19 Маусым, 2010

“ОРАЛМАН” ДЕСЕ ОҢ ҚАРАП, “АЗАМАТ” БОЛСА СОЛ ҚАРАЙТЫН ҚАНДАЙ ЗАҢ?

544 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Парламент Сенатында “Қазақстан Республикасындағы миграциялық үдерістер мен мигра­ция саласының заңнамаларын жетілдіру перспективалары” атты тақырыпта ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Оны Сенаттың Әлеуметтік-мәде­ни даму комитетінің төрағасы Ақан Бижанов ашып, жүргізіп отырды. Алғашқы болып құттық­тау сөзді Парламент Сенатының Төр­аға­сы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығы­ның басшысы, елші А.Кельчев­ский Мәс­кеудің халықаралық қа­ты­настар институтының профес­соры А.Ка­мен­ский және басқалар сөйлеп, осы мәселенің халықара­лық маңы­зы туралы әңгімеледі. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбді­қалықова миграциялық үдерістер және оларға қолданылатын заңна­маларды жетіл­діру перспекти­ва­­­лары бағытын­да баяндама жасады. Қазір “Халықтың көші-қоны туралы” жаңа заң жобасы талқы­лану үстінде екені белгілі. Атал­мыш кон­ференция сол заңды қабыл­дау алдын­дағы үлкен пікір алмасу екені даусыз. Соны білген оралмандар­дың респуб­ликалық “Жебеу” қоғам­дық бірлесті­гінің директоры Рақым Әйіпұлы деген азамат та осында келіп, өз пікір­лерін ортаға салғысы келген екен, бірақ түр­лі себеппен ішке ене алмай қалып­ты. Оның ай­туынша, жаңа заң жоба­сы бойынша “оралман” мәртебесі азамат­тық алғаннан кейін бірден жойылады екен, қолданыстағы заңда солай және сол күйі қалыпты. Рақым Әйіпұлының айтуынша, бұл дұрыс емес, өйткені, барлық жеңілдіктер мен материалдық қолдаулар бұл жағдайда азаматқа берілмейді. Ал оралман кезінде Қазақстанның көмегін алып, артынан ізім-қайым тайып тұратын алаяқтар да жоқ емес екен. Осы сөздерді кон­ферен­­цияда сөйлеген Дүниежүзі қазақтары ассо­циа­циясы төрағасы­ның орынба­сары Сұлтанәлі Балғабаев та айтты. Осы­ның өзі сыбайлас жемқорлыққа да жол ашуда, деді ол. Қандай да бір жасанды құжаттармен келген біреу­лерге оралман, деп млн.-даған теңге көле­мінде қолдау көрсетіп, артынан ондайлардың жоқ болып кеткендері де бар. Осы тұрғыда қылмыстық істер де қозғалды, бірақ заң жобасы сол қалпында қалып отыр, деді ол. Сондай-ақ конференцияда се­натор А.Башмаков, Мәжіліс депута­ты, заң жобасы жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Ж.Сү­лейменов және басқалар сөйледі. Жақсыбай САМРАТ.