19 Маусым, 2010

СЕНІМ

594 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін
Диірменнің тасындай шыр айналған дүние. Бүгінгі болмыстың ертеңгі тарих екендігі бұлжымас заңдылық. Уақыт ағы­ны тоқтаусыз, оның сансыз иірімдері адам алдына қилы-қилы сынақтарын то­сып жатады. Жігер танытып, қайрат көр­сеткендер ғана оған жұтылмайды. Тәуел­сіздіктің 20 жылдығы қарсаңында тұрып, өзек өксітер өткен жолды еріксіз еске түсіресің. Азабы ауыр, күреске толы күре жол, салмағы шойын, тартысқа тұн­ған түре жол. Бүгінде барлығы да көрген түс­тей. Кешегі күннен алыс, ертеңгі күн­нен жақын жоқ деген. Ертең болып көк­жиек­тен ғана мұнартқан еге­мендіктің жиыр­ма жылдығына да аман-есен жетіп­піз. Толайым табыстарға, жалынды жа­сам­­­паздыққа, сергек сенімге толы кезең бұл. Егемендіктің елең-алаңы саналатын 90-жылдардың басы тұтас тоқырауға толы еді: ығыры шығып ыдыраған Одақ, сең соққандай дел-сал күйге түскен қоғам, жалақы мен зейнетақыдан қы­сылған халық. Азық-түлікті тұтыну кар­точ­калық жүйемен реттелетін. Заң­на­малық базасы жоқ, саяси жүйесі шат­қаяқ­таған, эконо­микасы екпінінен айырылған, бір сөзбен айтқанда, қоғамнан хал, әлеуметтен әл кетіп тұрған кезең еді ол. 12-ші шақырылымдағы Жоғарғы Ке­ңес өз қызметін осындай жағдайда бас­тауға мәжбүр болды. Бұл тұңғыш рет демо­кратиялық жолмен баламалы негізде сайланған, ел сенімін арқалаған депу­тат­тардан құралған Парламент болатын. Егемен елдің бірінші басшысы Нұр­сұл­тан Әбішұлы Назарбаев оның әрбір отыры­сын қалт жібермей қадағалап, қатысып отырды. Жасыратыны жоқ, ол кезде ертеңгі күнге сенімі селдір, болашаққа құрған болжамы бұлыңғыр уайымшылдар жетіп артылатын. Дегенмен де олардың қай-қайсысының да ой түкпірінде өнбойы жа­лынды жігерге толы, ісі мығым, ұс­танымы нық Нұрсұлтан Әбішұлына деген сенім жататын. 12-ші шақырылымдағы Жоғарғы Кеңес екі дәуірдің тоғысында қалған еді. Ол қызметін Қазақ КСР-інің Жоғарғы Кеңесі ретінде бастап, Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Парламенті санатында тәмам­дады (1990 жылдың сәуірі – 1993 жылдың жел­тоқсаны). Алайда ол нағыз тарихи міндетті мойнына артты және алып шықты. Менің ойымша, оның айшықты бағасы әлі беріл­ген жоқ. Десе де ол кезеңнің шындығын әділ ше­жі­релеу келер ұрпақтың еншісінде. Жо­ғар­ғы Кеңес “Қазақстан Респуб­ликасының Егемендігі туралы Декларация”, “Қа­зақстан Рес­публи­касының Тәуел­сіз­дігі туралы” Заң, дербес мемлекеттің тұңғыш Конституция­сы сынды тарихи құжат­тарды қабылдап, бүгінгі қолданыстағы мемлекет­тік рәміз­дер: Елтаңба, Ту және алғашқы мәтіндегі Әнұранды бекітті. Ең бастысы жас мемлекет жаңа даму жолын – Президент­тік басқару жүйесін таңдады. Бұл жүйенің қаншалықты дұ­рыс­тығына бүгінгі бейбіт өмір, бақуатты тұрмыс дәлел. Дегенмен ол кезеңді еске алсақ, арқа терің еріксіз тітіркенеді. Инфляцияның қарқыны қымбатқа түсті. Қандай да бір қабылданған шешімнің қолданысқа енуіне мүмкіндік бермеді. Айлық жалақы бір күндік қарапайым тұрмыс қа­жет­тілігінен-ақ аспады. Қайран қылуға мем­лекеттің қазынасы бос, қауқары аз еді. Әдетте тағылымды төзім мен ұста­ным­ға тәрбиелейтін ұстаздар қауы­мы­ның