19 Маусым, 2010

БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ – БАСТЫ МӘСЕЛЕ

830 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Халқымыз “Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ” дегендей, өмір ұрпақ жалғастығынан тұрады. Табиғаттың кемелдігі сол, егер елде баласы да, жасы да, егдесі де, қарты да, қыс­қасы, барлық буын өкілдерінің тепе-теңдігі сақталмаса, үндестік пен үйлесімділік заңы бұзылады. Соңғы екі жылда балалардың құқығын қорғауға қатысты бірнеше заң қабылданды. Атап айтқанда, Біріккен Ұлттар Ұйымының адамдарды, әсіресе, әйелдер мен балаларды сатудың алдын алу мен жолын кесу және ол үшін жазалау туралы хаттамасын бекітуді қарастыратын заң қабылданды. Сол секілді “Қазақстан Республикасының кейбір заң­на­малық актілеріне отбасы үлгісіндегі бала­лар ауылы және жасөспірімдер үйлері мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңда жетім балаларға және ата-ана­сының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған интернаттық білім беру ұйым­да­ры­ның жанынан дербес мекеме ретінде жасөспірімдер үйлерін ашу мәселесін заң­на­ма­лық тұрғыдан реттеу қарастырылған. Сондай-ақ еліміз “Қазақстан Респуб­ли­касының Балаларды қорғау және баланы ше­тел­дік асырап алуға қатысты ынтымақтастық ту­ралы конвенцияға қосылуы және оны рати­фи­ка­циялауы туралы” Заң қабылдады. Мен осы заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобының жетекшісі болдым. Енді балалар үй­інде тәрбиеленушілер жөнінде ой қозғау үшін бірқатар деректерге назар аударсақ. Нақты мысалдарға сүйенсек, бүгінгі таңда Қазақстанның барлық өңіріндегі қалаларда орналасқан балалар үйінде 15 мың 116 бала тәрбиеленуде. Солардың 8 мыңнан астамын асырап алуға болады. Ал Қазақстан азаматтары асырап алған балалар саны 28 мың 829-ға жеткен. Шетелдік азаматтардың асырауға алғаны 8 мың 169 бала екен. Шетелге кет­кен балалардың қатары 2009 жылы 2008 жылға қарағанда 40 балаға азая түскен. Дегенмен де, асырап алу мәселесінде де то­лық шешімін таппаған түйткілдер бар. Сон­дық­тан балалар құқығы туралы конвенцияның баптары негізінде ұлттық заңнамамызды жетілдіре түскеніміз жөн. Қазір Мәжілісте “Неке және отбасы туралы” кодекстің жобасымен жұмыс істеу аяқталып келеді. Осы кодекске Парламент депутаттары жаңа баптар енгізді. Яғни, баланы асырап алатындарға та­лап күшейтілді. Айталық, дәстүрлі емес жы­ныстық қатынасқа бейім адамдарға, отбасында әкесі не шешесі болмаған жағдайда, бұрын сотталған­дарға, 50 жастан асқандарға, материалдық жағдайы көтермейтіндер мен тұрғын үйі жоқ әулет­те­р­ге балаларды асы­рап алуға тыйым салынып отыр. Бұл дұрыс шешім деп есеп­теймін. Өйт­кені, әр бала ынтымағы жа­рас­қан, берекелі отба­сында мейірімге бө­леніп, бағы жануы тиіс. Онсыз да қам­кө­ңіл балалардың жүрегі жа­раланбағаны жөн. Кейін оның құқығын қорғап жүргеннен гөрі, ондай жағдайдың алдын алғанымыз абзал. Осы кодексте баланы асырап алу үдерісін жүргізу қызметін көрсететін агенттік құруға рұқсат ететін жаңа бап болмақ. Өйткені, заңды түрде осы мәселемен айналы­сатын, нақты жауап беретін агенттік қажет. Баланы асырап алудың үш түрлі негізі қарастырылған. Қамқорлыққа алу, патронат (күтімге алу) және асырап алу. Патронатқа ғана жәрдемақы төленеді. Ай сайын бала күтіміне 10 АЕК көлемінде ақы беріледі. Тәрбиешіге 14 мың теңге шамасында еңбекақы қарастырылған. Патронаттық тәрбиеге 2009 жылы жергілікті бюджеттен 605 млн. теңге бөлінген. Бұл алдың­ғы жылмен салыстырғанда 170 млн. теңгеге көп. Әлі де бала асырап алғысы келетін Қазақстан азаматтары баршылық. 