Өнер • Бүгін, 08:20

«Париждегі екі әйел»

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры сахнасында 14–15 ақпан күндері Оңтүстік Корея, Ресей мен Қазақстан театрларының бірлескен жобасы – «Париждегі екі әйел» драмасы көрерменін қуантады.

«Париждегі екі әйел»

Айтулы спактакль – тек өнер емес, тарихи оқиғалар мен адам тағдырын зерттейтін көркемдік тәжірибе. Жоба Оңтүстік Корея­ның тәуелсіздік алғанына 80 жыл толуына арналған. Алғашқы көрсетілімі 2025 жылы Сеулде өтті. Астанадағы көрсетілім Оңтүстік Корея Республикасының елшілігі мен Корей мәдени орталығының қол­дауымен ұйымдастырылып отыр.

Қойылым оқиғасы 1940 жылдардағы Парижде өрбиді. Люксембург бағында кездескен екі әйел – Кореяның алғашқы кәсіби әйел суретшісі, тәуел­сіздік жолындағы күрескер На Хэ Сок пен А.П.Чеховтың «Шие бағы» пьесасындағы Раневская өткен өмір, жоғалған есімдер, азап пен үміт туралы сыр шертеді. Нақты тарихи тұлға мен әдеби кейіпкердің тоғысуы арқылы қойылым тәуелсіздіктің мәнін жеке адам тағдыры тұрғысынан ашады.

Жобаның басты ерекшелігі – үш елдің актерлері бір сахнада өнер көрсетуі. Қазақстан атынан Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық дра­ма театрының әртістері – еңбек сіңірген қайраткер, актер Асылбек Қапаев пен «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлы­ғының лауреаты, актриса Ақмарал Танабаева қатысады. Сонымен қатар Ресейдің Станис­лавский атындағы Электро­театры мен Оңтүстік Кореяның «PIAC» театрының актерлері сахнаға шығады.

Әртістерді іріктеу өткен жылдың қаңтар айында өтті. Кореяның «PIAC» театрының арт-директоры, режиссер Ра Чжин Хван Қазақстанға арнайы келіп, кастинг арқылы қатысушыларды таңдады.

Спектакль сахна тілінде Кореяның азаттық қозғалысын, Еуразия кеңіс­тігіндегі диаспора тарихын, тарихи жады мен адамгершілік құндылықтарды қайта жаңғыртады. Қойылымда Юн Дон Джу мен И Юк Са­ның поэзиясы, Ф.Дос­тоев­ский, А.Пушкин, Абай шығарма­ларымен қатар қазақ әндері де тамаша үйлесім тауып, азаттық ұғымын жалпыадамзаттық деңгейге көтереді.

«Бұл спектакль тек өткенді еске алумен шектелмейді. Ауыр естеліктер арқылы бүгінгі адам­ды қалпына кел­тіріп, бір-бірімізді түсінетін бола­шақты елестетуге мүмкіндік береді. Біз шынымен бір-бірімізді қабылдай аламыз ба?», дейді қойылым режиссер Ра Чжин Хван.

Спектакль қазақ, орыс және корей тілдерінде экрандық аудармамен өтеді. Айтулы премьера тарихи жады мен мәдени көптүрлілікті сақтап қана қоймай, көрерменге ой салып, адамгершілік құндылықтарды түсінуге мүмкіндік беретін ерекше мәдени іс-шара. 

Соңғы жаңалықтар

Референдум–2026. Онлайн-марафон

Референдум • Бүгін, 12:00

Төл өнеріміз – ИСЕСКО тізімінде

Қазақстан • Бүгін, 09:45