да дегбірі кетті. Сол кездегі Жо­ғарғы Кеңес ғимараты алдына жаппай шеруге де шы­ға­тын. Қаражат табудың қамымен білім беру қызметтерін де ауыстыра бастады. Осындай жағдайда мен бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын кө­теру туралы депутаттық сауал жолдадым. Бұл сол кездегі қоғамдағы жағдайды сәл де болса тыныштандыруға сеп болатын аса қажетті шешім еді. Депутаттық корпус (ол кезде 360 адам) бірауыздан ұсынысты қолдап, дауыс бердік. Сауалдың жолдануы жолданды, депу­таттар тарапынан қолдануы қол­данды-ау. Уәде берілді, бірақ ары қарай не істеу керектігін ешкім білмеді. Қаржы жоқ, қазына бос. Көңілді уайым басты, дегбір қашты. Бірақ екі күннен кейін Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың аталған мәселе бойынша арнайы ко­мис­сия құру туралы тапсырма бергендігін білдім. Оны көрнекті қоғам және мем­лекет қайраткері, сол кездегі Жоғарғы Кеңестің ұлттық сая­сат, мәдениет және тілдерді дамыту мәселелері жөніндегі комитет төрағасы Әбіш Кекілбаев басқарды. Сөйтіп, апта­лық мерзім ішінде ел басшылығы бюджет қызметкерлерінің жалақысын 30%-ға көтеру туралы шешімді қабылдады. Парламент қабылдап, ел Президенті қол қойған “Білім беру туралы” Заң қол­данысқа енген 1992 жыл жұрт жадында. Бұл да дер кезінде қабылданған маңызды құжаттардың бірі болды. Себебі, жаңа қабылданған заң бойынша мұғалім­дердің апталық жүктемесі 18 сағат­тан 14 сағатқа қысқартылды. Жыл­дың 13-ші жалақысы деп аталатын қо­сымша айлық белгіленді. Оқытушы­лардың баспанасы жеке меншікке берілетін болды және басқа да жеңілдіктер жасалды. Ары қарай, әрине, бірқатар нормалар сақталды, біршамасы өзгертілді. Деген­мен сол кездегі бюджет тапшы­лы­ғына қарамастан, аталған заңдардың қабыл­дануы батыл шешім болды. Бұл Ел басшысы үшін білім беру ісінің, ұстаздар тағдыры мен оқушы тағылымының қаншалықты маңызды екендігін дәлел­деді. Дәл осы шешімдер білім беру жүйе­сінің негізін сақтап, жаңа мемлекеттік сая­сатты түзуге көп септігін тигізді. Мек­тептер мен балабақшалардың, кәсіптік-техникалық училищелердің түпкілікті құрдымға кетуіне жол бермеді. Экономикалық қиындықтар болса да, жаңа мемлекеттегі жаңа леп сезілді, үзілуге шақ қалған үміттер жалғанды. Ұстаздар жағдайы жасалып, жаңашыл­дық орнықты. Ұтымды ұсыныстар, озық ойлар, жаңашыл көзқарастар қолдауға ие болды. Білім беру мекемелері жаңа қалып­қа түсті. Егемен елде пайда болған ең бірінші гимназия мен лицейлер, тұңғыш мемлекеттік емес мектептер де осы кезеңнің еншісінде. Бұл 1993-1994 жылдар болатын. Білім беру тәсіліне де тың тәжірибелер, жасампаз жаңалықтар енгізілді. Бір сөзбен айтқанда, барлық жерден нарықтық экономиканың ерек­ше­ліктері сезілді, меншіктің тың түрінің тиянақтылығы аңғарылды. Қоғам тұтас ал­ғанда жаңа мемлекетте жаңа ере­же­лермен өмір сүруді үйрене бастаған еді. Бұдан ары тәуелсіз Қазақстанның жаңа кезеңі басталды. Елбасының ке­ңесімен бұрынғы депутаттар қоғамдық өмірдің белгілі салаларына тікелей ара­ла­са бастады. Олардың интел­лек­туал­ды әлеуеті, ұйымдастыру қабілеттері, аза­мат­тық ұстанымдары нақты істе аса қажет еді. Себебі, жаңа қоғамдық құ­ры­лымға