22 Маусым, 2010

“КӨРМЕСЕМ ДЕ КӨҢІЛІМНЕН КЕТПЕЙДІ” – дейді жауынгер ұрпағы

665 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Баспасөз бетіне шыққан әртүр­лі мақалалар мен керекті газет қиын­дылары сұрыпталған көк пап­камды ақтарып отырғанда, көзі­ме оттай басылған ескі газет өт­кен күндерге сәл шегініс жасат­қан еді. Соғыста хабарсыз кеткен атасы жайлы армандай әңгімеле­ген жігіттің жан сыры болатын бұл. Арқалық педагогика инсти­туты­ның түлегі Батыржан Тоғай­баев: “Мен сізге атамның інісі Жәмәли Торғаев туралы айтсам ба деп едім. Алайда, үлкен кісілерден естіген естеліктер болмаса, ол кісіні өзім көрген жоқпын. Ал мына газеттегі жауынгердің суретін көрген туыс­тарымыз: “Дәл өзі” дейді”, деп, әбден сарғайып, ескіре бастаған газетті маған ұсынған болатын. Батыр­жан­ның қолындағы “Ленин­шіл жас” газе­тіндегі мақала 1971 жылы жа­рық көрген екен. Сол кезде жазу­шы Қалаубек Тұрсынқұловтың “Алыс­­­та қалған ағалар” атты мате­риалы және соған байланысты редак­ция­ға келіп түскен хаттар жария­лан­ған газеттің асқан ұқып­ты­лықпен, қадірлей сақталғандығы байқала­ды. Ондағы оқырман хат­тары­ның көпшілігіне арқау болған нәрсе “Кім болды екен осы аға?” атты тақы­рыппен шыққан қазақ сол­датының суреті. Қай хат авторы болмасын, бұл белгісіз жауынгерді өз туысына ұқ­сатады. Сурет – Чехо­словакияда шыққан “Мәңгі­лікке бірге” деген кітаптан алын­ған, авторы белгісіз. Хат жолдаушы Жәмәли Тор­ғаевтың қарындасы Исмаилова Жамал апай суреттегі жауынгердің өз ағасы екенін қолынан таны­ғанын айтады. Себебі, Жәмәлидің сол қолының шынашағы бала кезі­нен кеміс екен. Суретті анық­тап қараған адамға шынында да бұл кемістік айқын байқалады. Бірақ редакцияға салыстыру үшін жібере­тін жауынгер Жәмәлидің суреті ел­де қалмапты. Ал мұндай фото­лар­ды салыстырып көрмей, анық сол кісі деп кесіп айту қиынға соққан. Сұрапыл соғыс қаншама ошақ­ты ойрандап, қаншама ғұмырды үзді десеңізші. Бұл сойқанның лаңы Торғаевтар отбасын да шар­пып өтіпті. Осы әулеттен қан май­дан­ға аттанған Жәмәли мен оның кіші інісі Әбдуәли елге оралмаған. Жәмәли Торғаев жас шағынан-ақ еті тірілігімен көзге түсіп, ауылдас­тарына деген қам­қорлығымен қаді­рі артып, ауызға ілігіп жүрген айту­лы азамат болыпты. Әуелі молда­дан оқып хат танып, кейін Қоста­най облысы­ның Науырзым ауда­нын­дағы Шолақсай орта мек­тебін­де орыс­ша білім алады. Көзі ашық, көкі­­регі ояу жан колхоз­дастыру ке­зеңі­нен бастап, басқару жүйе­лерінде жұмыс істеп, соғыс­тың алдында колхоз басқар­масы­ның төрағасы болып қызмет жасап­­ты. Отан қорғауға өз еркімен сұранып ат­тан­ған кезде 35-40 жас­  ара­­лығында болса керек. Соңында қалған екі ұлына да тағдыр ұзақ өмір сүруді жазбай, жастай қайтыс болған. Әйе­лі Ботақан ерінің орнын жоқ­татпай ерте тұрып, кеш жатып колхоз ­жұмысында жүреді. Кейін бала­лары­ның, ерінің қайғы­сынан қан жұтқан ана ауыр күйзе­ліске шыда­май, соғыс аяқталған жылы дүние­ден өтіпті. Атасы жайлы естігендерін Батыр­жан бізге былайша әңгіме­леп беріп еді: ­– Жауынгерлерге лық толы эше­лонға отырған Жәмәли атам жі­­гер­лі де жарқын үнмен артында қалып бара жатқан туыс-туған­да­ры­на, жары Ботақанға: “Жауды жеңіп, әлі-ақ қайта ораламыз, тек біз­дің орнымызды жоқтатпай, шаруа­шы­лыққа бас-көз болып, ел береке­сін сақтаңдар. Жасымаң­дар!” – деген екен. Атамнан 1945 жылға дейін жиі хат келіп тұрып­ты. Ол кісі Чехословакияға дейін аман барған. Бірақ сол жылы: “Жәмәли Тор­ғаев ерлікпен қаза тапты”, де­ген қаралы хабар жетеді. Алайда, сөн­ген үмітке сәуле шашқандай, қара қағаздан соң көп ұзамай, атам­ның өлеңмен жазыл­ған хаты келіпті. Хат жазамын құрметілеп туған ел, Сайран салып, еркін өскен  қайран жер. Еске түсіп, күліп-ойнап  жүрген күн, Көңіл шіркін өз-өзінен болар сел. Ұлтым қазақ, облысым Қостанай, Амангелді, нөмір тоғыз ауылнай, Ата-бабам мекен еткен кең қоныс, Жүруші едік самалыңа  елтіп жай,– деп басталған ұзақ өлеңді ауылдас­тары сол кезде оған деген ыстық көңіл, сағынышпен өздерінше бір әуенге салып, жатқа айтып жүріп­ті. Қаралы хабар алып, қан жұтқан жүдеу көңіл, жаралы жүрек жандар жүзіне осы толғаумен жолданған хат күлкі үйіртіп, көңілдеріне үміт отын жағады. Бірақ осы өлең хат­тан соң тағы еш дерек болмай кетеді. Соңғы кездері мен бір мазасыз күй кешемін. Кейде Жәмәли атам басқа бір жақта тағдыр тәлкегімен туған жерге жете алмай, бөтен елде өзгеше өмір сүріп жатыр ма екен деп қиялға шомамын. Теле­ди­дардан Ұлы Отан соғысы тура­лы түсірілген де­рек­ті фильмдер көрсем, мүмкін атам­ның бейнесі осы шығар деген үмітпен әр жауын­герге тесіле қарай­мын. Көше­ден омырауы орден, ме­даль­ға толы қарт кісіні кездестір­сем: “Егер аман-есен елге оралса, менің атам да осылай жүрер еді-ау”, – деген арманға толы сезім бойым­ды билейді. Ең болмаса, шіркін, атам­ның қабірінің қайда екенін білсем, рухына бас иіп, өзі сағы­ныш­пен жазған, өлең-жырына ар­қау еткен – туған жері Науырзым­ның бір уыс топырағын алып барып себер едім деген тәтті үміт жетегіне еремін. Ерліктері шежіреге айналған аяулы жандарды, Отан үшін қыр­шын өмірін қиған ағалар мен ата­ларды бүгінгі ұрпақтары осылай елжірей еске алып, ой толғап еді. “Көрмесем де әрқашан көңілім­нен кетпейді”, дейді жауынгер ұрпағы. Базаргүл АХМЕТ. Қостанай облысы.