22 Маусым, 2010

10495 ДОМБЫРАШЫ БІР МЕЗГІЛДЕ “КЕҢЕС” КҮЙІН ОРЫНДАП, “ГИННЕСТІҢ РЕКОРДТАР КІТАБЫНА” ЕНДІ

700 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “Тарих толқынында” атты еңбегінде: “Біз түптің түбінде қазақтың бәрін қазақ етудің қамын жасауымыз қажет. Ал оның негізгі тірегі – ұлттық мәдениет. Жеке адам да, тұтас халық та тек тарихымен, мәдениетімен ғана мақтана алады. Кез келген неміспен сөйлесіп көріңізші, ол сізге алдымен “Мерседесін” емес, класси­ка­лық музыкасын айтады, кез келген француз­бен сөйлесіп көріңізші, ол сізге тамаша жолдарын немесе керемет парфюмериясын емес, ғажайып әдебиетін, Луврдағы жауһар туындыларды айтады”, – деп жазады. Осы жолдарды оқығанда, шіркін, Қазақ елі дегенде қара домбыра көзге елестер сәт қашан келер екен дейсің. Әрине, бұл тек уақыт еншісіндегі нәрсе. Уақыт өте келе, қазақтың әні, күйі, биі, әдебиеті, мәдениеті де жаппай әлем жұртшы­лығының назарында болатынына күмән жоқ. Әрине, ол үшін рухани құндылықтарымыз мей­лінше көп насихатталуы тиіс. Насихат демек­ші, Қытайда 10 495 домбырашы бір мезгілде “Кеңес” күйін орындап “Гиннестің рекордтар кітабына” енгенін, яғни оны жаңғырт­қанын естіп жатырмыз. Жанды жадырататын мұндай жаңалықты естігенде кәдімгідей сүйсініп қалдық. Ондағы қандас­тары­мыздың қазақтың тілін, ділін, мәде­ние­тін, рухани құндылықтарын, салт-дәстүр­лерін сары майдай сақтап жүргеніне қалай сүйін­бессің. Содан да Аспан асты елінің сайт­тары­на кіріп, болған оқиғаның бүге-шігесіне дейін білуге тырысқанбыз. Оқырманға түсінікті болу үшін айта кетсек, осыған дейін “Гиннестің рекордтар кітабында” 2008 адамнан тұратын ұлттық музыкалық аспапта ойнаған туынды кірген екен. Ал енді мінеки, қазақтың “Кеңес” күйін 10 495 адам шертіп, дүние жүзіне қазақтың атын тағы да бір паш етті. Осыдан біраз ғана уақыт бұрын Қытай­дағы қан­дастарымыз Қаражорға биін аталған кітапқа кіргізген болса, енді қазақ­тың күйін тіркеп, дүние­нің түк­пір-түк­піріндегі қазақты тағы бір мәрте қуантып отыр. Мұндай іс-шараға Қытайдың Шыңжаң- Ұйғыр автономиясы Іле Қазақ автономиялы облысына қарасты, қазақтар көп шоғырлан­ған Тарбағатай аймағы Толы ауданындағы қандас­тарымыз мұрындық болыпты. Жергілікті әкім­шіліктен қолдау табылғаннан кейін, бұл іске осыдан екі жыл бұрын дайын­дала бастаған көріне­ді. Оны біз күн сайын жарық көретін “Шынжаң” газетінің сайты арқылы біліп жүрдік. Бұл газеттің жазуына қарағанда, күй тартқан 10 495 адам 28 ұлттан құралған екен. Яғни, қазақтан басқа қытай, моңғол, ұйғыр, татар, қырғыз, өзбек, орыс, дүнген, т.