Спорт • 01 Шілде, 2024

Астана күніне орай бұқаралық велошеру өтті

70 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астана күніне орай бұқаралық велошеру ұйымдастырылып, оған 700-дей әуесқой спортшы қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Астана күніне орай бұқаралық велошеру өтті

Фото: Астана әкімдігі

Дәстүрлі 25 шақырымдық қашықтықты бағындыруға қатысушылар Үркер елді мекенінің «Жасыл белдеу» саябағына дейінгі аралықты жүріп өтті.

Астана әкімдігі

Велошеруге Астана қаласы тұрғындарынан бөлек, Ақмола, Алматы, Атырау, Жамбыл, Павлодар облыстары және Шымкент қаласынан қатысты.

«Атырау облысынан келдім. Қазіргі уақытта Астанада оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатырмыз. Алдағы күндері велошосседен чемпионатқа қатысамыз. Бүгін демалыс болғандықтан, жаттығудан бөлек, «Жасыл белдеуді» де көрдім. Жап-жасыл. Ауасы таза, тып-тыныш. Жол бойы керемет суреттерге түсіп келдік. Қала күні уақытына тұспа-тұс келгенімізге қуаныштымын!», деді Жантілек Жолдас.

Сондай-ақ қатысушылар арасында лотерея ойнатылып, нәтижесінде 10 адам велосипед ұтып алды.

«Астана қаласы жыл сайын кеңейіп, спорт орталығына айналып келеді. Әр апта сайын бұқаралық жүгіру, велоспорт т.б. жарыстар жиі өтеді. Ал «Жасыл белдеудің» орны бөлек. Кәдімгідей сергіп қаласың. Ауа райы да өте қолайлы болды. Іс-шара соңында лотереядан велосипед те ұтып алдым. Бұл да мен үшін қосымша қуаныш. Баршаңызды келе жатқан қала күнімен құттықтаймын!», деді қала тұрғыны Серік Халелов.

Мереке соңында дәстүр бойынша барлық қатысушыларға палау мен тәтті компот таратылды.