аяқ басқан жас мемлекет білімі кемел, білігі жоғары, әр істі болжай алатын, “Отан” сөзін кие тұта білер зиялы басшыларға зәру еді. Ал мені бұрынғы ұстаздық және осы Жоғарғы Кеңестегі білім және ғылым комитеті төрағасының орынбасары қыз­ме­тіндегі тәжірибемді ескере отырып, тә­уелсіздіктің бесігі – Алматы қаласына білім басқармасына басшылыққа жіберді. Мен бұл орында 14 жыл бойына табан аудар­май қызмет жасаппын. Бұл тәуел­сіздік тұғырын нығайтып, Елбасы белг­ілеген мемлекеттік саясаттағы білім беру жүйесін жаңаша жолға қойған жылдар еді. Барлығын басынан, қарапайым мәселе­лерден бастауға тура келді. Әрине, мек­теп деңгейін көтеру, мұғалімдерді қыз­метіне қайтару, білім берудің са­пасын ұстап тұру оңай болмады. Ме­к­теп­тердегі жарық пен жылудың жет­кі­ліксіздігінен туын­дайтын жанжалдар, ке­ліс­пеушіліктер, қолайсыз­дықтар ұмы­тылған жоқ. Осын­дай жағдайда тұрып ұстаздардан білім сапасын талап ету қиын еді. Дегенмен де қиын­дықтарға қарамастан, мұғалімдер қауымы табан­дылық пен төзімділік таны­та білді. Ұрпақ алдындағы парықты парыз­­дарына адалдық­тарын дәлелдеді. Нәтижесінде ұстаздардың ұтымды ұсы­ныс­тары мен тың идеялары “Алматы қала­сындағы білім беру ісін дамыту бағдарламасына” енгізілді. Қалалық педа­гог­тар мә­жі­лісінен соң әкімдіктің арнайы шешімі қабылданды. Ол мұғалім­дерді қосымша жалақымен қамтамасыз етіп, мектептерге арнайы есепшот ашуға мүмкіндік берді. Үздік мектептер ұжымын сыйақымен көтермелеу жүйесі енгізілді. Бір сөзбен айтқанда, білім беру мекемелерін ескі құндылықтармен ұстап тұру мүмкін еместігі айқын еді. Дәл осы кезеңде (1995 жылы) мем­лекет қамқорсыз балаларға арналған “Үміт үйін” құрды. Балаларға жан-жақты қолдау көрсететін, баламасы жоқ атал­мыш ұйымға еліміздің бірінші ханымы, “Бөбек” қорының президенті Сара Алпысқызы Назарбаева жетекшілік етті. “Бөбек” қорының қызметі отандық білім беру тарихындағы ең жасампаз жобалардың бірі болды. Жаңа мектептер ашылып, мұғалімдер мен оқушыларға қолайлы жағдайлар жасалатын болды. Өзара әділ бәсеке жо­лына түскен мектептер құлашын жазып, рухтарын көтере бастағаны байқалды. Білім жарыстары, беделді конкурстар жүзден жүйрік шыққандарды марапаттап жатты. Жеңіс тұғырынан көрінгендер “Жылдың ең үздік мұғалімі” атануға мүм­кіндік алды. XXІ ғасыр – бұл жаңа техно­ло­гиялық байланыстың серпінді дәуірі. Бү­г­інде әрбір мектеп оқушысы компьютер тілін жетік меңгеріп алды. Бұл қазір біз үшін осылай болуы тиіс қалыпты жағ­дайға айналды. Ал уақытында Мем­лекет басшысының 1997 жылғы 22 қыр­кү­йек­тегі “Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің Қазақстан Респуб­ли­ка­сын­­дағы орта білім беру жүйесін ақ­п­арат­тандырудың мемлекеттік бағ­дар­ламасы туралы” Өкімі шыққан кезде бұл бағ­дарламаның өміршеңдігі мен іске аса­тындығына сенген адам кемде-кем еді. Он үш жыл бұрын ең бесаспап мамандардың өзі республикада бірыңғай ақпараттық білім беру кеңістігін құру мүмкіндігіне сенімсіздікпен қарады. Орындалмас арман, қол жетпес қиялға балады. Дегенмен жылдар жылжып, уақыт жалғаса берді. Күндер өте аңыз деп болжанған жаңашыл ұсыныстар ақиқатқа айналды. Бүгінде