мәтелдетіп сөй­легенде қазақтардың өзін жаңылдырып жібереді. Кеңқолтық қазақтың мейірінің тасуына, қолындағы нанының жартысын бөліп беруіне осының өзі жетіп жатыр. Облыстық өзбек орталығының төрағасы Икрам Хакимжановпен жиі ұшырасып тұрамыз. Ішінде қыртысы жоқ жарқылдаған азамат. “Тату елге тыныштық пен татулық нәсіп”, деп Күлтегін бабамыз айтқандай, біздің бе­рекеміз – бірлікте. Қазақ, өзбек деп бөлетін ештеңе жоқ, бұлай ету – арамызды айыр­ғысы келетіндердің, екі туысқан ха­лықтың жарасымды татулығын, ел ішіндегі тыныш­тықты қаламай­тын­дар­дың әрекеті. Қазақ Ораз Жандосов Таш­кентте билік жүргізіп, Мұстафа Шоқай Қоқан респуб­ликасын құр­ғанда, сонда тұратын ағайындар бұлар сырт­тан келді деген жоқ, түркі халық­та­ры­ның басын бір мақсатқа жұмыл­ды­ратын, бодан­дықтың бұ­ғауынан құтқаратын адал пер­зенттеріміз деп білді. Біз сол ағалар үлгі­сінен өнеге алуымыз керек. Қазақтар өзбек­терді қатты бағалайды, ал біздерге қазақ­тардың досқа пейілі, меймандостығы, ешкім­ді жат көр­мейтін кең жүрегі ұнайды”, дейді Икрам. Халықтар достығына өлшеусіз еңбек сіңіріп жатқан облыстық өзбек мәдени орталығы 1992 жылы құрылған. Оңтүстік Қазақстан облысының аума­ғында 2010 жылдың есебімен алғанда 425110 өзбек тұрады. Басқа этнос өкілдерімен салыстырғанда, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өзбектер екінші орында тұр. Облыс қалалары мен аудандарында орталықтың 11 филиалы жұмыс істейді. Облыстық өзбек мәдени орталығы аталған орталықтардың қызметін үйлестіреді, оларға әдістемелік және практикалық көмек көр­сетеді. Облыс көлемінде жыл сайын “Тіл, дәстүр және мәдениет күндері” мерекесін, “Офарин”, “Лапар” конкурстарын, “Аския” күлкі фестивалін өткізу дәстүрге ұласты. Облыс тұрғындары “Үміт”, “Нұр”, “Парваз”, “Гунча”, “Сайрам”, “Нулифар”, “Кунгил”, “Юлдузча”, “Садаф” сынды ансамбльдерді жақсы біледі. Облыстық өзбек театры жұмыс істейді. Орталықтың жастар қанаты белсенді жұмыстарымен белгілі. Мәдени орталықтың негізгі міндеттерінің бірі дарынды жастарға қолдау көрсетіп, оларды мәдени іс-шара­ларға, ұлттық мерекелерге, халықтық өнерге тарту болып табылады. Облыста таза өзбек тілінде оқытатын 64, аралас 75 мектеп жұмыс жасайды. Биылғы 2009-2010 оқу жылында 5 536 бітірушінің 345-сі ҰБТ-ға қатысты. 89 оқушы “Алтын белгіден” үміткер. Облыс орталығында өзбек тілінде 10 басылым шығады. Бұдан басқа облыстық “Қазақстан-Шымкент”, “Отырар”, аудандық “Сайрам ақшамы” телеарналарында өзбек тілінде хабар-жаңалықтар беріледі. Облысқа белгілі азамат, Қазақстан Жо­ғарғы Кеңесі мен съездеріне делегат болған Исақов Махаматрасул ақсақал өзбек мәдени орталығының қалыптасуына, екі халықтың арасында дәнекер болуға барынша атсалыс­қан еді. Сол дәстүр, сол достыққа сына қағылған кезі жоқ. Бүгінде өзбек мәдени орталығы мемлекеттік шаралардың басы-қасында жүреді. Сайрам ауданынан өзбек облыстық драма театры ашылғанда Қазақстан Президенті арнайы келіп, тұсаукесер тойында болған еді. Екі