Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
«Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша. Жақында мен Олимпиадаға қатысушылармен кездестім, спорттағы нақты міндеттер мен басымдықтарға тоқталдым. Шын мәнінде, бұл саладағы заңнаманы жаңартатын кез келді. Заңға енгізілетін өзгертулер бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытуға зор серпін беруі тиіс. Сондай-ақ болашақ жеңімпаздар шоғырын даярлауға жол ашады. Депутаттар осы маңызды заң жобасына айрықша мән бергені жөн деп санаймын», деген Мемлекет басшысы жаңа заң жобасын қайта пысықтап, әлі де ширата түсу қажеттігін жүктеді.
Бұқаралық спортты дамыту – елдің саулығын нығайту. Әрине олимпиадалық спорт түрлеріне ерекше көңіл бөліп, қаржыны қазымырланбай құйып, чемпиондарды даярлау мемлекеттің мәртебесі үшін керек. Бұған жету жолында балалар мен жасөспірімдер спортының қазіргі ахуалы қандай, бізде ізбасарлар даярлау ісі қаншалықты қарқын алып келеді? Осыған жете мән берген жөн.
Сайлаушылармен кездесуде, ел аралау кезінде спорт мектептеріне де арнайы соғып, тыныс-тіршілігімен танысамыз. Жақында Алматы қаласындағы «Шаңырақ» Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде бапкерлермен, спортшылармен жүздесіп, жай-күйімен таныстым. Олимпиада резервін дайындайтын білім ордасында еліміздің болашақ спорт жұлдыздары өсіп келеді. Бапкерлермен тілдесіп, қазіргі спорт саласының жай-күйін таразыладық. Біздің спортшылардың физикалық дайындығы кемшін соғып тұр. Оны биыл өткен Париж жазғы Олимпия ойындарында бағамдадық.
Спортшылардың тез ентігіп қалуының бірнеше себебі бар. Біріншіден, заманауи дәрумен түрлері жетіспейді. Соның жетіспеушілігінен спортшылардың өкпесі қағып, алқынып қалады да, ұзақ күресе алмайды. Екіншіден, қазіргі оқу-жаттығу тәсілдері әбден ескірген. Жаңашылдық, жанкештілік жоқ. Үшіншіден, спортшылардың жарыстарға тыңғылықты дайындалудың орнына той-томалақтан қолдары босамайды. Осындай жүйелі кемшіліктер кесірінен нәтижеміз төмен болып жатыр. Сондықтан Париждегі қателіктерден сабақ алып, әр спорт түрі бойынша тереңдей талдап, кемшілікті толтыру маңызды.
Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамытуға да күш салуды міндеттеді. Ендеше, ауылдарға да қалалық өркениет баруы тиіс. Халық тығыз орналасқан ауылдарда спорттық сауықтыру кешендері бой көтеріп, шағын елді мекендерде де спорттық алаңдар салынса құба-құп. Спорттық залдар жетіспейтін ауылдар да бар. Балалар спортын дамыту арқылы біз ұлт саулығын арттырамыз. Түрлі жобалар, арнайы бағдарламалар да ашылып жатыр. Соның игілігін халық көруі тиіс.
Данияр ҚАСҚАРАУОВ,
Мәжіліс депутаты