Аймақтар • 19 Маусым, 2024

Сыр елінің ардагерлері - Ұлытау өңірінде

193 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Төскейде - малы, төсекте - басы қосылып жататын Сыр мен Қырдың байырғы байланысы бүгінде бұрынғыдан да бетер жандана түскен. Соның бір дәлелі іспетті,  сейсенбіде Қызылорда облысы Ардагерлер Кеңесінің  төрағасы Серік Дүйсенбаев бастаған 60-қа жуық ардагер Жезқазған жеріне табан тіреді.

Сыр елінің ардагерлері - Ұлытау өңірінде

Суретте: солдан оңға қарай: Ұлытау облысы Ардагерлер Кеңесінің төрағасы Сағындық Қожамсейітов, Қызылорда облысы Ардагерлер Кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев.

«Ұлы ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай облыс басшылығы  Ұлытауға ардагерлердің  сапарын ұйымдастыруға ұйтқы болды. Бізге арнайы жайлы автобус бөлді. Ұлытау - тарихи ескерткіштерге бай өлке.  Ежелгі дәуірлердің жәдігерлері тұнып тұрған аймаққа бұрын-соңды  жолы түспеген ардагерлеріміз бұл қамқорлыққа қуанып қалды. Мақсатымыз - елмен, жермен танысу, білісу, тәжірибе алмасу», деген Серік Әбішұлы ұлытаулық азаматтарға құшақ жая қарсы алғаны үшін алғыс білдірді.

Елімізге танымал жырау Әділхан Қуаңбаев Сыр елінің жүрекжарды сәлемін  арнаумен жеткізді.

Қызылордалық ардагерлердің құрметіне жайылған дастарханда  олардың сапарларына облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы, облыстық Ардагерлер Кеңесінің төрағасы Сағындық Қожамсейітов, облыс прокуроры Жасұлан Еламанов,  «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Ардагерлер Кеңесінің төрағасы Төлеген Бүкіров, Қ.Сәтбаев атындағы музейдің директоры Кенжал Балкенов сәттілік тіледі.

Ардагерлердің арасындағы ең үлкен ақсақал, сексеннің сегізіндегі Серәлі Әлімбаев ақсақал: «Жасымның ұлғайып қалғанына қарамастан Ұлытауды көріп, тарихи орындарды аралағым келді. Сондай мүмкіндік туғызған Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, біздерді құрақ ұша қарсы алған Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы бастаған азаматтарға алғысым шексіз. Екі елдің ынтымақты, бірлікті мұрат тұтқан тірліктері табысты бола берсін», деп ақ батасын берді.

 


Жезқазған