еліміздің қала мектеп­тері де, ауыл мектептері де ком­пью­термен ғана емес, мультиме­диалық кабинеттер­мен, интерактивті тақталар­мен жабдық­тал­ған. Ақпараттық техно­ло­гия, интернет – бүгінгі қоғамның ажырамас құрамдас бөлігіне айналды. Мұның барлығы да Елбасының сарабдал саясаты мен болжампаз білігінің, көр­некті қайраткер­лігінің бүгінгі талассыз дәлелі бола алады. Бала – қай қоғамның да басты бай­лығы. Кемел келешектің кепілі ұрпаққа көрсетілер бүгінгі қамқорлықта жатыр. Бұл ақиқат. Осы кезеңде ел Президенті тағы бір жасампаз жобаны жария етті. Ол – “Қазақстан 2030” Стратегиясы. Өз Жолдауында Елбасы барлық балаларға бірдей білім беру жайын, жеткіншектер арасындағы темекі шегу мен алкогольді, нашақорлықты тыю мәселесін көтерді. Бұл жалпы қоғам болып күресетін міндет ретінде бекітіліп, саламатты өмір салтын қалыптастыру ісі мемлекеттік деңгейде қолға алынды. Жаңа Қазақстанның мемлекеттік ны­шан­дарын жаңаша қабылдау ұстанымы жолға қойылды. Бұл ретте Алматы қа­ласы республикада бірінші болып әрбір балабақшада, әрбір мектепте, білім беру мекемелерінде күнделікті таңмен таласа Әнұран шырқау дәстүрін енгізді. Негізгі мақсат ұрпақ зердесіне қай мемлекетте тұ­ратыны, Президенттің тұлғасы, мем­ле­кет­тік Ту мен Елтаңбаның маңы­зын, Ән­ұран­ның әсерлі ерекшелігін ұғынуды сіңіру еді. 2-3 жас пен 17-18 жас аралығындағы барлық бала сабақ алдында мемлекеттік тілде Әнұран айтатын. Жасыратыны жоқ, Әнұранның алғашқы нұсқасының мәтіні де, әуені де тым күрделі болды. Бала түгілі ересектердің өзіне оны түсіну, орындау қиынға түсетін. Кейіннен жаңа­дан қабыл­данған авторлары Ш. Қалдыаяқов, Ж.Нәжі­ме­денов, Н. На­зар­баев болып табы­ла­тын жаңа Әнұран ел көңілінен толық шықты. Оны қазір тілі енді шыққан балдырған да зор мақта­ныш­­пен шырқай алады. Әнұранның ерекшелігі де осында жатыр. Ел Президентінің қойған талабы бойынша Алматы қаласы мектеп түлек­те­рінің мектеп бітіру емтихандарының ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етудің жаңа тәсілін енгізді. Ол бойынша лототрон көмегімен шығарма тақы­ры­бын анықтайтын болды. Лототрон алдын ала жарияланған оннан аса тақырып­тардың ішінен бес-алтауын таңдайтын. Мұның барлығы “Рахат”, “Оңтүстік ас­та­на” телеар­на­ларынан тікелей эфир ар­қылы көрсетілетін. Ол үшін барлық мек­тептерге теледидарлар қойылды. Ем­ти­хан тапсыр­ған түлек, сонымен қатар бүкіл қала халқы бір уақытта шығарма тақы­рыптарын біліп отыруға мүмкіндік алды. Ел экономикасы қарқын ала бастады. Жағдай жақсарып, білім беру саласын қаржыландыру көлемі ұлғая берді. Осылайша бір кезеңде ел орталығын Алматыдан Астанаға ауыстыру туралы тарихи тағылымды жоба іске асты. “Жақсыдан шарапат” деген. Заңғар тұлғамен замандас болудың өзі бақыт. Ал онымен бетпе-бет кездесіп, жүзбе-жүз тілдесудің әсері тіптен бөлек. 1997 жыл­дың күзі мен үшін мәңгі есте қалды. Елі­міздің жаңа елордасы Астана қаласы бо­лып жария­ланған соң, Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Алматы қаласы активі мә­жі­лісіне қатысып, “Алматы қала­сының ерекше мәр­тебесі туралы” құжатқа қол қойды. Осы­лай ол бірінші кезекте алматы­лық­тар­ға рухани қолдау көрсетті. Мәжіліс барысында мен мәлімде­ген жағдаят Елбасы тарапынан қолдауға ие болды. 