Білім • 01 Шілде, 2024

Сәтбаев университетінің студенттері ант қабылдады

157 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сәтбаев университетінің 447 студенті Қазақстан армиясының запастағы офицерлер қатарына қосылды. Олар 17 әскери мамандық бойынша арнайы дайындық бағдарламасын аяқтады, деп жазады Egemen.kz.

Сәтбаев университетінің студенттері ант қабылдады

Ант беру рәсіміне университет басшылығы, Әскери іс институтының офицерлері, әскери ардагерлер, студенттердің туыстары қатысты. Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын офицерлік шен алған 3-курс студенті Алмасбек Әбдежами көтерді. Ол еліміздің батысында су тасқыны зардаптарын жоюға қатысқаны үшін Сәтбаев университетінің алтын медалімен марапатталды. Сондай-ақ Сәтбаев шыңына шығуға қатысқан студенттер де университет басшылығы атынан марапатқа ие болды.

«Мен Сәтбаев университетінің 90 жылдығы және Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125 жылдығы тойланатын мерейлі жылы Сәтбаев шыңына шығу экспедициясының қатысу бақытына ие болдым. 20 маусым күні 4 мың метрден астам биіктікте болашақ студенттерге 10 жылдан кейін біздің өрлеуімізді қайталап, аты аңызға айналған Политех түлектерінің дәстүрлері мен даңқты істерін жалғастырулары үшін жолдау қалдырдық», деді Әскери іс институтының түлегі Снежана Колесникова.

вв

Әскери іс институтының оқу бағдарламасы теориялық сабақтарды ғана емес жан-жақты практикалық дайындықты да қамтиды. Екі жыл оқу барысында студенттер екінші мамандықты меңгеріп, запастағы лейтенант әскери атағын алып шығады. Сонымен бірге басшылық ету қабілетін үйреніп, көшбасшылық қасиеттерін шыңдайды.

«Бүгін сіздер Отанға адал қызмет етуге ант бердіңіздер, сондықтан осы әскери антқа адал болып, оны абыроймен алып жүріңіздер», деді Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев.

пп

Айта кетейік, Сәтбаев университеттің Әскери іс институтының тарихы 1940 жылдан, яғни Қазақ тау-кен металлургия институтында Әскери кафедра ашылған кезеңнен басталады. Сұрапыл соғыс жылдарында университеттің алты өкілі Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Соғыстан кейінгі жылдары мұнда екі рет Кеңес Одағының Батыры Талғат Бегелдинов білім алып, кейін ол Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің Құрметті профессоры атанды.

пп