19 Маусым, 2010

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ МАЗМҰН – ЕЛ МҮДДЕСІ

569 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Атырау облысында болды Үкімет басшысы алдымен “Атырау” сауықтыру кешенінде өткен “Нұр Отан” ХДП-ның “Біз Көшбасшымен біргеміз” атты форумына және мектеп түлектерінің “Ақжелкен-2010” шарасына қатысты. ҰБТ қорытындысы бойынша жүз баллдан жоғары жинап, мектепті үздік бітірген түлектермен кездесті. Биыл атыраулық мектеп бі­тіру­шілер арасынан Ж.Мол­да­ға­лиев атындағы дарынды бала­лар­ға арналған облыстық “Дарын” мектеп-интернатының түлегі Ай­жамал Ерғалиева 125 балл жинап, өте жоғары нәтижеге қол жет­кіз­ген еді. Оған Үкімет басшысы Кә­рім Мәсімов “Алтын белгі” мен аттестат тапсырды. Биыл өңірде 74 түлек “Алтын белгі”, 41 оқушы “Үздік аттестат” иегері атанды. Сол түлектер атынан сөз алған Жақсылық Нұрмаханов өз қатарластарымен бірге тәуелсіз Қазақстанды гүлденген және бо­лашағы зор мемлекетке айнал­ды­руға атсалысатынын атап өтті. – Қазір жоғары технология мен дамыған инновацияның дәуірі. Біздің еліміз де жаңа дәуір талабымен өркендеп, эконо­ми­ка­сы қарқын алып келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы орайда алдымызда тұрған айқын мақ­сат­тар мен міндеттерді айқындап бер­ді, – деді Кәрім Қажым­қан­ұлы атыраулық түлектерді мектеп бітіру қуанышымен құттықтап. – Біздің еліміз әлемдік деңгейдегі білім сапасын жетілдіруді бірінші орынға қойып отыр. Еліміз ин­дустриялық-инновациялық даму жолына түсті. Осы бағдарлама аясында Атырауда 4 ірі кәсіпорын іске қосылмақ. Бұл – жаңа жұ­мыс орны, жас мамандарға сұра­ныс. Дағдарыстан кейінгі дамуға бет алған еліміз үшін басты құндылық – бәсекеге қабілетті ұлт. Бәріміз барлық мақсатты жұмыстарды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен, “Нұр Отан” партиясымен бірге іске асырамыз. Бұдан кейін Кәрім Мәсімов 2005 жылы құрылған “Каспиан тех­никал ресурсес” оқу орталы­ғы­ның жұмысымен танысты. Оқу орталығының қызметі –мұнай-газ секторында жұмыс жасау үшін кадрларды қайта дайындықтан өткізу. Қазақстандағы жалғыз мамандандырылған орталықтың жалпы аумағы –540 шаршы метр, 10 ангары бар. Оқыту 14 маман­дық бойынша жүргізіледі. Үкімет басшысы оқу орталығынан ар­найы курс бітірушілерге “Жол кар­тасы” мемлекеттік бағдар­ла­ма­сы аясында техникалық маман­дық­тардың сертификаттарын табыс етті. Премьер-Министр Каспий теңізінің қазақстандық бөлігін игеруге түрлі қызмет көрсететін өзен портында да болды. Өзен порты 1964 жылы құрылған бола­тын. 2008 жылы “Іскер” консорциумына басқаруға берілді. Қазіргі уақытта порт аумағында қазақстандық “Іскер” және ита­лиялық “Skema” компаниялары­мен бірлесе “Қашаған” кеніші үшін 12 модульді ғимаратты дай­ын­­дау, құрастыру, тасымалдау жө­нін­де бірлескен жоба іске асы­рылуда. Оған тапсырыс бе­руші – Аджип ҚКО компаниясы. Нысан­да жұмыс жасауға тартыл­ған 1000 адамның 964-і жергілікті мамандар. Өңірдегі балық өнеркәсібінің көшбасшысы саналған “Атырау­ба­лықты” мемлекет иелігіне қай­тару үдерісі аяқталып келеді. Осы кәсіпорын негізінде енді “Жайық Балық” кәсіпорнын құру жоспа­ры бар. Премьер-Министр балық өңдеу кәсіпорнын дамытуға қол­дау болатынын айта келіп, Жай­ық өзенінің арнасын қалпына келтіру Ресей арқылы шешілетін мәселе. Ресей Үкіметінің бас­шы­сымен кездесуде бұл мәселені көте­ретін боламын. Екіншіден, балық пен қара уылдырықты тасы­малдауда контрабанда барын білеміз. Әсіресе, бұған құқық қорғау органдары тарапынан қаты­сы барлар болса, олар енді қатаң жазаланады. Бұл мәселені бақылауға алып, контрабанданы жоямыз, – деді. Облысқа жұмыс сапары бары­сында Кәрім Мәсімов “Алмагүл” шағын ауданында медицина қыз­меткерлері мен мұғалімдерге жаңа пәтердің кілтін табыс етті. Жаңа баспанаға қол жеткізгендердің бірі Жұмажан Елеусізова “Бүгінгі қуа­нышымда шек жоқ. Бюджет қыз­мет­керлеріне, тұрмысы төмен от­ба­сыларына әлеуметтік қолдау көр­се­тіп отырған Елбасына рах­мет” деді қуанышын жасыра алмай. Мұнайлы Атырауда салынып жатқан ірі нысанның бірі – Ад­жип ҚКО компаниясының мұнай және газды кешенді дайындайтын “Болашақ” қондырғысы. Үкімет бас­шысы кешенді аралап, мұнай мен газ дайындау қондырғы­лары­мен танысты. Бұл қондырғы мұ­най мен газды халықаралық ры­нок­қа шығаратын мұнай құбыр­ла­рымен тасымалдау үшін дайын­дауға мүмкіндік береді. “Болашақ” зауытының құры­лы­сымен танысқан соң Кәрім Мә­сімов келісім міндеттемелерін сақтау, инфрақұрылым жобала­рын жүзеге асыру, Аджип ҚКО, НКОК, “Теңізшевройл” компа­ния­ларының экологиялық қауіп­сіздікті қамтамасыз етуге қатысы туралы мәселелерді талқылаған ке­ңес өткізді. Онда Атырау облы­сының әкімі Бергей Рысқалиев бірінші кезекте аймақтың эколо­гия­лық жағдайына байланысты неғұрлым өткір мәселелерді ата­ды. Өкінішке қарай, көптеген мұнай компаниялары табиғат қорғау шараларын іске асыруда өздерінің тікелей міндеттерін орындауға толық құлықты емес. Сондай-ақ, облыс әкімінің атап өткеніндей, шетелдік компа­ния­лар тарапынан әлеуметтік инфра­құрылым жобаларын жүзеге асыруда да елеулі проблемалар кездеседі. Премьер-Министр Кәрім Мәсімов шетелдік компаниялар басшыларына қазақстандық маз­мұнды арттыру маңызын ескерте отырып, “Біз қазақстандық мүд­дені бәрінен жоғары қоямыз. Біз қазақстандық жұмысшы мүддесін қорғаймыз. Қазақстандық жұмыс­шылар шетелдіктермен бірдей жалақы алуы тиіс. Бұл үнемі ба­қылауда бо­лады” деді. Осыған орай хабар­лама жасаған НКОК консор­циумы­ның атқарушы директоры Пьер Оффан биылғы 6 айда 600 қазақстандық тұрақты жұмысқа тартылғанын, соған орай 50 шет­елдік қызметтен қысқартылғанын жеткізді. Ал “Теңізшевройл” бас­шысы Тодд Леви соңғы 4 жылда еңбекақы 70 пайызға көтеріліп, енді еңбекақы төлеу жүйесі батыс елдерінің әдісіне негізделетінін мәлім етті. Премьер-Министр жұмыс сапары барысында Атырау жылу-электр орталығын жаңғырту, тұрғын үй құрылысына арналған жеңіл панель шығару зауытының, сонымен бірге, медициналық бір реттік шприц шығару зауытының жұмысымен, Сарайшық тарихи-мемориалдық тарихи кешеніне қарасты археологиялық қазба ор­нымен танысты. Индустриялық-инновациялық бағдарламаның іске асырылуына оң баға берді. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.