Еңсегей бойлы, тау тұлғалы Кенжекеңнің айтуынша, әкесі Атақұл ақсақал да бойшаң, қолы қарулы кісі болыпты. Өткен ғасыр басында туып, қазақтың басына түскен небір нәубеттің бәрінен етінің тірілігімен жеңіп өткен Атақұл Төлебайұлы 1930 жылы «Еркіншілік» атауымен артель құрып, кейін оны атақты ұжымшарға айналдырғандардың бірі.
Үйдегі төрт перзенттің кенжесі болып, жанында көбірек жүргендіктен бе екен, әке тәрбиесі, әке өнегесі Кенжеханға көбірек ықпал етіпті. Атақұл ақсақал үш ұл, бір қызын Құдай қосқан қосағы Нахай Бескемпірқызымен бірге қанаттыға қақтырмай жеткізіп, атұстарларының бәрін оқытып, білімді азамат етіп өсіруге бар күшін аямапты.
Кенжекеңнің ағалары Жақсылық пен Тастанбектің меңгерген мамандығы агроном екен де, бір үйге екі агроном жетеді деді ме, кенже інісіне экономика факультетіне баруды ұсыныпты. Осылайша, 1973 жылы Алматыдағы Ауыл шаруашылығы институтының экономика факультетін ауыл шаруашылығын ұйымдастырушы-экономист мамандығына оқып, бітіріп шыққан жас маманның еңбек жолы Киров ауданындағы ХХ партсъезд атындағы кеңшар құрылыс бөлімінің есепшісі қызметінен басталды. Жастық жігері қайнаған жас маман тез көзге түсіп, осы шаруашылықтың комсомол ұйымының хатшысы болып сайланады. Бірер жыл қызмет істеген соң, аудандық партия комитетіне нұсқаушы болып ауысты. 1985 жылы мамыр айында «Мақталы» кеңшарының партком хатшылығына сайланды.
Бұл кеңшар аудандағы орта деңгейлі шаруашылықтардың қатарында еді. Жас партком хатшысы еңбектегі алғашқы ұстаздарының бірі Тойым Жүнісұлының басшылығымен еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған тың әдістер мен технологияларды батыл енгізуге белсене асталысты. 1986 жылдың қорытындысы бойынша шаруашылық мақта жоспарын артығымен орындап, басқа да көрсеткіштерден жоғары нәтижеге қол жеткізіп, ұжым мүшелері облыс, аудан басшыларының алдында үлкен абыройға бөленді.
1987 жылы іскерлігі, ұйымдастырушылығы бағаланған Тойым Жүнісұлы Ленин (қазіргі Қазығұрт) аудандық атқару комитетінің төрағалығына ауыстырылады да, білімді, сауатты маман Кенжехан Атақұлұлы 1988 жылы кеңшар директоры болып сайланады. Сол үлкен шаруашылықтың тізгінін ұстағанда Кенжекеңнің жасы небәрі 33-тен енді асқан екен... Дегенмен, шаруашылық жұмысы өзіне етене таныс. Тек ендігі жерде тікелей басшы ретінде үйренген жұмысын үйлестіріп, одан әрі жалғастырды. Бар қайрат-жігерін басты мақсат жолына жұмсауға тырысты. Жан-жақты ізденістердің нәтижесінде өнімділікті арттырды.
Кейінірек, 1994 жылы Кенжехан Атақұлұлы осы бағытта жинаған тәжірибесін жетілдіре түсіп, тереңірек зерттеу негізінде В.Р.Вильямс атындағы Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтының арнайы кеңесінде «Оңтүстік Қазақстан жағдайында орта талшықты С-4727, С-6514 мақта сұрыптарына қолданатын «Сихат» дефолиантының экономикалық тиімділігі» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты.
1991 жылдың басында басқару жүйесі өзгертіліп, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы әрі кеңес төрағасы болып Тойым Жүнісов тағайындалды да, сыр мінез шәкірті Кенжеханды өзінің оң қолы, яғни бірінші орынбасары қызметіне шақырды.
1992 жылдың қаңтар айында елімізде атқарушы билік туралы жаңа заң қабылданып, әкімшілік басқару жүйесі енгізілгенде, Оңтүстік Қазақстан облысының жаңа басшысы М.Ф.Үркімбаевтың бұйрығымен білімді, қайрат-күші бойындағы, көзқарасы тың, ісі ширақ, іскер азамат Кенжехан Төлебаев Мақтаарал ауданының тұңғыш әкімі болып тағайындалды. Кенжекеңнің басшылыққа келген кезі қиын-қыстау, өтпелі кезең болатын. Еліміз баяғы жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға бет түзеген. Әсіресе жерді жекешелендіру науқаны қызу қолға алынған уақыт. Бұған жұртшылық алғашқыда түсінбестікпен қарады. Соны түсіндіріп, көптің күдікті көңіліне үміт ұялатты. Ауыл халқы бәріне көніп, еселі еңбек етті.
1997 жылдың 24 сәуірінде Президенттің «Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлығы шықты. Соған орай Асықата, Жетісай, Мақтаарал аудандары таратылып, олардың аумағында әкімшілік орталығы Жетісай қаласында болатын Мақтаарал ауданы құрылды. Ірілендірілген ауданның әкімі Омарбек Нұржанов болды да, Кенжехан Төлебаев әкімнің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Бұл қызмет те оңай болмады. Ағын суы жетпей қиналған диқандардың дау-шарын да бастан өткерді. Терімге техника аз, қол күші жоқ, ала жаздайғы еңбегінің жемісін рәсуа етіп, көз жасы көл болғандарды да көрді. Аудан басшысы бірді екі ете алмай, жарты жыл бойы айтысып-тартысып, үш ауданды біріктіруге қатысты айқай-шуды басамын деп жар құлағы жастық көрмей жүргенде адал көмекшісі болуға тырысты.
1998 жылдың қаңтарында ел басқарудан тәжірибесі мол, ел қызметінде әбден ысылған Кенжехан Атақұлұлы Шардара ауданына әкім болып тағайындалды. Шардара, негізінде күріш өсіруге бейімделген өңір. Ал күріш дегеніңіз суды көп талап ететін дақыл. Соңғы жылдары су тапшылығы болып, күріштің өнімділігі азайған. Әрі бұл ауданның өнеркәсіп, өндіріс орындары тоқтап, экономикалық жағдайы нашарлап кеткен кез еді. Жағдайды түзеу үшін күрт бетбұрыс жасау керек болды. Жаңа басшы ойлана келе, өзі мақтаның ішінде туып-өскендіктен, шардаралықтарды тығырықтан алып шығар жалғыз жол – осы мақта саласын дамыту деп шешті. Тиісті мамандарды мақта өсіруге жұмылдырып, қажетті техникалармен жарақтады. Нәтижесінде, алғашқы жылдың өзінде өнім жаман болмады, 24 мың тонна мақта жиналды. Елдің де еңсесі көтеріліп, басшылыққа деген сенімі арта бастады. Кейінірек аудан халқы қиын-қыстау күндерде тығырықтан алып шыққан еңбегін ескеріп, Кенжехан Төлебаевқа «Шардара ауданының құрметті азаматы» атағын берді.
1999 жылдың тамыз айында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып Бердібек Сапарбаев тағайындалды да, оны Мақтаарал ауданының әкімі етіп ауыстырды. Сөйтіп, Кенжехан Атақұлұлы өзі туған, кіндік қаны тамған ауданға қайта оралды. Қарап отырса, осы ірілендерілген ауданның құрамындағы бұрынғы үш ауданның үшеуінде де еңбек етіпті.
Халықпен жұмыс істеу, бәрін бір мақсатқа жұмылдыру, әрине, оңай емес. Әрбір шешіміңнің артында адам тағдыры, ел тағдыры тұр. Өзінің мамандығы экономист болғанымен, ауданның тек әлеуметтік-экономикалық даму бағытын ғана жетілдіре бермей, рухани дүниесін байытуды әркез жадында ұстады. Түрлі өнер сайыстарын, айтыстар ұйымдастыруға ұйытқы болды. Сондай-ақ «Мырзашөл жұлдыздары», «Мақтаарал әуендері», «Парасатты Әйгерім», «Жігіт сұлтаны», «Өнер алды – қызыл тіл» байқаулары ел ішінде танылмай жүрген өнер жауһарларының жарқырап шығып, үлкен сахна төрін бағындыруына жол ашты.
