Каналдардың 76%-ы жөндеуді қажет етеді
Су мәселесіне қатысты Түркістан облысында атқарылар шаруа көп. Өңірде су ресурстарын тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығын қамтамасыз ету – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі.
Түркістан облысындағы Шардара су қоймасына келетін ағын су былтыр 43%-ға төмендеді. Облыста ағын су тапшылығынан зардап шеккен шаруалар көп. Егістіктерді ағын сумен қамтамасыз ететін жалпы ұзындығы 12 731 шақырым болатын 4 180 каналдың 76%-ы жөндеуді қажет етеді. Мысалы, Ордабасы ауданындағы «Құртай» каналы арық күйінде болғандықтан фильтрация арқылы суды көп жоғалтады. Арнаның тереңдеп кеңейгені салдарынан су жеткізу қиындық туғызып отыр. Канал жыл сайын қамыспен бітеліп, тұрақты механикалық тазалауды қажет етеді. Күрделі жөндеуге жобалау-сметалық құжаттары әзірленген. Тиісті жұмыс атқарылса, нәтижесінде 1000 гектардан аса жерге су жеткізу жақсарады.
Келес ауданында «Оймауыт» су торабының жағдайы өзекті. Бәйдібек ауданында «Комсомол» каналын толық қуатта пайдалану үшін 16,3 шақырымын жөндеу қажет. Ішкі лоток жүйелерінің тозығы жеткен. Шардара ауданы Жаушықұм массивінде 12 192 гектар егістікке су жеткізетін құбыр мен сорғы стансасының да жағдайы күн тәртібіндегі мәселе. Сарыағаш ауданында «Р-4-2», «Шаншар құлақ», «Құлтума», «Кескен», «Сарыүйсін», «57-тармақ», «Қаратас», «Рамадан», «Шошым», «Р-15» каналдары жөндеуді талап етеді.
Кентаудағы «Ырмақ-Өзен» су қоймасын екі жыл бұрын «Тұран су» мекемесі ағымдағы жөндеуден өткізген. Алайда мәселе түбегейлі шешілу үшін күрделі жөндеу қажет. Ырмақ өзенінен су қоймасына дейін құбыр тарту, «Таздар» арығын бетондау маңызды. Каналдардың тозығы жөніндегі мәселені шешу мақсатында облыс әкімі тарапынан кешенді жоспар қабылданған. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биыл Ислам даму банкінің қаржысы есебінен су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары басталады. Бірінші кезеңде «Қазсушар» арқылы 63,2 млрд теңгеге 11 жоба, «Тұран су» кәсіпорны арқылы 73,6 млрд теңгеге 14 жоба іске асырылады. Нәтижесінде, 296 шақырым канал бетонмен қапталып, 63 мың гектардан астам суармалы жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарады.
Бүгінде облыстағы суармалы жерлердің жалпы көлемі – 575 мың га. Бұл – еліміз көлеміндегі суармалы жерлердің шамамен төрттен бір бөлігі. Алқаптар негізінен төрт су шаруашылық бассейні арқылы ағын сумен қамтамасыз етіледі. Оның ішінде негізгі үлес Сырдария, Арыс, Келес өзендеріне тиесілі. Су ресурстарының басым бөлігі трансшекаралық өзендер есебінен қалыптасады. Атап айтқанда, облысқа тиесілі жылдық су пайдалану лимитінің 635%-ы көрші мемлекеттердің аумағынан келеді. Осы өзендер арқылы 314 мың гa суармалы жер ағын сумен қамтамасыз етіледі. Алайда жаһандық жылыну мен климаттың өзгеруі салдарынан трансшекаралық өзендерден келетін су көлемі жыл сайын азайып отыр. Сарапшылардың болжамы бойынша, алдағы вегетациялық кезеңде Оңтүстік Қазақстан өзен бассейндерінде су ағыны қысқарады. Сырдария өзенінің жоғарғы ағысында көрші мемлекеттер аумағында орналасқан су қоймаларының қазіргі толуы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,2 млрд текше метрге төмен. Оңтүстік өңірдегі су қоймаларының толуы өткен жылмен салыстырғанда 1,9 млрд текше метрге аз.
Былтыр облысқа 3,2 млрд текше метр ағын су лимиті бекітіліп, нақты 2,8 млрд текше метр су босатылды, бұл жоспардың 88%-ын құрады. Биылғы ағын су лимиті 2,6 млрд текше метр көлемінде бекітілген. Бұл нақты қажеттіліктен 200 млн текше метрге кем болып отыр. Облыста 42 су қоймаcы, 1 256 қашыртқы, 1 794 дана ұңғымалар бар. Бүгінге дейін су қоймаларында 4,0 млрд текше метр су жиналып, толу деңгейі 47% болып отыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы су ресурстары бөлімінің мәліметіне қарағанда, Шардара су қоймасына қазіргі уақытта 3,3 млрд текше метр су жинақталған. Су кірісі секундына 450 текше метр, шығысы 600 текше метрді құрайды. Оның ішінде, Сырдария өзеніне – 150 м³/сек, Көксарай су реттегішіне 450 м³/сек бағытталып отыр. Көксарай су реттегішіне – 567 млн, Бөген су қоймасына 169 млн текше метр су жиналған.