б. ұлт өкілдері бар. Әрине, қазақ халқы­ның төл аспабы болғандықтан, қандас­тарымызға домбырада ойнау қиын емес. Ал басқа ұлт өкілдері қалай үйренді екен дегенге келсек, іс-шара ең алдымен домбыраны насихаттаудан басталыпты. Яғни, жергілікті телеарналарда күндіз-түні домбыра туралы хабарлар, осы хабар­лар арқылы дом­быра­­ны үйрету жұмыс­тары жақсы жолға қойылған көрінеді. Содан барып барлық ауыл­дардағы мектептердің музыкадан сабақ беретін ұстаз­дарын шақырып, оқушыларға жаппай домбыра үйрету жүкте­ліпті. Нақты қадағалау жұмыстары мен қызығушылықтың нәтиже­сін­де мектеп оқушылары көп ұзамай “Кеңес” күйін меңгеріп алған. Оқушылардан басқа егінші­лер, малшылар, мемлекеттік қыз­мет­керлер, зейнет­кер ақсақалдар мен әжелер де белсенді атсалыс­қан. Домбырашы­лардың ең үлкені 80 жастағы қария болса, ең кішісі небәрі 2 жаста екен. Осы жерде 2 жасар бала қалай домбырада ойнайды деген сұрақ туын­дай­тыны ақиқат. “Шыңжаң” газеті сайтын­дағы фотогалереяға кірсеңіз, бұл ақпары­мызды айғақтайтын суретті де көруге болады. Сөйтіп, “Кеңес” күйін үйрету жұмыс­тары әбден тиянақталғаннан кейін мек­теп­тер, мемлекеттік ме­кемелер арасында осы күйді шертуден са­йыс­тар өткізілген. Көп ұза­май, “Гиннестің рекорд­тар кітабына” тіркелу үшін 10 495 адамның төл- құжат­тары ресім­деліп, осы іс-шараны сәт­ті өткізу үшін жұрт­шылық аудан орта­лы­ғын­д­ағы алаңға жиналыпты. Осылайша на­ғыз бұқараға көрі­нетін күн де келіп жетеді де, ма­мыр айының соңын­да қазақтың ұлттық киі­мін киген 10 495 дом­бы­­ра­шы бір мезетте “Ке­ңес” күйін бастап кеп жібе­реді. Әрине, мұндай керемет көрі­ністі тілмен жеткізудің өзі қиын. Домбыраға тағылған үкілердің ырғағы, барлық жиналған қауымның “Кеңес” күйіне деген ыстық ықы­л­а­сы, домбырашылардың жүз­дерін­дегі қуа­ны­ш пен мақтаныш қандас­тары­мыз­дың көкірек­терін­дегі ұлттық рух бір бірімен астасып, күй құдіреті­н одан әрі биіктетіп жібергендей болыпты. Күй орындалып біткен соң, аталмыш шараға арнайы шақырылған “Гиннестің рекордтар кітабының” Шанхайдағы басқарма өкілі Ние мырза “Он мың адамдық дом­бырамен күй шертуден “Гиннестің рекордтар кітабына” кіргендігі туралы” куәлікті Толы ауданының әкімі Масан Зағыпарұлына салтанатты түрде табыс етіпті. Осындай рухы биік, ұлттың намысын оята­тын іс-шараны шетелде жүрген қандас­тары­мыздың өткізіп жатқаны бір жағынан қуан­дырып, көңілді марқайтып, шабыттан­ды­рып жатса, екінші жағынан Қазақ елінде, өзімізде өткенде ғой деген ой да көңілге оралады. Жоғарыда аталған газеттің сайтындағы осы іс-шараға арналған мақалаларды қара­ған­­да, жұртшылықтың ыстық лебіздерін де оқы­дық. Аты-жөндеріне қарағанда, көбісі өзге ұлт өкілдері сияқты. Мазмұнына үңілер бол­сақ, көбісі қазақ халқының ұлттық күйінің құлақ­қа өте жағымды естілетіндігін және мұндай іс-шараның шын мәнісінде таңқалатын оқиға екендігін жазыпты.