22 Маусым, 2010

АСТАНА – МАХАББАТЫМ МЕНІҢ

777 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев Астанадағы “Қазақстан” орталық концерт залында өткен “Астана – махаббатым менің” атты 12 серия­лы телехикаяның тұсаукесер рәсіміне қатысты. Президент өз сөзінде бұл теле­хи­каяның Астана туралы ең ал­ғашқы ірі жоба екенін атап өтіп, авторларды сәтті туындының дүниеге келуімен құттықтады, деп хабарлады Қазақ­стан Рес­публикасы Прези­дентінің баспасөз қызметі. Туындыны Қазақстан мен бауыр­лас Түркия киногерлері бір­лесіп түсірген. Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің ай­туын­ша, Қазақстан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен ірі экономикалық табыстарға жетті, соның арқасында осындай айтулы шығармашылық жобаларды жасау­ға мүмкіндіктер туып отыр. “Сіз Астананы әсем шаһарға айнал­ды­рып қана қойған жоқсыз. Дін ли­дер­лерін шақырдыңыз, дін адам­дарының жүрегі таза, орны да таза болады. Солардың барлығының ба­тасымен нұрландық. Олар осын­да келген кезде Сізге бүкіл дүние жүзіндегі татулық пен бірліктің лидері деген батасын беріп, шын көңілден мойындады”, – деді министр Мұхтар Құл-Мұхаммед Мемлекет басшысына қаратып. Телехикаядағы оқиға былай өр­биді: 1985 жылдың қақаған қысы. Целиноград қаласының үстінен ұшып бара жатқан ұшақтағы әбі­гер. Түркиялық дәулетті адамның әйелі босанып, дүниеге қыз әкеледі. Жолаушылардың ішінде жалғыз дәрігер келіншек бар еді. Екі жасар ұлымен келе жатқан. Әлгі әйелді сол босандырып алады. Көмегіне разы болған түркиялық ханым құда болуға ниет білдіреді. Арада 24 жыл өткенде оқиға қай­та жанданады. Бұл кезде Қа­зақ­стан тәуелсіз ел атанып, баяғы Целиноградтың орнына ажарлы Астана салған. Кіндік қаны Астана аспанында тамған Інжу мен сол кез­де 2 жаста болған Ерлан қайта табы­сады. Бірін-бірі ұнатқан екі жастың басынан кешкен шытыр­ман оқи­ғалар түгелімен Астанада өрбиді... Телехикаяның қоюшы режис­сері Ермек Шынарбаев көрермен қауымға телехикая кейіпкерлерін сом­даған Бакар Акча, Әділ Ахме­тов, Жанна Қуанышева, Гүлнәр Досматова, Эрман Бурмали, Эрдал Джиндорук қатарлы әртістермен таныстырды. Басты рөлді ойнаған Бакар Акча осы телетуындыға түсу ар­қылы Ас­та­надай көрікті қаламен, Қазақстанның кеңпейілді, қонақ­жай адамдарымен танысу бақы­тына ие болғанын айтты. Әсіресе, оның Елбасымен жүздескен сәті есінде қалыпты. – Сізді біз түркі дүниесінің көшбасшысы, қазақтың Ататүрігі санаймыз. Құпиялау болса да бір жағымды жаңалықты айтайын, жақында біздің елде Сізге ескерт­кіш орнатпақ. Өзіңізді мақтағанды жақсы көрмейтініңізді білеміз, алайда бұл Сізді шын құрметтейтін және қадір тұтатын түркі хал­қы­ның жүрегінен шығып отыр, – деді ол. Жобаның телевизиялық нұс­қасы 1 шілдеден бастап “Хабар” телеарнасынан көрсетіле бастайды.