1997 жылдың желтоқ­санында Алма­ты қаласы өзінің елорда мәртебесін Арқа төсіндегі шаһарға ресми табыстады. Әуе­жай­ға жиылған қала халқы, облыс тұ­р­ғындары ақ жол тілеп, Елбасыны шы­ғарып салып тұрды. Прези­дент жиылған қауымның әрқай­сысына жекелеп тоқталып, қол алы­сып есендік тілесті. Менің де қолымды қысып, кезегімен жүре берген ол кенет кілт тоқ­тап, қайта бұрылып: “Бала­ларымызды жақсылап оқыт” деді қамқор үнмен. Менің көңілім бұзылып, көзіме жас іркілді. Қимас, тілекші сезімнің толқынысы еді бұл. Қасым­дағылар жапа-тармағай оның не айт­қанын сұрап жатты. Елбасының осынау сөздері менің бұдан арғы қыз­ме­тім­нің басты ұста­ны­мына айналды. Оның бола­шақ­қа, жастар­ға деген үлкен се­німін, өс­келең ұрпақтың бүгінгі білім алуы ер­теңгі тағдыры үшін қан­­ша­лықты ма­­ңызды екендігін біліп, қатты алаң­­дай­тындығын сезіндім. Барлығы да оның есінде екен, Жоғар­ғы Кеңес, 1993 жыл­­­дың желтоқ­саны, қала активіндегі менің баяндамам. Білім беру саласы үздіксіз жаңаруды үнемі талап етіп отырады. Бұл орайда, білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын әзірлеу және қабылдау жүйелі жүргізілетін болды. Жоспарлы түрде, кезең-кезеңімен. 2000 жылғы мем­лекеттік бағдарлама әлеуметтік си­пат­та қабылданды. Ол мектеп жасындағы бар­лық балалардың білім алуын қам­ты­ды, педагогтардың қызметі мен оқу­шылар білімінің бағамды негізгі өл­шемдері енгізілді. Мұғалімдер мен оқу­шылардың денсаулықтарын қорғау қам­тамасыз етілді. Алғашқы рет ауыл мек­те­біне ар­налған арнайы бағдарлама қабыл­дан­ды. 2005-2010 жылдарға арналған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдар­ла­масы басты мақсаттар мен бас­ым­дық­тарды белгіледі: яғни, қызмет сапасын көтеру мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, білім берудің мазмұнын жаңарту, оқытудың жаңа технологияларын қол­данысқа енгізу. Қазақстанның бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қата­рына қосылу бағдарламасы бойынша – даму­дың жаңа кезеңіне өтудегі мүмкін­діктер мен ұмтылысымыздың оң нәтижесін көріп отырмыз. Кадрларды оқыту мен тәрбиелеу – қашанда Елбасының басты назарындағы дүние. Мейірім тұнған ата-ананың өз баласына барлық жақсылықты жасағысы келетіні тәрізді, Президент те қазақ­стан­дық жеткіншектердің әлемнің ең озық жетістіктерін меңгеруі үшін барын салып келеді. Осы мақсатта осыдан он бес жыл бұрын “Болашақ” бағдарламасы қабыл­дан­ған болатын. Бұл отандық білікті кадр­ларды шет елдерде даярлап шы­ғаруға бірден бір мүмкіндік беретін жоба. “Болашақ” стипендиаттары бүгінде экономиканың барлық салаларында үздік әлемдік тәжірибелерді нәтижелі түрде енгізіп келеді. Әлемнің бірде-бір елі мұндай баламалы бағдарламамен мақтана алмасы анық. Ұрпақ қамы дегенде Елба­сы­ның әкелік қамқорлығы үнемі осындай. Бірінші басшының балалармен, ұстаз­дармен кездесулері үнемі ерекше әсерге толы. Әрбір кездесу Елбасының толағай тұлғасын әр қырынан тануға мүмкіндік береді. Жастармен, балалар­мен ол өте қарапайым араласып, шы­найы мейірімін байқатып тұрады. Ба­сым­дығын, ресми лауазымын сезіндірмеу – бұл екінің бірінде бола бермейтін үлкен қасиет. 