Қазақстан • 30 Қыркүйек, 2024

ДСҰ Қазақстанның сауда саясатына жоғары баға берді

90 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) Женевадағы штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасының ДСҰ-ға кірген сәтінен бастап сауда саясатына алғашқы шолу өтті. Айтулы іс-шараға Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев бастап барған делегация қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

ДСҰ Қазақстанның сауда саясатына жоғары баға берді

Еліміздің сауда саясатына қатысты ДСҰ-ның 30-дан астам мүшесінің елшілері сөз сөйледі. Олардың барлығы да еліміздің көпжақты сауда жүйесін нығайтуға қосқан елеулі үлесіне тоқталып, экономиканы әртараптандыру және сауда-экономикалық реформаларды жүргізу, оның ішінде сауда рәсімдерін оңайлату, ашықтықты арттыру, сондай-ақ жалпы алғанда әлемдік сауданың тұрақтылығы мен болжамдылығын қолдау жөніндегі жұмысына баға берді. 

Аталған елдердің тұрақты өкілдері сауда рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған Қазақстанның реформаларын жоғары бағалап,  ДСҰ-ның сауда рәсімдерін оңайлату туралы келісімі бойынша өз міндеттемелерін 100% орындағанын айтты. Негізгі жетістіктердің ішінде БҰҰ-ның автоматтандырылған кедендік деректер жүйесі (ASYCUDA) базасында ЮНКТАД-пен серіктестікте әзірленген экспорттық-импорттық операциялар үшін «Бірыңғай терезе» жүйесін және «АСТАНА-1» платформасын енгізуді қоса алғанда, кедендік процестерді толық цифрландыру ерекше көзге түседі. Қазақстан сондай-ақ «КЕДЕН» жаңа ақпараттық платформасын әзірлей отырып, жаңғыртудың келесі кезеңіне өтуде.

Сонымен қатар Женевадағы өкілдіктердің басшылары Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенді жаңғыртуға, әсіресе Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған инвестициялық саясат тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде қолайлы инвестициялық ахуал жасауға бағытталған стратегиялық реформаларын атап өтті. 

ДСҰ-ның көптеген мүшелері екіжақты сауданы нығайтудың және экономиканың түрлі секторларындағы өзара іс-қимылды кеңейтудің маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанмен одан әрі стратегиялық ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді. Бұл мәлімдемелер әлемдік аренада сенімді сауда серіктесі ретінде Қазақстанға деген сенімнің жоғары екенін көрсетті.

Соңғы жаңалықтар

Он үшінші білім ошағы

Білім • Бүгін, 07:20