22 Маусым, 2010

ҚАЗАҚСТАН МЕН ТҮРКИЯ БИЫЛ ЕУРАЗИЯДАҒЫ ЕҢ БЕЛСЕНДІ ЕЛДЕР БОЛЫП ТАБЫЛАДЫ

438 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Астанада ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекетік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) төрағасы, Түркия Сыртқы істер министрі Ахмет Дәуітоғлымен кездесіп, келіссөз жүргізді. Еуразия континентіндегі қауіпсіздіктің сақталуын қада­ға­лайтын екі ұйымның басшылары әңгіме барысында осы мәселені талқылап, соның ішінде Қыр­ғыз­стандағы жағдай туралы пікір ал­масты. Ондағы жағдайдың тұрақ­сыз­дығына алаңдаушылық білдір­ген сұхбаттасушылар осы елдегі жағдайды тұрақтандыру, ондағы құқық тәртібін орнына келтіру, сондай-ақ әлеуметтік-экономи­калық өткір проблемаларды шешу үшін халықаралық қоғам­дастықтың күш-жігерін үйлестіру қажет екендігін атап өтті. 27 маусымға белгіленген референдум Қырғызстан қоғамындағы жағ­дай­ды оңтайландыруға көмек көр­сетеді деп үміт еткен екі төр­аға өздері басшылық жасайтын ұйымдардың әлеуетін осы шара­ның дұрыс өтуіне мүмкіндігінше молынан жұмылдыратынын мәлімдеді. Сонымен бірге, Қ.Саудабаев пен А.Дәуітоғлы үстіміздегі жыл­дың мамыр-маусым айларында Түркия Президенті Абдулла Гүлдің Қазақстанға, ал Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назар­баев­тың Түркияға жасаған сапарлары екіжақты ғана емес, көпжақты ын­тымақтастықты тереңдете тү­суге айтарлықтай серпін бергенін атап көрсетті. Соның ішінде Ыстамбұлда болған саммитте АӨСШК-ге төрағалық ету міндеті Қазақстаннан Түркияға көш­ке­ніне назар аударылды. А.Дәуіт­оғлы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған осынау ұйым Анкара төрағалық еткен уақытта одан әрі нығайып, ай­мақтық және ғаламдық қауіп­сіз­дікті сақтаудың тетігі ретінде алға қойған мақсатын одан әрі тиімді орындай береді деген сенім білдірілді. ЕҚЫҰ мен АӨСШК ара­сын­дағы өзара іс-қимылдардың перс­пективаларын талқылау бары­сын­да сұхбаттасушылар үстіміздегі жылдың маусым айында Ыс­там­бұлда Қазақстанның ұсынысымен өткізілген ЕҚЫҰ-АӨСШК фо­румының бірінші кездесуі тиімді шара болғанын атап көр­сетіп, оны Қазақстан Президенті­нің идеясына сәйкес континенталдық қауіпсіздіктің тұғырнамасына айналдырудың мүмкіндіктері туралы пікір алмасты. Сондай-ақ кездесу барысында 16-17 шілде күндері Алматы қала­сында болатын ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлері бейресми кеңесінің ықтимал күн тәртібіне қатысты да мәселелер талқыланып, оған байланысты екі жақтың ұстанымдары жақын екендігіне екпін түсірілді. Соның ішінде қазіргі заманғы қауіп-қатерлер, ауған проблематикасы, өзара сенімді арттыру, сонымен бірге, еуроатлантикалық және еур­азия­лық қауіпсіздік архитектурасы, ЕҚЫҰ-ның тиімділігін арттыру, ұзаққа созылған кикілжіңдерді бейбіт реттеу, т.б. мәселелер бой­ын­ша тараптардың ұстанымдары ұқсас екендігі атап айтылды. Түрік жағы үстіміздегі жыл­дың аяғында Қазақстанның бас­та­масымен ЕҚЫҰ саммитінің өт­кізілуін шынайы түрде қолдай­ты­нын білдіріп, оның күн тәрті­біндегі мәселелердің мазмұнды болуына үлес қосуға дайын еке­нін жария етті. Кездесуден кейін министрлер журналистердің алдына шығып, келіссөз қорытындысы бойынша брифинг берді. Біздің арамызда бірлескен іс-қимылдарға, соның ішінде Қырғызстанда тұрақты­лық­ты қалпына келтіру мәсе­лелері бойынша маңызды пікір алысулар болды, деді өзінің сөзінде Қ.Саудабаев. Сіздер Қа­зақстан Президенті Н.Назарбаев­тың дағдарыстың бірінші күнінен бастап көршілес, әрі туысқан елде тұрақтылық  орнатуға күш салғанын білесіздер. Бүгін біз де сол бағытта келіссөз жүргізіп, түркиялық әріптесіммен іс-қимылдарымызды бірлесе жұмсау қажеттігіне келістік. Түсіністік жағдайында өткен келіссөз үшін Дәуітоғлы мырзаға алғысымды білдіремін. Түрік Республикасының Сырт­қы істер министрі Ахмет Дәуітоғлы да өзін Астанада туған үйіне келгендей сезінетінін атап өтіп, әріптесімен дәстүрлі түрде ай сайын дерлік кездесіп тұраты­нын айтты. Қырғызстандағы жағдайды тұрақтандыру үшін біз қолдан келген барлық көмегімізді жасаймыз, 27 маусымда болатын референдумнан кейін біз Қазақ­станмен бірге бірлесе жасайтын көмектерімізді жоспарлауға кірі­семіз, деді түркиялық министр. Сондай-ақ ол Кабул конферен­ция­сы жөнінде де пікір алма­сыл­ғанын айта келіп, биылғы жыл Еуразия кеңістігінде Түркия мен Қазақстан жылы болып тұрғанын ерекше атады. Жақсыбай САМРАТ.