Жаңа технологиямен 622,8 млн текше метр су үнемделеді
Өткен жылдың соңында өңірге жұмыс сапарымен келген Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев алдағы вегетациялық кезеңге дайындық барысы, ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарын әртараптандыру мәселесі жөнінде мәжіліс өткізді. Келелі кеңесте агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында су үнемдейтін технологияларды, суару әдістерін, ирригациялық жүйелердің жағдайын мониторинг жүргізу тәсілдерін кеңінен енгізуді күшейту қажеттігі айтылды.
«Сонымен қатар су ресурстарын заңсыз пайдалану, соның ішінде «қара нарық» жағдайларын болдырмау үшін құқық қорғау органдарының белсенді қатысуымен қарсы шаралар қабылдануға тиіс. Егіс құрылымдарын әртараптандыруға, сондай-ақ құрғақшылыққа төзімді, аз су қажет ететін дақылдарды енгізуге ерекше назар аудару қажет», деді Қ.Бозымбаев.
Осы орайда өңірде аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп, ылғал сүйгіш дақылдардың егіс көлемін қысқарту, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуге қатысты нақты шаралар қабылданып жатыр. Биыл облыста ауыл шаруашылығы дақылдары өткен жылмен салыстырғанда 13 мың гектарға артып, жалпы 919 мың гектарға орналастырылады. Егіс құрылымын қалыптастыруда рентабельділігі жоғары, құрғақшылыққа төзімді дақылдарға басымдық беріліп отыр. Атап айтқанда, мақта – 18 мың гектарға, жүгері – 16 мың гектарға, мақсары 14 мың гектарға арттырылады. Бидай дақылының егіс көлемі 24 мың гектарға қысқартылады. Жалпы өнім көлемін екі есеге арттыру жөніндегі Жол картасына сәйкес, күріш дақылын 3,5 мың гектарға орналастыру жоспарланғанымен, су тапшылығына байланысты мамандандырылған Шардара ауданында 3,3 мың гектарға егу көзделіп отыр.
Сонымен қатар облыстық бюджет мүмкіндігі шегінде аудан, қалаларда бірінші кезекте қалпына келтіруге жататын су нысандарына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өткен жылы 5,4 млрд теңге қаржы қаралып, 59 шақырымды құрайтын 13 су нысанына күрделі жөндеу, 21,8 шақырым болатын қашыртқыларға механикалық тазалау жұмыстары басталды. Нәтижесінде, 7,7 мың га жердің ағын сумен қамтамасыз ету жағдайы жақсарды. Сондай ақ республикалық меншіктегі биыл пайдалануға берілетін, жалпы құны 122,8 млрд теңге болатын 4 жоба жүзеге асырылады. Бүгінде облыс көлемінде 114 мың га алқапта су үнемдеу технологиялары қолданылады. Нәтижесінде, 195 млн текше метр су үнемделген. Жыл сайын қосымша 50 мың гектарға жаңа технология енгізу арқылы 2030 жылға қарай 364 мың га жерден 622,8 млн текше метр су үнемдеу көзделіп отыр. Биыл Мақтаарал, Шардара, Жетісай аудандарында 24 мың га алқапқа су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланған. Қазірде 10,6 мың га жерге су үнемдеу технологиясын енгізуге қатысты тауар өндірушілерден ұсыныстар түскен. Су үнемдеу технологияларын қолжетімді ету, ішкі өндірісті дамыту мақсатында облыста қуаттылығы 163 мың гектарды қамтитын 4 кәсіпорын іске қосылды. Сонымен қатар биыл 30 мың гектарға арналған тағы 2 кәсіпорын пайдалануға беріледі.
Су тапшылығының алдын алу мақсатында жаңа су қоймаларын салу жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Бәйдібек ауданында «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысы 75%-ға аяқталып, нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Нәтижесінде, келер жылғы вегетациялық маусымда 9,7 мың га жаңа суармалы жер айналымға енгізіледі. Сонымен қатар Төлеби ауданындағы «Қарақуыс» су қоймасының құрылысы биыл аяқталып, 350 га жер сумен қамтамасыз етіледі. Алдағы жылдары Ордабасы, Сауран аудандарында «Боралдай», «Иқан су» су қоймаларын салу көзделген. Бұл жобалар толық іске асқан жағдайда Бөген су қоймасына қосымша 120 млн текше метр ағын су жеткізіліп, Түркістан қаласы аумағындағы су мәселесін шешуге мүмкіндік туады. Жалпы, жауапты сала басшыларының айтуынша, өңірде қабылданып жатқан кешенді шаралар су ресурстарын тиімді пайдалануға, ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге 6 өңірдің аграрлық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Түркістан облысы