Кәсіпқой бокс • 01 Маусым, 2024

Жәнібек жаңазеландиялықпен жұдырықтасады

25 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

АҚШ-тың «Top Rank» деп аталатын әйгілі промоутерлік компаниясы кәсіпқой бокстан WBO мен IBF нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлім­ханұлының келесі айда кезекті жекпе-жегін өткізетінін ресми түрде жария етті.

Жәнібек жаңазеландиялықпен жұдырықтасады

Фото: kaz.tengrinews.kz

Шаршы алаңға 15 рет көтері­ліп, барлық бәсекеде жеңіске жет­кен қазақтың атақты бокс­шы­сы 13 шілдеде Лас-Вегаста 26 жас­тағы Андрей Михайлович­пен жұдырықтасады. Ресейдің Санкт-Петербург қаласында дүние­ге келген боксшы бұл күндері Жаңа Зеландияда тұрып жатыр. Бойы – 189 сантиметр. Кәсіпқой рингтегі карьерасын 2018 жылы бастады. Сол аралықта 21 кездесу өткізіп, барлығында басымдық танытты. 13 бәсекені мерзімі­нен бұрын аяқтады. Бір айта кетер­лігі, Михайлович өзінің барлық жекпе-жегін Жаңа Зеландия мен Аустралияда өткізді. Өзге мем­лекеттерге шыққан емес. Қа­зіргі кезде ол – IBF нұсқасы­ның чем­пиондық атағына мін­дет­ті үміткер.

Жоғарыдағы ақпарат тараған бетте Жәнібек Әлімханұлы: «Осы жекпе-жекті тағатсыздана күтіп жүрмін. Маған чемпиондық атақтарымды сәтті қорғау еш қиындық туғызбайды. Сөз орайы келгенде, Андрей Михайловичке өз ризашылығымды білдіремін. Орта салмақтың чемпиондары менімен жұдырықтасудан бас тартқан кезде ол батылдық танытып, келісім берді. Енді 13 шілдеде «Qazaq Style» қандай болатынын күллі әлем жұртшылығы қайта көреді. Сөйтіп, абсолютті әлем чемпионы атағы үшін жорық жалғасып жатыр. Қазір менің жолымда Михайлович тұр», деп мәлімдеді.

Жаңа Зеландияның өкілі де үнсіз қалмады. Ол: «Біле біл­се­ңіз­дер, Жәнібек – менің жолымда тұрған жай ғана бір боксшы. Алға қойған мақсатыма қолжеткізу үшін оны жайпап өтуге күш-қуатым жететініне сенімдімін. Бәлкім, бәзбіреулер «Ол мүмкін емес» деп айтуы мүмкін. Бірақ мен үшін бәрі мүмкін. Әлімханұлына тиесілі екі бірдей алтын белбеуді одан тартып алу үшін осы айқаста барымды саламын», деп жер-жаһанға жар салды.