Содан соң облыс әкімі Болат Жылқышиевтің қолдауымен облыстық экономика департаментінің басшылығына қызмет ауыстырды. 2003 жылдың қыркүйек айында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалған Кенжехан Атақұлұлы құрылыс, жол-көлік, әлеуметтік сала, төтенше жағдайлар жөніндегі мәселелерді басқарды. Шымкент қаласындағы, сол сияқты ауыл-аудандардағы құрылысы бітпей қалған мектеп, аурухана, емхана, тұрғын үй ғимараттарын толығымен аяқтап, пайдалануға беруге ұйықты болды.
2006 жылы өңір басшысы Өмірзақ Шөкеевтің ұсынысымен облыстық жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, зілзалалар мен апаттардың алдын алу және зардабын жою басқармасының басшылығына тағайындалды. Сала жұмысы таныс, сондықтан еш қиындықсыз оны одан әрі жалғастырды. 2008 жылдың көктемінде Сарыағаш ауданының Қызыләскер елді мекенін, 2010 жылы Ордабасы ауданының Темірлан елді мекенін су басып, 2011 жылы көктемде Созақ ауданында қатты дауыл елді мекендердегі үйлерді шатырсыз қалдырғанда да қиналған елдің ортасында жүрді.
Кенжекеңнің ауыл шаруашылығы ғылымдары саласындағы білімі мен тәжірибесі ұшан-теңіз. Соны ескерген облыс басшысы көп ұзамай одан облыстағы тарихы терең оқу орындарының бірі – Шымкент аграрлық колледжінің шаруасын реттеп беруді өтінді. Шынында, айтса айтқандай, оқу ғимараты тозған, жылу жүйесінің барлығы істен шыққан, жиhаздарының барлығы ескі-құсқы, қирап тұр. Ауыл шаруашылығы колледжі бола тұра төрт түлік малдың бірде-бір түрі жоқ, оқу-өндірістік тәжірибе өткізетін орын атымен көрінбейді. Облыс басшысының қолдауымен осының бәрін аз уақытта реттеп, жөндеу жұмыстарын аяқтап, газ, жылыту жүйелерін тартты. Осындай жан-жақты жұмыстардың нәтижесінде, колледждің жетілдірілген базасында 2015 жылы облыстық, 2016 жылы республикалық семинар-конференция өткізіліп, 2016 жылдың қорытындысы бойынша Шымкент аграрлық колледжі республикада ең алдыңғы үздік он арнаулы орта оқу орындарының қатарына енді. Мұның бәріне табанды еңбек, талапшыл мінез, қасиетімен жеткен Кенжехан Атақұлұы осы жерден абыроймен құрметті зейнеткерлікке шықты.
Қазір бейбіт заманда, берекелі ғұмыр кешіп жатқан қазыналы қарттардың басын қосып, қамсыз қарттығын қамдап жүрген Кенжехан Атақұлұлының Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде осы бағытта қолға алып, іске асырып жатқан жұмыстары да баршылық. Бір ғана мысал, Кенжекеңнің тікелей ұйымдастыруымен еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін облыс деңгейінде әртүрлі салаларда басшылық жасаған 50-ге тарта ардагердің естелік әңгімелері енген кітап жарық көріп, тәжірибелік тағылымы, тәрбиелік мәні зор құнды дүние көпшіліктің қолына тиді.
Жіпке тізіп айта берсек, осы бүкіл саналы ғұмырын ел қызметіне арнап келе жатқан Кенжехан Атақұлұлының атқарған еңбегі ұшан-теңіз. Еселі еңбек бағалануымен баянды. Кеудесінде жарқыраған «Құрмет», «Парасат» ордендері мен «Ерен еңбегі үшін» медалі, Түркістан облысының, Мақтаарал, Жетісай, Шардара аудандарының, Шымкент қаласының «Құрметті азаматы» атақтары – осының айғағы.
«Екі жақсы қосылса, ай мен күндей жарасар» дегендей, жан жары Жайсаңгүл екеуі Алла берген бес перзентін жақсы тәрбиелеп, өмірден өз орындарын табуына бар жағдайды жасады. Айдынды әкенің үміті ақталып, ұрпақтарының әрқайсысы әр салада жемісті қызмет атқарып жүр. Еңбегімен еленген тұлғаның әлі де өңірге берері көп деп санаймыз.
Бекет ТҰРҒАРАЕВ,
заң ғылымдарының докторы, профессор,
Шымкент қаласының құрметті азаматы