«Таза Қазақстан» • 07 Маусым, 2024

Игі іске жұмылдырған ойын

84 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жарыс түріндегі ерекше сенбілік өтті. «Тазалық ойындары» деп аталған игі іске қатысушылар «Золотой фазан» демалыс кешенінің маңындағы орман алқабын қоқыстан тазарт­ты.

Игі іске жұмылдырған ойын

Қостанайға жақын, бір жағы өзенге, екінші жағы орманға тиіп тұрған бұл демалыс кешенінің маңы жаздың ыстық күндері адамға толып кетеді. Өкінішке қарай, тұмса табиғат аясында демалған жұрттың біразы артына ішкен-жеген қалдығын қалдырып, босаған құтысын бейберекет лақтырып тас­тап кетіп жатады.

Іс-шараға мұрындық болған «Neco» экологиялық клубы» қоғамдық қорының басшысы Наурызбек Бірмағанбетовтің айтуын­ша, сенбіліктің мақсаты – Президент бастамасымен бүкіл республика көлемінде жүріп жатқан экологиялық акцияға үлес қосу, көпшілікті табиғат аясында дұрыс демала білуге, экологиялық мәдениетке үндеу.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «шын мәнінде елімізді көгал­дандыру, абаттандыру, үлкен мем­лекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бір күндік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл – жалпыұлттық мәселе» деген сөзі бар. Біз Президенттің осы сөзін толық қолдаймыз және оны әрбір тұрғынның құлағына жеткізіп, көкейіне ұялату бағытында еңбектене береміз. Ол үшін бүгінгідей қызықты сенбіліктерді жиі ұйымдастырып, халықтың тазалыққа деген ынтасын оятып отыру керек. Мәселен, осы сенбілікке қатысып жатқан тұрғындар біріншіден, орман алқабын қоқыстан тазартып, та­биғатқа пайда әкеледі, екіншіден осы жерде бірер сағат жұмыс істеп, жарысып, көңіл көтеріп, әдемі сыйлық ұтып алады. Бұл орман алқабында тұрғындар тастаған қалдықтардан басқа, көктемде тасқын су әкеп тастаған қоқыс көп. Сондықтан іс-шараны осы жерде ұйымдастырып отырмыз», дейді Наурызбек Бірмағанбетов.

Жарыстың шарты өте қарапайым: сенбі­лік­ке қатысушыларға бір жарым сағат­тың ішінде неғұрлым көп қоқыс жинап, оны сұрыптап үлгерулері керек деген талап қойылды. Жеңімпаздар ұпай саны арқылы анықталды. Мәселен, 1 кг пластик құтының құны – 15 ұпай. 1 кило шыны жинаған командаға 5 ұпай, 1 кг қаңылтырға 10 ұпай, өңделмеген қалдыққа 3 ұпай берілді. 

Жарыс нәтижесінде ең көп ұпай жинаған «Жас экологтер» тобы бірінші орын алды. Экологиялық клуб өкілдерінің айтуына қарағанда, «Таза ойындар» жарысы жаз бойы өтіп тұратын болады.  

 

Қостанай облысы