22 Маусым, 2010

АГРАРШЫ ТҮЛЕКТЕРДІҢ ШЕРУІ

478 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің 80 жылдығына арналды Сөзімізді әріден бастасақ, ҚазҰАУ – Қазақстандағы байырғы Алматы зоотехникалық-малдәрігер­лік және Қазақ ауыл шаруашылығы институттарының бірігуі негізінде 1996 жылы құрылып, 2001 жылы Елбасының Жарлығымен Ұлттық жоғары оқу орны мәртебесіне ие болған еліміздің осы саладағы көш­басшы білім ордасы. Қазір универ­си­тетте 7 факультет, 39 кафедра бар. Бүгінде білім ордасында бір жарым мың ұстаз дәріс оқиды. Оның ішін­де 700-ге жуығы ғылым докторы мен кандидаттар. Универ­ситетте 4 ғылыми-зерттеу инсти­туты, 3 ғылы­ми орталық бар. Бака­лавр, магистр, аспирант, Phd докторлығына ма­ман­дықтар даяр­лайды. Оқу орны өзінің тарихында 135 мыңнан астам маман даярлап, олар республикада аграрлық өнді­ріс­тің, білім мен ғылымның дамуы­на лайықты үлес қосты. Бүгінде ол халықаралық білім стандарттарына сай иннова­ция­лық оқу орнына айналып отыр. Университеттің қол жеткізген жетіс­тігі аз емес. Мәсе­лен, осыдан 55 жыл бұрын түлеп ұшқан түлектер бар біліктілігін аграрлық салаға арнап, халықара­лық келісімде ғылыми тұжырым­дамаларды дәлел­деді. Нәтижесінде, отандық ғалым­дар дәнді дақылдар­дың 140 түрін шығарған. Қазір сол тұқымды әлем­нің 10-ға тарта мем­ле­­кеті егістік алқаптарда пайдаға асыруда. – Университет жыл сайын агро­өнеркәсіп саласында білікті мамандар даярлап, елімізге жаңа­лық ретінде еніп жатқан аграрлық қаты­нас­тарды қалыптастырудың кешенді мәселелерін түбегейлі шешу міндетімен айналысып келеді. Уни­верситетіміз әлемнің көптеген же­тек­ші оқу орындары­мен тығыз қарым-қатынас орнат­қан. Мәселен, “ERASMUS MUNDUS” бағдарла­ма­­сы бойын­ша Еуропаның 7, “TEMPUS” бағдарламасымен 6 және т.б. 53 мемлекетпен халық­аралық байла­ныс­тары бар, – дей келе, ҚазҰАУ-дың ректоры, ҚР ҰҒА академигі Тілектес Есполов салта­нат­ты жиынға қатысушыларды мерейтой­мен құттықтап, еңбектері­не табыс тіледі. Оқу орны өздерінің танымал түлектері ретінде Ауыл шаруашы­лығы министрі А.Күрішбаев, Қар­жы министрі Б.Жәмішев, Парла­мент депутаттары Ө.Байгелди, Ж.Төрегелдиев, Е.Омаров, Қ.Уәли, У.Елеубаев, қала әкімі А.Есімов, облыс әкімдері С.Үмбетов, А.Мыр­захметов, қоғам және мемлекет қайраткерлері К.Аухадиев, С.Тере­щенко, А.Құлыбаев, т.б. мақ­та­ныш­­пен атайды. – Біздің бітіруші түлектер арасынан 7 академик, 20-дан астам ғылым докторы, 20-ға жуық ғылым кандидаты шықты, – дейді ҚР ҰҒА академигі Рахман Оразғалиев. – Атап айтсақ, академиктер Сүлейменов, Дүйсенбеков, Ілиясов, т.б. Олардың әрқайсысының аграрлық ғылымда өз орны бар ғалымдар және көптеген шәкірттер дайындаған айтулы азаматтар. Алдымен бас ғимаратта бас қосқан ғалым-түлектер “болашақ ізбасарлар көбейсін” деген ниетпен ағаш көшеттерін отырғызса, кешке қарай стадионда түлектер мен оқытушылардың, студенттердің және ҚР Қорғаныс министрлігінен “Ең үздік кафедра” атағын алған әскери кафедраның офицерлері мен курсанттарының салтанатты шеруі болды. Сонымен қатар, қазақтың ұлттық киімін киген көздің жауын алған университеттің 500 студенті “Қара жорға” биін нақы­шына келтіре билеп, жинал­ғандарды бір желпіндіріп тастады. 9 мың адам қатысқан бұл айтулы мереке Ескендір мен Біржан Хасан­ғалиев пен өзге де танымал әншілердің шоу-концертімен аяқталды. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ. АЛМАТЫ.