2000 жылдың 25 мамырында Нұрсұл­тан Әбішұлы мектеп бітіруші тү­лек­тердің дәстүрлі “Ақ жол” фестиваліне қатысты. Бұл ұзын саны 30 мыңға жуық мектеп бітірушілер, ата-аналар, мұ­ғалімдер жиналған үлкен шара еді. Кейін осы кездесуден алған әсерлері туралы балалар көпке дейін айтып жүрді. Әсі­ре­се Президенттің қай мамандықты таң­дасаң да түптеп келгенде өз ісіңнің шынайы шебері болудың қаншалықты маңызды екендігі туралы ойы түлектер үшін өмірі ұмытылмас аталы өсиетке айналды. Мұндай кездесулердің тәр­биелік мәні мен әсері қашанда ерекше болмақ. Елбасы әр Жолдауында білім беру са­па­сын арттырудың, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастырудың, кәсіби жұмысшы ма­ман­дарды даярлаудың барынша қажетті және жаңа міндеттерін жүктеп келеді. Атап айтқанда, 500 білім беру мекеме­лерінің құрылысын жүргізу жөніндегі нақты тап­сыр­масы барлық талап­тарға сай келетін, за­ма­науи жаб­дықталған мектеп­тердің, ба­ла­­бақ­ша­лар­дың, кәсіптік-техни­калық ме­кемелердің пайда болуына бір­ден бір әсер етті. Бұл үрдіс тек қала­лар­­да ғана емес, ауылды жер­лерде бірдей жүргізіліп ке­леді. Тек соңғы бес жыл ішінде жүзден ар­тық бі­лім беру мекеме­лері пайдалануға берілді. Дегенмен де Мемлекет басшысының ең басты тапсырмасы – ол әрбір аза­мат­қа деген қамқорлықты қамтамасыз ету. Жалақыны, зейнетақыны, жәр­де­ма­қы­ны көтеру, бюджет қызметкерлеріне са­уық­тыру төлемдерін енгізу – осының айқын дәлелі. Бүгінде барлық өңірлердің басты мін­­деті ретінде педагогтар еңбегінің ма­ңыз­­дылы­ғын, әлеуметтік мәртебесін көте­ру, рухани және тұрмыстық мәсе­ле­лерін шешу ісі кешенді түрде қолға алынып келеді. Мысал ретінде Алматы қаласындағы тәжірибені атауға болады. Мұнда 2005 жылдан бастап “Жыл мұғалімі” кон­курсы өткізіліп келеді. Үздік атанғандар 50 пайыз­дық үстеме ақыға ие болады. Бай­­қаудың финалына шыққандар ау­қым­ды материалдық сыйлықтарға, пәтер­ге, авто­көлікке ие болып жатады. Мұға­лімдердің әдеп кодексін әзірлеу, бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақтандыру, эколо­гиялық таза ауыз сумен қамтамасыз ету, мектеп формасын енгізу, сабақ күні баста­лар алдында мем­лекеттік Әнұранды шыр­қау... Эко­ло­гия­лық патрульге қатыс­тыру – оқушыларды әлеу­меттендірудегі ең озық тәжі­ри­бе­лердің бірі болды. Бүгінде “Жыл мұ­ғалімі” клубы жұмыс жасап тұр. Қа­ла­дағы білім беру жүйесі республика бо­йынша ең жетекші орынға шыққан еді... Бұл тәжірибе бүгінде басқа өңірлер үшін үлгіге айналып, олар да байқаулар ұйымдастырып, баспанамен қамтамасыз етіп, сыйақымен көтермелеу істерін жаппай қолдана бастады. Мұғалім мәр­тебесін көтерудегі құрметтің ең үлкен үлгісін Елбасы көрсетті. Атап айтқанда, 2008 жылы 15 желтоқсанда алғашқы “Еңбек Ері” атағын Алматы қала­сын­дағы № 159 мектептің директоры, ұстаз Миразова Аягүл Төреқызына табыстады. Білім беру саласындағы әрбір жаңа­шылдық, өнегелі өзгерістердің барлығы – Елбасының бастамасы мен үлкен қамқор­лығының жемісі. 