22 Маусым, 2010

БІР ҮМІТ, БІР КҮДІК

540 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Әлем чемпионына не болған? Жексенбі күнгі ойындар тағы да сенсациялық жағдайларға толы болды. Парагвайдың Словакияны, әлем чемпионы Италияның осы топтағы ең әлсіз құрама саналатын Жаңа Зеландияны жеңеті­ніне күмәнданатындар аз болған. Парагвай Словакия құрамасын 2:0 есебімен ұтты. Осылай болуы тиіс десті жанкүйерлер. Өйткені, словактар азусыз болды. Тіпті олар, ойынның тез аяқталуын күткендей де әсер қалдырды. Ал, Жаңа Зеландия... Иә, бұл команда айды аспанға шығарды! Әлемдік рейтингте Италия құрамасы бестіктің ішінде болса, Жаңа Зеландия 78-ші орында-тын. Мұндай жағдайда итальяндықтар қарсыластарының қақпасының аузын құрғатпаса керек еді. Бірақ, мақтаған құрамамыз алғашқы кезеңде белсенділікті қарсылас­тарына беріп қойып, соның ащы жемісін алдымен татты. Стандарттан Уинстон Рид қақпаға бағыттап шірене тепкен. Қырсық шалғанда доп әлемдегі ең үздік қорғаушылардың бірі Канновароның денесіне тиіп, қақпа алдында қанкөбелек ойнап қалды. Тегін олжаны Смелц қақ­паға сүңгітті де жіберді. Бұл ойын­ның бар болғаны 7-ші минутын­дағы оқиға еді. Дзамбротта аяғына іліккен доп­ты Жаңа Зеландия қақпасы­ның алдына тастауға тырысты. Шабуыл­шылардан қайран бол­маған­нан кейін өзі де белсеніп әрекет жасап көрмек еді. Жан бермек оңай емес. Итальяндықтар құрсаудай қысып бара жатқан соң қорғаушы Томми Смит Де Росси­дің жейдесіне жармасты. Мұндай жағдайда пенальти белгіленеді. Яквинта қапысыз соқты. Есеп ­–1:1. Соңғы 15 минутта Жаңа Зелан­дия қақпасының алдында дауыл тұрғанымен, итальяндықтар жеңіс­ті бөктеріп кете алмады. Олар қақ­паны 25 рет көздегенімен, голға лайық 7 допты Марк Пастон қайтарды. Бұған итальян­дық­тар­дың тағы да 15 рет бұрыштан доп тепкенін қосыңыз. Осындай нөпір шабуылға төтеп беріп, ұпай бөліскен Жаңа Зелан­дия футболшыларының ерлігін ба­ға­­лау керек. Италия алғашқы ойы­нында Парагваймен тең ойна­ды, бұл жолы да тең. Словактар­мен итжығыс түскен Жаңа Зелан­дия неге өз тобынан шығып қала­ды?! Рики Херберт бапкер үмітті. Ал, итальяндық­тардың бапкері Мар­челло Липпи­дің қабағынан қар ұшқындап, сіркесі су көтермей жүр. Әлем чемпионы жағдайын қиындатып алды. БРАЗИЛИЯЛЫҚТАР АЙДАРЫНАН ЖЕЛ ЕСЕДІ Какасы бар ел бақытты ғой. Қай клубта ойнаса да Каканың жанынан табылуға шабуылшы біткен құмар. Әсіресе, аргентина­лық Игуайн. Какаға доп тисе өкпе­сін қолына алып, қақпа алдына жетеді. Трансферде ойыншылары ба­ға­лы болғандықтан, Африкадағы ең қымбат команда атан­ған Кот-д’ Ивуар құрамасымен өт­кіз­ген ойын­да да қар­сылас қақпаның ал­дына қарбалас ту­дырған осы Кака. Алғашқы ша­буыл­да одан доп ал­ған Ро­биньо қақпа­ны көз­дей шірене тартқан. Доп маң­дай­шаны жалап өтті. Ойынның 25-ші минутында Луис Фа­­биано Кот-д‘Ивуар қақпасына гол соқ­ты. Қайран Кака