халықтың түбі бір түркі баласы екендігін аңғартып, өзбек жұртына ақ тілеу айтқан. Қазақстан Президентінің осы мәдени шараға арнайы келуі өзбек этнос өкілдерінің көңілін мейлінше көтерді. Қазақпен бірге осы ұлы далада бірге жасап келе жатқан­дығын айтып, мемлекеттік тұтастықты сақтауда қоян-қолтық жұмыс жасап келеді. Өзбек мәдени орталығы төрағасының орынбасары Ишпулат Қырғызбаев білім саласын көтеруде үлкен жұмыстарға бас­тамашы бола білді. Өзбекстан Республи­касындағы жоғары оқу орындарынан Қазақстандағы өзбек түлектері үшін бірталай квота бөлгізді. Өзбекстандағы қазақ жаста-рының Қазақстанда білім алуына септесті. Ишпулаттың ісін Абдухамков Абдували мен Бегмат Тұрдықұлов жалғастырып келеді. Өзбек мәдени ұлттық орталығы мен облыс­тық білім басқармасының ұйытқы болуымен өзбек тілі мен әдебиетінен облыстық ау­қымда өткен олимпиада қазір республикалық мәртебе алған. Орталық мемлекеттік тілді өзбек жаста­рының терең білуіне ұйытқы болып келеді. Мемлекеттік тілде ғылыми-практика­лық конференциялар мен конкурстар жиі өтеді. Бұған Парламент депутаттары Саты­балды Ибрагимов пен Розақұл Халмұрадов және облыс, аудан мәслихаттарының депу­таттары қатысқанын сан рет көрдік. Қазақстан бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына еркін кіруі үшін сапалы қадрларды мектеп партасынан бастап дайындау керек. Сайрам ауданындағы Ю.Сареми атындағы мектеп-гимназия өмірінен осыны айқын байқауға болады. Мұнда 5-6 жылдан бері мемлекеттік тілден бөлек, өзбек, орыс және шет тілдердің бірінен сабақ беріледі. Нәтиже жаман емес. 2007 жылы осы мектептің түлек­тері 40 грантқа ие болса, бір жылдан соң мектеп-гимназияны тәмамдаған 92 түлектің 72-сі Қазақстанның жоғары оқу орында-рының грантын жеңіп алды. Ал мәдени орта­лықтың тағы бір белді мүшесі Мамажанов Шүкірилло қажы діни бағытта шығатын “Сайрам сабоси” газетінің құрылтайшысы болып отыр. Қажының ұйымдастыруымен жастарды Отан сүюге, патриотизмге тәр­биелеу мақсатында дөңгелек үстелдер өткізіліп тұрады. Халық үшін пайдалы іске Исмаилова Тұр­сыной, Қырғызбаев Гайрот, Нарова Гүл­нар, Махамаджанова Рахбара, Мұхиддинов Хайтмұрад, Атажанов Акмал, Тешебаева Ха­мида, Алимжанова Феруза секілді көпті көр­ген жандар араласып, белсенді жұмыс жасай­ды. Олар халық арасында өзбек хал­қының салт-дәстүрлері, тілі мен мәдениеті жайында пікір алысып, жұрттың рухани жа­ғы­нан мешеу болмауына септесіп келеді. Тілі, ділі сақталмаған халық – келешегі жоқ халық. Туған жерге құрмет етуге болады, міндет етуге болмайды. Көптеген игі шаралардың ішінде өз ісімен үлгі болып жүрген жайсаң ағалар бар. Солардың бірі Қазақстан Ин­женерлер академиясының академигі, про­фессор, химия ғылымдарының докторы, Нью-Йорк академиясының академигі, республика Мемлекеттік сыйлығының лау­реаты, көптеген мемлекеттік наградалардың иесі Ирисмбетов Махмуджан мен техника ғылымдарының докторы, профессор Абду­валев Туленбай сияқты ағалар. Жастар артын­да өлмейтіндей із қалдырған