2008 жылдың 13 сәуірінде Мемлекет басшысы бір топ Мәжіліс депу­тат­тарын қабылдаған еді. Оның құрамында білім беру саласының өкілі ретінде мен де болдым. Нұрсұлтан Әбішұлы біз көтерген, әсіресе әлеуметтік саладағы әрбір мәселені үлкен ыждаһатпен қабылдады. Мемлекет басшысының жолдауларын іске асыру, тапсырмаларын орындау, бел­­­гіленген саяси ұстанымнан ауыт­қы­мау – бұлардың барлығы да Қаза­қс­тан­ның өркендеуінің кепілі ретінде көңілге нық сенім ұялатады. Елбасымен әр кездесу барысы сайын мен оның ресми тұлғасы үшін таңырқай қараудан жалыққан емеспін. Өте қара­пайым, мінезі жайдары ол кез кел­ген тақы­рыпта ашық әңгімелесе ала­тын­ды­ғымен тартымды. Алматы қаласының ұстаздары мен директорлар қауымы 2005 жылдың 5 қыркүйегін естерінде сақтап қалды. Бұл Нұрсұлтан Әбішұлымен болған керемет кездесулердің бірі еді. Әсіресе 9 сынып оқушылары үшін. Олар­дың тарих сабағына Президенттің өзі қатысқан еді. Елбасының кездесу барысында, “Біз осынау он төрт жыл ішінде жаңа мем­лекет қалыптастырдық. Қиын­шы­лық­тар­ды көрдік, кездескен ауырт­па­лық­тарды қайыспай көтере білдік. Бұл орайда мен еліміздің барлық ұстаздар қауымына шек­сіз алғысымды айтамын. Сіздер елімізді аман-есен дағдарыстан алып шығу ісінде темір төзімділік таныт­ты­ңыздар. Үміт­теріңіз бен сенімдеріңізді сақтай алды­ңыздар” деген сөздері кездесуге жиылған қауымды ерекше күйге бөледі. Олар Елбасының жүрекжарды тілегін, мейірімін, өздеріне деген сенімін сезінді. Сондықтан да олардың әрқайсысы “Бұл менің Президентім” дегенді үлкен мақта­нышпен айта алады. Гүлмира ИСІМБАЕВА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.

* * *

ЕЛБАСЫ АНТЫ Елім, Ерім деп маған Төріңді бүгін бұйырттың, Түндігін түріп, тұманын серпіп тұйықтың. Тұнжырап жатқан Далаңа тыныс бердің де, Бойыңды билеп, көңліңді демдеп, ұйыттың. Көзімді қадап көсілген шалқар бейнеңе, Қазақпын деген мақтаныш қонар кеудеме. Бабадан қалған тектілік тұрпат тіріліп, Дарияда талмай ілесті көшке дәу кеме. Елім, егемен болдық, елдіктің күйін шертетін, Бұрауы келіп тұрғандай сазды перненің. Алдыңда сенің мың мәрте тұрып бас ием, Егемен елім, Кеше мен Бүгін, Ертеңім! Жерім, Бабадан қалған баянды байлық-мұрамсың, (Қиястық қылсам, Аталар, жауап сұрарсың). Тулақтай жердің аялап ырыс-нәсібін, Болмағым парыз тым аршыл. Жаныңа сенің келтірмей мүлде кінәрат, Алармын шара іс қылмау үшін бір ағат. Барыңды базар етуге барды салармын, Өмірде керек, әрине, сабыр, қанағат. Қасиет сіңген, Қара жер, сенің құлыңмын, Қайқайған қылыш секілді қайсар ұлыңмын. Қанына тартып жаралған қазақ баласы, Қадірін білмек сыйлаған халқы тұғырдың. Халқым, бұл үшін мың-мың өзіңе айтар алғыс-сыр, Аялай берсін жүзіңді жарқын таңғы нұр. Атағың сенің алысқа кетсе деп едім, Жер-жаһан танып мәңгі бір. Қайнарым сенсің, тұп-тұнық мөлдір бұлағым, Шынарым да өзің, ұраным да өзің, шырағым. Халқымның даңқы ғасырдан асып ғасырға, Қазақтар десе бар әлем түрсе құлағын. Өмірлік мақсат, нақ осы арман көксеген, Болашақ ғұмыр боларға баян бек сенем. Бұйырған бақ-тақ: Еліме, Жеріме, Халқыма Ақ адал қызмет етумен дәйім өтсе екен!!! Ғалым ӘРІП, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Маңғыстау облысы.