Саясат • 17 Маусым, 2024

Түркі мемлекеттері ұйымы: Жаңа стратегиялық мақсаттар

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әзербайжанның Шуша қаласында өткен «Түркі мемлекеттері ұйымы: геосаяси шындықтар мен жаһандық катаклизмдер аясында жаңа стратегиялық мақсаттарға жету жолында» атты халықаралық конференцияда «Amanat» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек сөз сөйледі. Ол өз пікірін «Түркі мемле­кеттері ұйымы: жаһандық қауіпсіздікке аймақтық үлес» атты панельдік сессия аясында білдірді.

Түркі мемлекеттері ұйымы: Жаңа стратегиялық мақсаттар

Фото: turkystan.kz

Дәулет Кәрібек Қазақстан Прези­денті­нің халықаралық саясаттағы байыпты бастама­ларының маңызын және оның өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға қосқан үлесін атап өтті.

«Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда жаһандық қауіпсіздікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды қам­тамасыз ету міндеті «орта держа­валарға» жүктелгенін ай­тты. Дипломатия мен әріптестік қағи­даларына сүйене отырып, орта державалар адамзаттың алдында тұрған жаһандық сын-қатерлерге қарсы бірге шығуға тиіс. Мемлекет басшымыздың пікірінше, ашық­тық пен жаһандануға ұмтылу, дип­ломатия мен диалог аумақтық дау-дамайлардан бастап идеология­лық жанжалдарға дейін түрлі келіс­пеу­шілікті еңсерудің басты құралдарына айналуға тиіс», деді ол.

«Amanat»-тың Атқарушы хатшысы биыл Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалығы «Turktime!» ұранымен өтетініне назар аударды. Сондай-ақ Дәулет Кәрібек өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Түркі мемлекеттері ұйымын нығай­тудың маңызына тоқталды.

«Геосаяси құбылмалылық, сау­да және санкциялық соғыстар, жаһандық жеткізу тізбектері­нің бұзылуы даму парадигмасы­ның ауысқанын дәлелдейді. Осын­дай жағдайда Түркі мем­лекет­тері ұйымының рөлі арта түскен. Әлемдегі геосаяси жағ­дай шиеленіскен кезде Ұйым халықаралық саясаттың ұтымды және прагматикалық жүргізілуін, логистикалық, көліктік, дип­ломатиялық және т.б. коммуника­цияларды қамтамасыз ететін тетіктердің бірі болып қалуда. Осылайша, Ұйым тұрақсыздықты еңсеру мен шығындарды барынша азайту үшін көпір болып қызмет етеді», деді ол.

Халықаралық конференция­ға 300-ге жуық мейман қатыс­ты. Олар­дың арасында Түркі мем­лекеттері ұйымына мүше елдер мен бақылаушы елдердегі көш­басшы партиялардың жетек­ші­лері болды. Шушада ұйым­дас­тырылған Конференция түркі мем­лекеттерінің қазіргі геосаяси шындықтары мен стратегиялық мақсаттарын талқылаудың маңызды алаңына айналды. Іс-шара ұйымға мүше мемлекеттердің халықар­а­лық аренадағы позицияларын ны­ғайтуға және тиімді ынтымақтасуға мүмкіндік береді.