жан-жағынан қау­сыр­малап қысқан қор­ғау­шылардың ара­сынан инедей саңлау тауып, ала допты алға атылған Фабиа­ноның алдына салды да берді. Гол! 1:0. Қара маржан Дидье Дрогбаның жүзі өкініштен күреңітіп кетті дейін десек, өтірік айтқан болар едік. Қарақошқыл өңінен сезім әсері әрине білінбейді. Бірақ, жүрегінің қан жылағаны анық. Бірінші тайм аяқталғанда жерден бір шөкім шөпті топырағымен жұлып алып, маңдайына басты. Тәу етті-ау. Көмектеспеді. Ырымын айта­мыз да. Бірінен бірі өткен брази­лиялықтар қарсыластар алаңынан шықпай-ақ қойды. Қақпа алдын­дағы қарбалас. Бір қорғаушыны алдап өтіп, екеуінің үстінен доп асырған Фабиано әуелеген допты кеудесімен қағып, аяғына туралап алды да қайқайта тартты. Бубакар Барри созыла қарғыды. Саусағы­ның ұштары тиіп, шоршыған доп қақпаның бұрышында ауға түскен алабұғадай бұлқынды. 2:0. Бір өкініштісі – Фатиано допты қолы­­мен ыңғайлап алған. Төре­шілер байқамады. Еуропаның ең үздік шабуыл­шысының бірі Дидье Дрогбаның да гол соғатын мүмкіндігі болды. Бірақ, баспен ұрған добы қақпадан сәл қиыс кетті. Айып алаңында жасындай жарқ еткен Каканың зеңбіректен атқан­дай ғып тепкен добын Барри қақ­шып алды. Сабазың мұнымен де тын­бады. Сол жақ қапталда қаума­ла­ған үш қорғаушыны тарыдай шашып, сол Кака қақпа алдынан көлденеңдетіп тағы бір пас жіберді. Оған алдымен Элану үлгерді. 3:0!!! Бірақ, әлемдегі үздік сұрмер­ген­нің бірі  Дрогбаның қайрат көрсетпей кетуі әділетсіздік болар еді. Жирвиньо Коло Туреге әдемі пас берді. Осы сәт­те Дрогба лып етіп, қақпаға қарай өтті де өзіне бағытталған допты баспен ұрып, қақпаға кір­гі­зіп жіберді. Бразилия­лық қақпа­шы орнынан қозғалып та үлгерген жоқ. Ойынның соңғы минуттары жүйкені жүндей түткен. Шабуыл­шыны шалып құлатқан Кака сары қағаз алды. Кот-д ивуарлық Тиоте ұрынар­ға қара таппай қойды. Сол айқасқа кірген жерден шу шығады әйтеуір. Бразилиялық ойыншыны шалып жығып, ойнақтап шыға келген Тиоте қанғалақтап Каканың жаны­на келіп қалды. Сабырынан аса төгіле қой­майтын сырбаз Кака бұрылып қара­маған күйі шын­тағын көтеріп қалды. Ыңқ ете қалған Тиоте ойбайлап құлады. Төреші әуелі сары, сосын қызыл қағазды көрсетті. Кака алаң­нан кетті. Кот-д ивуарлықтар кү­шейді. Допты толық бақылауларына алды. Гол соғуға ниеттенді. Бірақ, қоянның құйрығындай шолтаң ете қалған уақыт Дрогба­ның жігіттерінің ниетін құптама­­ды. Бразилиялықтардың бас бапкері Дунга өз жігіттерінің өз ше­берлігін қызықтап кетпей, ұжымдық ойын ойнағанына разы. Ал, Кот-д Ивуардың бапкері, швед Эрикссон әлі де өз тобынан шығу­дан үмітін үзген жоқ.. Бақтияр ТАЙЖАН.
Соңғы жаңалықтар

Көнеден жеткен теркеш

Жәдігер • Бүгін, 10:52

Тұлпарды тұсамас болар

Зерде • Бүгін, 10:45

Құнды сурет құпиясы

Таным • Бүгін, 10:37

Көл жағасы тазартылды

Талбесік • Бүгін, 10:22

Жетісуда суқоймасы салынады

Аймақтар • Бүгін, 10:15