осындай жандардың үлгісімен өсіп келеді. Халықтың тілі мен мәдениетінің дамуына үлес қосып келе жатқан жазушылар мен ақындардың үлкен бір шоғыры бар. Эрназар Розметов, Бахадир Сабитов, Хавазмат Кочка­ров, Закиржан Моминжанов, Абдрурахим Пратов, Ибрахим Хухкиев, Икрам Хашим­жанов, Мұраджан Абубакиров сияқты қалам­герлер Қазақстан Жазушылар және Журна­листер одағының мүшелері болғанды-ғын ардақ тұтады. Қаламымен ел арасын бөл­шек­теу үшін емес, іргесін бүтіндеуге, достықтың берік болуына қызмет етіп келе жатқан шы­ғармашылық иелері Өзбекстан Жазушылар және Журналистер одағымен тығыз-қарым қатынас жасап, ондағы ақын-жазушылардың Қазақстанда кездесулер ұйымдастыруына ұйытқы болып келеді. “Өзбек халқының салт-дәстүрлері, тілінің күні” мейрамы Сайрам ауданында аталып өткенде Өзбекстаннан “Нуронийлар Жам­гармайс” республикалық қорының төрағасы Нумон Касимов бастаған ақындары мен жазушылар, Ташкент облысының спорт және мәдениет басқармасының бастығы Махмуджан Абдуназаров сияқты қадірлі қонақтар арнайы келді. Өзбек мәдени орталығы Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығымен жанды байланыс жасап тұрады. Жызақ облысындағы Гагарин қаласында қазақ драма театры ашылғанда ағайынның қуанышын бірге бөлісті. Жызақ және Сайрам драма театрлары бір-бірімен спектакльдер алмасып тұрады. Қазақстанда тағдыр талайымен орнық­қан, өзін осы жердің бір бөлшегіндей көретін өзбек ағайындар қиын-қыстау кездерде де шетте қалып кетпейді. Сонау бір жылы күрт еріген қардан Оңтүстіктің үш ауданындағы екі мыңға жуық отбасының үйлері қарғын суға жем болды. Елбасының тікелей тапсырмасымен Үкімет іске кіріскенде халық та шетін кө­теріп кетті. Сонда осы өзбек мәдени орта­лығының мұрындық болуымен “Офот айтиб келмайди” акциясы өтіп, Сарыағаш ауда­нында тасқын судан зардап шеккендерге 2 млн. 300 мың теңге көмек берген. – Біз өзімізді қазақ халқының бір бөлшегіндей сезінеміз, – дейді облыстық өзбек газетінің бас редакторы Мураджан Абубакиров. – Қазақстан қиын-қыстау кезде бас­тарына іс түскен жүздеген ұлтқа пана бол­­­ды. Әке-шешесіндей қамқорлық көрсетті. Ал біздің жөніміз бөлек. Енші алыспаған ағай­ындардай қазақтармен бірге өмір сүріп ке­леміз. Осыны Сайрамдағы өзбек драма теат­рының ашылу салтанатында Елбасы­мыз Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаев та ерекше айтқан болатын. Қазақтардың бізді өзімсініп, ішке тартатындығы жүрегімізді жылытады. Рас, қазақтың досқа құшағы өзінің салқар даласындай кең. Пейілі ыстық. Ағайынға төрін береді. Сандаған ғасырлар бойы бірге жасап, қуаныш пен қайғыны қатар көтеріп келе жатқан соң ба, мұндағы өзбектер өздерін осы елде уақытша жүргендей ешқашан сезінген емес. Өзбекстанға сапарлап барса ондағы ағайындары “қазақ сияқты ашықсыңдар, тілдерің де қазақ” деп күледі екен. Қазақ емеспіз деп бойды ала қашатын бұлар емес. Қазығұрт ауданының әкімі Тұманбай Әлиев уақытында кәсіпкерлікпен айналыс­қан. Істің ығытын біледі. Қазығұртқа дейін