19 Маусым, 2010

“ЖОЛ КАРТАСЫНАН” ТЫС ҚАЛҒАН АУЫЛ

431 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Ақсу қаласы аумағына қарасты Сарышығанақ ауылы облыс орта­лы­ғы­нан 60 шақырым жерде орна­лас­қан. Өндірісті қалалардың дәл ортасында тұр. Шалғайда жатқан алыс ауыл болса бір сәрі. Біздің тілшілер қосынына арыз-шағымдарын жазып, бұйым­тай­ларын ала жеткен ауыл тұрғындары­ның өкпелері қара қазандай екен. Жол түсіп біз де сол ауылға барып қайттық. Айтса айтқандай, мәселенің бар мәнісі – барар жер, басар тау қалмаған соң, ауылдағы әкімдік, дәрігерлік пункт, пош­та бөлімшесі, кітапхана, учаскелік полиция барлығы түгелімен барып ауыл­дағы жалпы білім беретін орта мектептің ішіне орналасып алыпты. Осылай он жыл өмірлері өтіпті. Қала әкімдері де ауысып үлгеріпті. Бірақ өзгеріс жоқ, сол қалпы. Мектептің іші-сырты да оңып тұрған жоқ, жөндеу көрмеген. Әбден шыдамдары таусылған мектеп басшылығы бұдан арыға төзе алмаймыз, онсыз да оқушылардың білім алуларына бөгет болып келе­сің­дер, өз күндеріңді өздерің көріңдер, ауылда балабақша жоқ, мектеп ішінен 30 балаға арналған шағын орталық ашамыз, бөлмелерді босатыңдар, депті. Сонда біз қайда барарымызды білмей­міз. Дәрігерлік пунктке бес бөлме керек. Арнайы үй жоқ, дейді жергілікті бөлімшенің аға дәрігері Әйгерім Мантықова. Қал­ған­дары да солай. Ауыл әкімі Төле­ген Әубәкіров те әкім­дікке бос үй іздеп жүрген көрінеді. Біз келгенде мек­теп үйі ішінде топырлаған  адам­дар болды. “Бұлар не ғып жүрген адамдар?” деп едік, “зейнетақы алуға келген ауылдың адамдары, пошта бө­лім­шесі де осында ғой” деген жауап естідік. Ал ауылда бос тұрған асха­на, үш бөлмелі үй, шеберхана бар көрінеді. Ол біреудің меншігі, оны Жұмагелді Қо­жа­новтан сұрау керек деп қалды тұр­ғындар. Сары­шы­ғанақ ауылында, Суаткөл мен Жаңашаруа бөлімшелерін қосқанда, орысы бар, украин, беларусь, неміс, татар, башқұрты бар — барлығы мың­ға жуық әр түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Ауылда 100-ге жуық мектеп жасына дейінгі кішкене бала, сәби күтіп жүрген  20 әйел бар екен. Мал-жан аман. Дастарқан толы. Ауылдықтарды ренжіткендері “Жол картасы” бағдарламасының өздерінің ауылдарына мүлде келмей қойғаны... Фарида БЫҚАЙ. Павлодар облысы.