19 Маусым, 2010

БАЯНДЫ БАЙЛАНЫСТАР БАЙЛАМЫ

446 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Сонау 1991 жылдың желтоқсан айында еліміздің тәуелсіздігін Еуропа төріндегі мемлекеттердің ішінен алғашқылардың бірі болып таныған Германия еді. Іле екі ел арасындағы келісім-шартқа орай Алматыда “Неміс үйі” ашылған бо­латын. Ол біздің елдегі неміс­терге аталған мемлекет тарапынан қолдау, көмек көрсету мақсатымен туындаған игі шешім-тін. Соған орай жұмсалатын шығынды бастама иелері тік көтеріп алған. Тегінде бұл мемлекеттің тәуел­сіз Қазақ еліне бірден көңіл ауда­руы бекерден бекер емес-ті. Өйт­кені, көп ұлтты Қазақстанда ке­зін­де бір миллионнан астам неміс этно­сы тұрып жатты. Мұнда, тіпті тәуелсіздік туы көтерілмей жатып-ақ осындағы немістердің “Воз­рож­дение” атты қоғамдық қауымдас­ты­ғы құрылған болатын. Бас­тап­қыда сол аталған қауымдастық екі ел арасындағы қандай мәселеде де дәнекер бола білді. Ал елдестірмек – елшіден дегендей, екі ел ара­сын­да ресми байланыс орныққан соң, ол енді заңды түрде өз жал­ғасын тапқан. Сөйтіп жүргенде бұрнағы жыл­дың күзінде, біздің елге Герма­ния­ның  күні кеше ғана отставкаға кеткен президенті Хорст Келлер ресми сапармен келе қалды. Екі ел басшыларының сындарлы кездесуі барысында 2009 жылы Германия­дағы Қазақстан, ал 2010 жылы Қазақстандағы Германия жылын өткізу туралы өзара уағдаластыққа қол жеткізілген. “2009 жылы Қазақстанның Гер­маниядағы жылының өз мәні­сінде өткендігі баршамызға мәлім. Соның нақты бір көріністерін Семей өңірінің мысалдарынан да айқын аңғаруға болады”, дейді осындағы немістердің “Возрож­де­ние” облыстық бірлестігінің төр­аға­сы Анатолий Визе мырза. Ол солай дей келіп, “Возрождение” қоғамдық қауымдастығының – 20 және Алматыдағы “Неміс үйінің” 15 жылдығы да былтырғы игі шара аясында аталып өткендігіне тоқ­та­ла кетуді ұмытпаған. Сөйтіп, Қа­зақ­станның Германиядағы жылы ол жақта да, бұл жақта да мағы­налы іс-шаралар арқылы көрініс тапты. – Республикалық “Возрож­де­ние” қоғамдық қауымдастығы республика Үкіметімен бірлесе оты­рып, сол өткен жылғы шараға орай қырықтан астам іс белгілеген болса, соның бәрі дерлік орын­далды, – дейді Анатолий Рудоль­фо­вич. – Қазақстанның Гер­ма­нияда жылы өтіп жатқанынан ел құлағдар болсын деген мақсатпен жергілікті теледидардан хабар мен баспасөз беттерінде мақалалар ұйымдастырдық. Мәдениет үйлері мен кітапханаларда тақырыптық кештер мен дөңгелек үстелдер, көр­мелер, викториналар көптеп өткізілді. Олардың соңы біздің бірлестік жанындағы “Айнхайт” (“Бірлік”) вокальды-аспапты ансамбльдің мазмұн­ды ойын-сауығына ұласып жатты. Осындай кездесулер бары­сын­да жүрек тербеген қуанышты сәт­тер аз болмады. Айталық, Абай атындағы кітапханада неміс әде­биеті мен мәдениетіне қатысты кітап­тар баршылық екен. Ол енді – заңдылық. Өйткені, заманында бұл кітапханада хакім ақынның өзі де болып, аударма түрінде болса да Гете, Шиллер шығармаларымен танысқан, танысып қана қоймай, солардың қайсыбірін қазақ тіліне өте жатық аударған. Өткен жылы, сондай-ақ мек­тептер мен жоғары оқу орын­да­рын­да болып, оқушы-студент­тер­мен жиі кездесулердің сәті түсті.   Сонда жастарымыздың білмекке құлшынысын аңғарып, риза бол­дым. Олардың әлем халықтары­ның тынысын тамыршыдай тап басқан танымына сүйсіне отырып, елдер арасындағы осындай бай­ланыстың қай кезде де қажет екендігін түйсіндім. Өткен жыл оқиғасына осы­лай­ша бірер мысалдармен көз жүгір­тіп өткен бірлестік төрағасы бұдан кейін әңгіме барысын биылғы ша­раға қарай бұрған. Германияның Қазақстандағы биылғы жылына орай республикалық қоғамдық қауымдастық тарапынан да, бұлар­дың бірлестігі тарапынан да іс-шаралар тізімі жыл басында-ақ жасалып үлгеріліпті. Әдеттегідей ол жергілікті теледидар хабарына қатысып, биылғы шараның өзіндік маңызына тоқталған. Осы орайда, Анатолий Рудоль­фо­вич жергілікті тележурна­лис­тердің құрғақ сөзбен шектелмей, хабарды қызғылықты сюжеттермен толықтыра білгендігіне өз риза­шы­лығын білдіріп отырды. Мәселен, қала көшелерінде Германияның Қазақстандағы жылына орай жүргізілген сауалдамалар мен сол Германиядан жеткізілген сапалы құрал-жабдықтардың өңір эконо­микасын дамытудағы маңызын көрермен қызыға көретіндігіне дау жоқ. Хабарда, сондай-ақ ғылым мен мәдениет жаңалықтары да назардан тыс қалмаған. Айталық, осы өңірдегі Делбегетей деген жерде Германиядан келген экс­пе­диция жұмыс істеп жатқан көрі­не­ді. Әлгі экспедиция осы жерден бұдан 3-3,5 мың жыл бұрынғы шах­та орнын тапқан көрінеді. Кейін бұл жер ашық аспан астын­дағы мұражайға айналуы әбден мүмкін. Содан соң әлгі хабарда үш тілді – қазақ, орыс және неміс тіл­дерін жетік білетін Лариса Заха­рова деген неміс қызы 2001 жылы Абайдың қара сөздерін Алматыда немісше бастырып шығарса, биыл ол Германияда қайта басылып шыққалы жатқаны айтылады. Бұл, әрине, үлкен жаңалық. Кезінде Семейде қызмет жасаған, қазірде Алматыда тұрып жатқан Лариса Арташевнаны біз де білуші едік. Ол кісінің мына қарекетін хакім Абайға, Абай арқылы қазақ халқына көрсетіп отырған құрметі деп түсіндік. Ал семейліктер тара­пынан неміс халқының ұлы ақы­ны Гетеге құрмет көрсетілгеніне де біршама жылдың жүзі болып қалды. Яғни, мұнда орталықтағы бір көшеге Гете есімі берілген болатын. Бірлестік төрағасы екі ел өмі­ріне қатысты мұндай жарқын мы­салдар көп екенін айта келіп, со­ның және біріне тоқталған. Ке­зінде Семей өңіріндегі немістердің саны 40 мыңның үстінде болған. Қазірде содан 13 мыңы қалыпты. “Енді мына бір дерекке назар аударыңызшы, – дейді ол. – Германияда Шпайхен деген қала бар. Семей өңіріндегі Переменов ауылынан сол жаққа қоныс аудар­ған осы ауыл тұрғындарының 80-ге жуығы аталған қаланың бір кә­сіп­орнында жұмыс істейді екен. Со­ның ішінде қалалық муни­ци­па­литетке қызметкер болып кірген кешегі жерлесіміз де бар көрінеді. Неміс қызына үйленген Дәуітов деген қазақ азаматы да сол жақта тұрады. Бұлардың қай-қайсы бол­масын Семей өңірімен байла­ны­сын үзген емес. Енді олар Семей мен Шпайхенді бауырлас қалалар­ға айналдыруға күш салып жүр”. Анатолий Рудольфович солай дей келіп, келесі кезекте бізді өз­дерінің Германияның Қазақстан­да­ғы биылғы жылына орай жа­саған іс-шараларымен таныстыр­ған. Бүгінде мұндағы Қазақстан халқы кіші Ассамблеясының кө­мегімен облыста тұратын немістер туралы деректі фильм түсіріліп жа­тыр екен. Оның арасында осын­дағы былтырғы жылы жаңадан ашылған Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мектебінде, қарттар үйінде, әдеттегідей мәдениет ме­ке­мелері мен кітапханаларда тақы­рып­тық кештер мен дөңгелек үстел­дер, көрмелер өткізілмек. Оның соңы “Айнхайт” ансам­блінің өнер сауығына ұласпақ. Сөз арасында бұл ансамбльдің жетек­шісі Марина Ляпинаның кезінде Германияда оқып, білім толықты­рып келгенін айта кетейік. Яғни, М.Ляпинаның әлгіндей кештерде алыстағы ел туралы да айтары бар. Өткен наурыз айында неміс мәдениетіне арналған облыстық фестиваль өткізілді. Одан кейінгі жерде “Алыс та жақын Германия” деген тақырыппен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Мемлекеттік тілді меңгеру жөнінен өтетін облыс­тық сайысқа неміс жастарын даяр­лау ісінен де бірлестік сырт қалмақ емес. Міне, жоспардағы іс-шара өстіп бір-біріне жалғаса бермек. Содан соң өңірімізге Германия жағынан келетін түрлі өнер деле­гацияларын да күтіп отырған жайы­мыз да бар, дейді ол. Соған орай аталған елдің салалық ми­нистрлігінен мәдениет жөніндегі сарапшы бұл жаққа арнайы келіп, бірқатар мәдениет мекемелерінің мүмкіндігін алдын ала көріп кетіпті. Келгенше қонақ, келген соң үй иесі ұялады, дейді ғой қа­зақ халқы. Бұл тұрғыдан алғанда екі жақтың да ұялып қалмай­тын­дығына нық сенімдіміз, дейді Анатолий Визе мырза. Екі ел арасындағы жалғаса тү­сіп келе жатқан баянды байланыс байламы, міне, осындай. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. СЕМЕЙ.
Соңғы жаңалықтар

Көнеден жеткен теркеш

Жәдігер • Бүгін, 10:52

Тұлпарды тұсамас болар

Зерде • Бүгін, 10:45

Құнды сурет құпиясы

Таным • Бүгін, 10:37

Көл жағасы тазартылды

Талбесік • Бүгін, 10:22