Сайрам ауданындағы Ақсукент қаласының әкімі болған. Қарабұлақ секілді ауылдарда жайылымдық жерлер жоқ болса да ондағы өзбек ағайындар дені 100-200 бас ірі қараны бордақылап, көл-көсір пайда тауып отыр. Тұманбай Әлиев Қазығұрттан бір топ кәсіпкерді апарып, жұмыстарымен таныс­тырған екен. Көздері оттай жанған кәсіп­керлердің алды осы жұмысты ұйымдастыруға бел шеше кірісіп кетті. “Біз – ағайынбыз”. Осыны өзбек те айтады, қазақ та айтады. Бауырластар бір-бірінің жақсы қасиеттерінен үйреніп, бір-біріне демеу болып келеді. Досқа құшағы ашық қазақтар “өзіміздің өзбектер ғой” деп өзімсінеді. Ал өзіміз деген... өзіміз ғой, тон­ның ішкі бауындай жақындықты білдіреді. “Қазақстан өз ішінде ұлтаралық татулық негізінде саяси тұрақтылықты берік орнықтырды. Сондықтан да Қазақстан дүние жүзінде ешкімге ұқсамайтын, тек қана өз еліміздің ішкі ерекшеліктерінен туындайтын, уақыт сынынан сүрінбей өткен саяси, әлеуметтік, экономикалық және ұлттық дамудың қазақстандық моделін қалыптас­тырды. Бұл барша қазақстандықтардың абырой-беделін бұрын-соңды жетпеген биікке көтеріп, бізді әлемдік дамудың алдыңғы қатарына шығарды. Дәл осы тарихи кезеңде қазақ халқы тағы да өзінің үздік қасиеттерін танытып, елімізді мекендеген көп ұлт пен ұлыстың басын қосып, тәуелсіз ел бола алатынын көрсетті. Көрсетіп қана қойған жоқ, дүние жүзіне үлгі бола білді. Бәріне де әділ бағасын беретін – уақыт. Өзі жүрген ортаның жарастығын ойлаған адам ғана жарасымды өмір сүре алады. Қазақстан­ның ішкі саясатында этносаралық келісім басты рөл атқарып, оның жүзеге асу тетіктері өмір талабына сай айқындалды. Қазір, міне, ел қауіпсіздігінің ішкі сипатында аталмыш салаға басымдық беріле отырып, оның саяси негіздемесі елдегі ұсақ этнос­тардың мүддесін қазақ ұлты мен Қазақстан мемлекетінің мүддесі есебінен қамту қолға алынды. Бұл сайып келгенде, өзін ақтай­тындай саяси тетік. Қазақстан халқы Ассам­блеясы атауынан “халықтары” сөзі ығысты. Өйткені Қазақстан унитарлы мемлекет және бұл елде бір ғана халық тұрады. Ұлттық идеяға әлемдік ақыл-ой мен оны қажет еткен ұлттың даналығы, бүгінгі есті ұлдарының көрегендігі мен біліктілігі, мемлекеттің саяси қуаты керек. Қуаттылығы жағынан әлемде төртінші орын алатын ядролық қару-жарақтан бас тартқан бірден-бір мемлекет Қазақстан шын мәнінде әлемге байыпты ой айтуға лайықты ел. Біз әлемдік саясатты бақылап қана отырмай, әлемдік аренада жұрт санаса­тындай тұғырға көтерілдік. Қазір халқының басым бөлігі мұсылман саналатын, тарихта тұңғыш рет азиялық мемлекет ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуде. Міне, біздер, қазақтың Тұңғыш Пре­зиденті Нұрсұлтан Назар­баевтың арқасында ғажап тарихи үрдістердің куәсі болудамыз. Ғасырлардың сын тезінен аттап өтіп, құтты да қайырлы күнге жеткенімізге тәубе айтасың”. Бұл облыстық өзбек мәдени орталы­ғының төрағасы Икрам Хашимжановтың жүрекжарды сөзі. Ағайынның, өзіміздің өзбектің сөзі. Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы.