19 Маусым, 2010

ИСЛАМ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ҰЙЫМЫ: МІНДЕТТЕР МЕН МҮМКІНДІКТЕР

4833 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
2010 жылдың 18-20 мамырында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев бастаған делегация Тәжікстанда өткен Ислам Конференциясы Ұйымының (ИКҰ) Сыртқы істер министрлері кеңесінің 37-сессиясына қатысып қайтқан болатын. Делегация құрамында ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының мұсылмандарды шеттету және кемсітумен күрес жөніндегі жеке уәкілі, ҚР Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Әділ Ахметов те болған. Төменде сенатордың Ислам Конференциясы Ұйымы туралы мақаласын оқырман назарына ұсынып отырмыз. Алдағы кезде Қазақстан төрағалық етпекші болып отырған Ислам Конферен­ция­сы Ұйымы – Азия, Африка, Еуропа және Оң­түстік Аме­рика құрлық­та­рының үлкен географиялық аймақтарын мекен­дей­тін, халықтарының жалпы саны 1,5 миллиардты құрайтын 57 мем­лекеттің (оның сыр­тын­да бес ба­қылаушы ел мен бес ха­лық­аралық ұйым бар) басын бірік­тіріп отырған үлкен халықаралық форум. Ұйымға мүше елдер Жер шарының алтыдан бір (32,4 млн. шаршы км.) бөлігін иемденеді және олардың ішкі жалпы өнімінің көлемі 2009 жылы 7,5 трлн. АҚШ долларына теңелді. Бұл көрсеткіш бойынша бүгін олар алпауыт Қытайдан сәл ғана артта тұр. Қазір аталмыш Ұйымға мүше 45 елдің (12 кедей елді қоспағанда) жиынтық алтын-валюта қоры 981 млрд. АҚШ долларын құрап отыр. Олардың табиғи ресурстары да өте бай. Бұл көрсеткіш бойынша Ұйым­ға мүше елдер қазір әлемдік жер байлығының 65 пайызына қожалық етіп, шикізаттың 45 пайызын өндіреді. Қазіргі кезде ірілігі жағынан Біріккен Ұлттар Ұйымынан кейінгі екінші орынды иемденетін Ислам Конференциясы Ұйымы 1969 жылы құрылған болатын. Бірақ о баста аталмыш ұйым Бүкіләлемдік ислам конференциясы (1926 ж.) деген атпен құрылып, кейін Ислам конференциясы форумы және “Әлемдік ислам конференциясы” деген атауларды да иеленген. 1969 жылдан бермен қарай Ислам Конференциясы Ұйымы өзіне мүше елдердің саяси проб­ле­маларымен қатар олардың әлеу­мет­тік-экономикалық, ғылыми-тех­ни­калық және мәдени салаларына қа­тысты түйінді мәселелерді шешу­мен үнемі айналысып келеді. Ұйым­ның ұстанған негізгі мақсаты – мұсылман елдерінің өзара қа­рым-қатынастарын тереңдете түсіп, олардың ортақ табиғи және адами байлықтарының сол елдердің өз мүдделеріне тиімді қызмет етуіне және тұрақты дамуына оң ықпал жасау және олардың әл-ауқат­та­рының артуын қамтамасыз ету. Ұйымның бас хатшылығы Сауд Арабиясының Жидда қаласында орналасқан. Ұйымның жарғысы бойынша Бас хатшыны бес жыл­дық мерзімге Ұйымға мүше елдер­дің бірінен Сыртқы істер министр­ле­рінің кеңесі сайлайды. Қазіргі Бас хатшы Экмеледдин Ихсаноглу мырза бұл лауазымға 2005 жылдың бірінші қаңтарында бекітілген болатын. 2008 жылы өткен Ұйым­ның он бірінші саммиті Э.Их­са­но­глу­дың бұл мандатын тағы бір ке­зеңге ұзартты. Бас хатшы 2007 жылы Қазақстанға жасаған ресми сапары кезінде Президент Назар­баевпен кездесіп, біздің елде “Ор­талық Азиядағы ислам өркениеті” деген тақырыптың аясында өткен халықаралық конференцияға қа­тыс­қан болатын. Э.Ихсаноглу Қа­зақстан мен Ислам Конферен­ция­сы Ұйымының арасындағы қарым-қатынастың кеңейе түсуіне үнемі ат­салысып келеді. Ол Қазақ­стан­ның 2011 жылы аталмыш Ұйымға төрағалық етуіне байланысты көте­рілген ұсынысты да бірден қол­даған. Зайырлы мемлекет ретінде Қа­зақ­стан бүгін ислам өркениетінің ажырамас бір бөлігі болып табы­лады. Халқының саны жағынан әлемде 62-ші орында тұрған Қа­зақстан мұсылман әлемінде 23-ші орынды иеленсе, жер көлемі жағы­нан олардың арасында бірінші орын­да. Сосын елі­міз тарихының мұ­сылман әлемімен ғасырлар бойы са­бақтас және халқы­мыздың руха­ни мә­дениетінің ислам өркениеті­мен ежел­ден тамырлас екені ешбір дау туғыз­байтын шындық. 1995 жыл­дан бері ИҚҰ-ға мүше мем­лекет ретінде Қа­зақ­стан бұл Ұйым­ның ат­қарып келе жатқан іс-шара­ларына белсене араласып, оның әлем қауым­дастығы алдын­да­ғы беделінің өсуі мен ислам әлемі­нің абы­ройлы форумы ретінде бұ­дан бы­лай да нығая беруі­не атса­лысып ке­леді. Ендеше, 2011 жылы осы бе­делді ұйымға бас­шылықтың Қазақ­станға өтуінің жер жүзіндегі мұсыл­ман қауымдастығы тарапы­нан біздің елге деген үлкен сенімі мен қолдауы деп қабылдаған жөн. Мән бермеуге болмайтын тағы бір фактор мынау. Бүгінгі таңда Қазақстан – тек Азия мемлекет­тері­нің ғана емес, сонымен қатар ТМД, сол сияқты күллі мұсылман елдерінің арасынан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағалығына тағайын­дал­ған бірінші мемлекет. Ал бұл шешімді ең әуелі мұсылман мем­ле­кеттері мақтаныш сезіммен қабыл­дады. Олай болатын жөні де бар. Себебі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының мақсат-мүдделері мен Ислам Конферен­циясы Ұйымының басты нысана­лары, кейбір ерекшеліктеріне қа­рамастан, бір арнаға тоғысып жата­ды. Өйткені екі ұйымның да көз­дегені – әлемдегі қауіпсіздік пен халықтар арасындағы ынтымақтас­тық, экономикалық-экологиялық қатерлерді тізгіндеу, адам құқығын сақтау және ксенофобиямен күрес жүргізу. Міне, осы тұрғыдан алып қарағанда, қазір Қазақстанның аталмыш халықаралық екі үлкен ұйымның арасын жақындата ала­тын мүмкіндігінің мол екенін Ба­тыс та, Шығыс та өте жақсы түсі­ніп отыр. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үстіміздегі жылы Ре­сейдің “Известия” газетінде жария­ланған мақалаларының бірінде көтер­ген сындарлы бастамалары ойға оралады. Онда Президент Қа­зақ­станның халықаралық аренада­ғы рөлінің алдымыздағы жылдары ұлғая түсетінін, атап айтқанда, біз­дің елдің бірнеше абыройлы халық­аралық ұйымдарға басшылық ететі­нін тілге тиек ете келіп, еліміздің осы мүмкіндіктері мен әлеуетін ЕҚЫҰ мен өзге де халықаралық ұйымдар ұтымды пайдаланса, олар­дың абыройы бұрынғыдан да арта түсетінін мәлімдеген болатын. Айтса айтқандай-ақ, Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығынан алған тәжі­ри­бесінің келесі жылы еліміздің Ислам Конференциясы Ұйымына немесе Шанхай ынтымақтастық ұйы­мына, немесе Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары ке­ңесіне, ия болмаса ЕурАзЭҚ неме­се ТҮРКСОЙ-ға төрағалық еткен кезде үлкен еуразиялық аймақтағы қауіпсіздіктен бастап, әлемдік саяси, экономикалық, экология­лық, энергетикалық немесе азық-түлік саласындағы қауіпсіздіктің түйінді мәселелерін шешуде үлкен себі тиіп, пайдаға асатынына шүбә келтіруге болмайды. Осы тұста және бір елеулі саяси факторды атап айтсақ, артық бола қоймас деген ойдамыз. Ол – елі­міз­дің қазіргі мұсылман әлемімен орнатып жатқан қарым-қатынас­тарының биік белестерге көтеріліп келе жатқандығы. Бұл үрдіс еліміз­дің болашақ мүдделеріне де, ішкі-сыртқы саясатына да толық сай келеді. Осы тұрғыдан қарағанда, елімізге Ислам даму банкі тара­пы­нан қаржыландырып, осыған дейін іске асырылған және алда да іске асырылатын ірі-ірі инвестициялық жобалардың қаншалықты маңызды екені айтпаса да түсінікті. Сонымен қатар Қазақстанның бүгінгі таңда Ислам Конференциясы Ұйымының толыққанды мүшесі дәрежесіне көтерілуі де жоғарыда аталған оң үрдістің тағы бір белгісі. Өйткені жақында ғана Тәжікстанда өткен аталмыш Ұйымның Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті сес­сиясында Қазақстанның Мемлекет­тік хатшысы – Сыртқы істер ми­нистрі Қанат Саудабаевтың Ислам Конференциясы Ұйымының жар­ғы­сына бүкіл мұсылман әлемі өкіл­дерінің алдында қол қойды. Сосын Қазақстан делегациясының жетек­шісі аталмыш Кеңесте тек Қазақ­стан Үкіметінің мүшесі ғана емес, Еуропадағы қауіпсіздік және ын­тымақтастық ұйымның қазіргі Іс басындағы төрағасы ретінде екі үлкен халықаралық форумды бір-біріне жақындата түсетін мәміле­гершілік қызметті де қоса атқарды. Қазақстан қазір Ислам Кон­фе­ренциясы Ұйымының басты инс­ти­туттарының жұмысына, атап айт­қанда, ИКҰ-ға мүше елдер көш­бас­шыларының тікелей қатысуымен әр үш жылда бір рет өтіп тұратын Ислам Саммитіне, Сыртқы істер министрлерінің жыл сайын өтетін кеңестеріне, Тұрақты Кеңес оты­рыс­тарына қатысып келеді. Оның оң нәтижелері де жоқ емес. Мәсе­лен, 2008 жылы Қазақстанның ИКҰ-ға мүше елдермен алмасқан тауар айналымының көлемі 10 млрд. АҚШ долларынан асып түсті. (экспорт – 8,7 млрд. долл., импорт 2,6 млрд. долл.). Бұл көрсеткіш, әрине, аз да емес, көп те емес. Ал егер Қазақстан мен ИКҰ-ға мүше елдердің экономикалық әлеует­те­рінің барлық мүмкіндіктерін толық жұмылдырып, жан-жақты іске қос­қан жағдайда, бұл үрдістің екі жақ­тың экономикалық даму қарқыны мен халық тұрмысына тигізетін оңтайлы әсерінің қаншалықты зор болатынын елестету онша қиынға соқпаса керек. Бұлай топшылаудың негізі де жоқ емес. Мәселен, Ислам Конференциясы Ұйымының келе­шек­ке бағытталған 10 жылдық бағ­дарламасы бойынша Ұйымға мүше елдердің ішкі өзара саудасының деңгейін қазіргі 16 пайыздан 20 пайызға дейін көтеру көзделіп отыр. Міне, дәл осы тұрғыдан келе­тін болсақ, Қазақстанның 2011 жылы іске асырмақшы болып отырған бастамасының мақсаты Астанада жетінші Әлемдік эконо­микалық ислам форумын өткізіп, оны мұсылман елдері үкімет бас­шылары мен мемлекет органдары жетекшілерінің және әйгілі эко­номистер мен мұсылман әлемінің іскер топтарының үнқатысу ала­ңына айналдыру болып табылады. Өйткені 21 ғасырда сапалы ақпа­рат­қа қол жеткізу экономиканың қай саласында болсын табысқа жетудің ең тиімді кілтіне айналып отыр. Cосын Қазақстанның бұл бас­тамасының Біріккен Ұлттар Ұйы­мының 2010 жылды “Мәде­ниет­тер жақындастығының халық­аралық жылы” деп атау жөнінде қабыл­да­ған арнайы шешімімен де әдемі үйлесім тауып тұрғанын елемей кету мүмкін емес. Сөз соңында Ислам Конферен­циясы Ұйымының 2005 жылы Мекке қаласында өткен кезектен тыс Саммитінде қабылданған Ұйым­ның он жылдық бағдар­ла­масының да мәнінің өте зор екенін атап өткен жөн сияқты. Өйткені Ұйымға мүше елдердің демокра­тия­лық жолмен дамуына ауадай қажет көпнысаналы бұл бағдарламаның нақты іске асуына Қазақстан да тікелей араласып, атсалысатынын естен шығармаған жөн. Әділ АХМЕТОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, сенатор.