2010 жылғы 1 қаңтарда есепке алынған мәлімет бойынша, бала асырап алғысы келетін өз азаматта­рымыздан түскен 1195 өтініш бар екен! Барлық ата-ана да дені сау баланы асырап, алғысы келетіні жасырын емес. Сонымен қатар, балалардың ұлттық тегі мен жас ерекшелігіне де қарайтыны белгілі. Білім және ғылым министрлігінің есептеуі бойынша, ай сайын бала күтіміне төленетін 10 АЕК ақыны назарға алсақ, ел бюджетінен 4 млрд. теңге бөлінуі тиістігі белгілі болып отыр. Егер осы мәселе таяу келешекте шешімін тапса, көздері жаутаңдаған жетім балалардың басым бөлігі дұрыс тәлім бере алатын, мейірімді шуа­ғымен қарсы алатын отбасында тәрбие­ленетін болады. Келесі мәселе – балалар үйінің түлегі. Жыл сайын балалар үйінен екі мыңнан астам жасөспірім түлеп шығады. Яғни, қаттырақ айтқанда, шығарылады. Әрі қарай олар өз күндерін өздері көреді. Бірі оқуын жалғастырса, екіншілері жұмысқа орналасады. Балалар үйінен шыққандарға өте қиын екені ешкімге де жасырын емес. Өйткені, тұрғын үй жоқ, бұ­рын­ғы кездегідей оқу орындары мен кәсіп­ор­ынд­ар­дың жатақханалары жоқ. Қамқор болатын туыс­тары да жоқ, олар көбіне жұмыс таба алмай қи­налады. Депутаттар алдында ондай жас­өс­пірімдерді әлеуметтік және құқықтық қорғау саласында мемлекеттік кепілдікке ие болатындай заңдық негізді қалап беру міндеті тұр. Парламент Мәжілісінің депутаттары “Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйлері туралы” Заңға және “Тұрғын үй қаты­нас­тары туралы” Заңға толықтырулар енгізді. Соған сәйкес енді ата-аналарының қамқорлығынсыз қал­ған балаларға мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалға үй алу құқығы берілетін болды. Бұған құқығы бар жетім балалардың жасы 23-ке дейін ұзартылды. Жыл сайын пәтерлер көбірек бөлінсе де, ең қиыны балалар үйі түлектерінің мәселесі болып тұр. Мәселен, 2009 жылы 100-ден астам балалар үйінің түлектері тұрғын үймен қамтылған. Айта кету керек, Батыс Қазақстан облыстық әкімдігі балалар үйінің түлектеріне 42 пәтер бөлген. Сол секілді Ақтөбе – 20, Қостанай – 18, Атырау – 9, Қарағанды облыстық әкімдігі 8 жасөспірімді үймен қамтамасыз еткен. Осы орайда аталған өңірлердің басшылығына игі істері үшін ризашылығымызды білдіреміз. Мұның сыртында елімізде жасөспірімдердің 27 үйі жұмыс істейді. Онда 1300-ден астам балалар үйінің түлектері тұрып жатыр. Алайда, әлі де көптеген тәрбиеленушілер тұрғын үймен қамтамасыз етуді қажет етеді. Қоғамдағы келесі бір өзекті мәселе – тұр­мыстық зорлық-зомбылық. Өткен жылы “Тұр­мыс­тық зорлық-зомбылықтың алдын алу тура­лы” Заң қабылданды. Осы заңға 2009 жылы 5 желтоқсан күні Мемлекет басшысы Н.Назар­баев қол қойды. Бұл заң біздің қоғам үшін өте қажет. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынас саласында құқық бұзушылыққа барған 30 мыңнан астам адам есепте тұрады. Әр отба­сында балалар бар. Мәселен, Алматы қала­сында тұрмыстық зорлыққа ұшырағандардың телефон шалуы үшін “150” қызметі жұмыс істейді. Соңғы жылдарды есепке алғанда, осы қызметке 25 мыңнан астам адам шағымданған. Оның ішінде 5 мыңнан астамы балалардың құқығы бұзылуы­на байланысты болып отыр. Жаңа заңға сәйкес бүгінде балалардың құқығын бұзған адам заң алдында жауап беріп, тиісті жазаға тартылады. Адамның ең қызықты шағы балалық кезі ғой. Халқымыз “Адамның балалық шағы – патшаның тағы” деген. “Бала – адамның бауыр еті” деп те тегін айтпаған. Сондықтан, әр баланың әкесі мен анасы қасында болып, бақытты өмір сүруін тілеймін. Бағила БАЙМАҒАМБЕТОВА, Мәжіліс депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты.