Құқық • 19 Маусым, 2024

Ақшалай өндіріп алу шарасы

38 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ақшалай өндіріп алу – әкімшілік процеске қатысушылардың өздерінің іс жүргізу міндеттерін орындауын, сондай-ақ процеске қатысушылардың және басқа да адамдардың сот талқылауы кезінде дұрыс мінез-құлқын қамтамасыз етуге бағытталған әкімшілік мәжбүрлеу шарасы.

Ақшалай өндіріп алу шарасы

Фото: astana.sud.kz

Әлеуметтік желілерде, бұ­қаралық ақпарат құралдарында Әкім­шілік рәсімдік-процестік кодекс аясында ақшалай өндіріп алу туралы көптеген судьяның жарияланымдары бар. Алайда кей­бір мемлекеттік органдардың өкілдері осы уақытқа дейін бұл сот шарасына әлі де тиісті мән бермей отыр.

Ақтөбе облысының маман­дандырылған ауданаралық әкім­шілік соты 2024 жылдың бірін­ші жартыжылдығында ақша­лай өндіріп алу туралы 21 ұйға­рым шығарды. 2023 жылдың ұқсас кезеңмен салыстырғанда бұл сан үш есе өскен, өткен жылы ақшалай өндіріп алу туралы ­6 ұй­ғарым шығарылған.

2024 жылдың жартыжылды­ғында Ақтөбе облысының ма­ман­дандырылған ауданара­лық әкімшілік сотында ӘРПК-нің 127-бабының 3-бөлігімен көзделген ақшалай өндіріп алу қолданылмаған. Тек 127-баптың 4-бөлігімен ақшалай өндіріп алу қолданылған. 127-баптың 4-бөлігіне сай соттың талабын, сұрау салуын орындамағаны, әкімшілік іске қатысушы адам­ның сотқа келмегені, сотқа уақтылы хабарламағаны, кері қайтарып алуды уақтылы бер­ме­гені, сот отырысында төр­ағалық етушінің өкімдеріне бағын­бағаны, сотта белгіленген қағидаларды бұзғаны, сондай-ақ сотты және (немесе) судьяны құрметтемегені туралы анық куәландыратын өзге де әрекеттер (әрекетсіздік) үшін сот жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқылы.

ӘРПК-нің 138-бабының 5-бөлігіне сәйкес судья жауап­керді Азаматтық процестік ко­дек­сінің талаптарына сәй­кес дайындалған және ресім­делген жазбаша пікірді және жоғары тұрған әкімшілік орган басшысының, лауазымды адамның уәжді ұстанымын он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде әкімшілік іспен бірге (бар болса) беруге міндеттейді.

Мысалы, бір ЖШС сотқа арызданып, онда мемлекеттік сатып алудан бас тарту туралы бұй­рықты заңсыз деп тану­ды және күшін жоюды; жол бе­рілген бұзушылықты жоюды сұрады. 2024 жылғы 8 қаң­тардағы ұйғарыммен алдын ала тыңдау тағайындалды, онда сот жауапкерді Азаматтық про­цестік кодексінің талаптарына сәйкес дайындалған және рәсімделген жазбаша пікірді, сондай-ақ жоғары тұрған әкім­шілік органның ұстанымын сот белгілеген мерзімде ұсынуға міндеттеген. Көрсетілген ұйға­рыммен әкімшілік процеске қаты­сушылар «Сот кабинеті» электрондық сервисі арқылы танысты. Алайда жауапкер сот талаптарын сот белгілеген мерзім­де орындамаған. Жоғары тұр­ған орган басшысының дәлелді ұстанымын ұсынбаған. Осыған байланысты соттың 2024 жылғы 19 қаңтардағы ұйғарымымен «Ақтөбе қаласының тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мем­лекеттік мекемесінің басшысына 73 840 теңге мөлшерінде ақшалай өндіріп алу қолданылды.

Осыған ұқсас негізде және сол мөлшерде ақшалай өндіріп алу «Ақтөбе қаласы бойын­ша Мемлекеттік кірістер басқар­ма­сы» республикалық мемле­кет­тік мекемесінің басшысына, «Ырғыз аудандық ветеринар­лық стансасы» шаруашылық жүр­гі­зу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директорына, «Мұғалжар ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің басшысына қатысты қолданылды. Бұдан бөлек, ӘРПК-нің 127-бабының 5-бөлігіне сай мекеменің басшысына соттың шешімін орын­дамағаны үшін ақшалай өндіріп алу қолданылды.

Соттың шешімін, соттың та­раптардың татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімін бекіту туралы ұй­ғарымын орындамағаны үшін сот осы сот актісінде ол бір айдан аспайтын мерзім ішінде орындалуға жататын мерзімді көрсете отырып, жауапкерге елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алуды қолданады.

2024 жылғы 20 ақпандағы соттың шешімімен ЖШС-ның талап қою арызы қанағат­тан­дырылып, сәулет және құрылыс бөлімінің алдын ала жобасын бекітуден бас тарту туралы хаты заңсыз деп танылып, бұзылған. Сонымен қатар, сәулет және құрылыс бөлімі алдын ала жобаны бекітуге міндеттелген. Соттың шешімі 2024 жылдың 30 сәуірде заң күшіне еніп, жа­уапкерге орындау үшін жол­данған. Алайда соттың шешімі орын­дал­маған, осыған байла­нысты 2024 жылғы 12 маусым­дағы соттың ұйғарымымен сәу­лет және құрылыс бөлімі­нің бас­шы­сына 50 айлық есептік көр­сет­кіш, яғни 184 600 теңге көле­мін­де ақшалай өндіріп алу қол­данылды.

Іс жүргізу міндеттерін орындамау фактілерін анықтаған кезде соттың ақшалай өндіріп алу құқығы сот билігінің дер­бес­тігі мен тәуелсіздігі қағи­дасынан туындайды және сот төре­лігін жүзеге асыру үшін қа­жет­ті соттың дискрециялық өкі­леттіктерінің бір көрінісі болып саналады. Сонымен қатар ақшалай өндіріп алу процестік мәжбүрлеу шарасы заңға және сотқа құрметпен қарауды қалып­тастыру сияқты міндетін жүзеге асыруға ықпал етеді.

 

Мария ШАРИПОВА,

Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы