ХХ ғасыр әдебиетінің классигі Сәбит Мұқанов, Алаш арыстары Смағұл Сәдуақасұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Әбдірахман Айсарин, ақын-жазушылар Дихан Әбілев, Жақан Сыздықов, Шахмет Құсайынов, Ғалым Малдыбаев, Сафуан Шаймерденов сияқты марғасқалардың да қолтаңбасы қалған.
Ғасырлық мерейтой бұдан бес жыл бұрын аталмақ еді, бірақ сол жылдардағы халықты бір уыс қылған індет той жасауға мүмкіндік бермеді. Одан әрі төрт жылда үш әкім ауысып, әйтеуір атап өту кейінге қала берген. Енді, міне, 105 жыл толғанда сүйікті газетіміздің ғасырлық тойын республикалық деңгейдегі «Мағжаннан басталған жол» атты ғылыми-практикалық конференция түрінде аталып өтті.
Есесіне, бұл тойда Президенттің, Сенат пен Мәжілістің атынан құттықтаулар келді. Президенттің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының құттықтауын оқып, газеттің қазіргі басшысы Ербақыт Амантайдың иығына шапан жапты. Ал басылымның байырғы қызметкері Зарап Құсайынов пен бас редактор Нұргүл Оқашеваға «Құрмет» орденін тапсырды. Жауапты хатшы Жадыра Қанафина «Ерен еңбегі үшін» медалімен, ал газеттің көпжылдық редакторы Жарасбай Сүлейменов Алғысхатпен марапатталды.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің сыйлығы да аз болған жоқ. Экономикасы қарыштап, дамып келе жатқан облыс рухани-мәдени салаға деген қамқорлығын аямауға тиісті дей келіп әкім газет редакциясына су жаңа автокөліктің кілтін табыстады. 18 жыл бойы жөндеу көрмеген газет ғимаратын күрделі жөндеуге қаражат бөлінетінін айтты. Сонымен бірге ол облыс әкімінің Құрмет грамотасымен газеттің байырғы қызметкерлері Нұрсайын Шәріп пен Өмір Есқалиді марапаттап, иықтарына шапан жапты. Басқа да бірнеше қызметкерге Алғысхат тапсырды.
«Мағжаннан басталған жол» ғылыми-практикалық конференциясында Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Сағымбай Жұмағұл «Алаш баспасөзі және «Бостандық туы» газетінде жарияланған Мағжан шығармалары» , «Мағжан орталығының» директоры Жарасбай Сүлейменов «Мағжан және ұлттық басылым», экс-сенатор Жабал Ерғалиев «Аймақтық газеттер: кеше, бүгін, ертең», Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Қайырбек Кемеңгер «Қошке Кемеңгерұлының қызылжарлық кезеңі», М.Қозыбаев атындағы СҚУ профессоры Жанар Таласпаева «Солтүстік Қазақстан» газетінің қазіргі келбеті: дәстүр мен жаңашылдық сабақтастығы» деген тақырыптарда баяндама жасады. «Қазақ газеттері» ЖШС басшысы Д.Қамзабекұлының атынан «Казахстанская правда» республикалық газетінің бас редакторы Сәбит Малдыбаев, «Бас редакторлар клубы» мен Журналистер академиясының атынан құттықтауды Ержан Қалымбайұлы жеткізді.
«Өңіріміздің шынайы шежіресі болып табылатын газетімізді алғаш жарық көрген күннен бастап ұлттық рухымызды асқақтатып отырған, бағы жанған, бақытты қара шаңырақ деп санаймыз. Себебі газет тарихын сөз еткенде, осы басылымда еңбек еткен көрнекті тұлғаларды айрықша атап өткен жөн», деді өзінің баяндамасында Жанар Таласпаева.
«Солтүстік Қазақстан» газетін ұзақ жылдар басқарған редакторлардың арасында Уәп Рахымжановтың, Бақыт Мұстафиннің, Кәрібай Мұсырманның, Жарасбай Сүлейменовтің есімдері халықтың жадында. Әрі экономикалық дағдарыс, әрі демократиялық жаңғыру жылдарында газет тізгінін ұстаған Бақыт Мұстафиннің ерлігі ұмытылмайды. Осы жылдарда газеттің шығармашылық келбетін айқындап, әдеби-рухани ортасының қалыптасуына Болат Қожахметов, Мәлік Мұқанов, Тоқтар Зікірин, Әскер Әбілқайыров, Зейнолла Әкімжанов, Нұрсайын Шәріп, Мұрат Нұрмұқанов, Шашубай Малдыбаев, Зарап Құсайынов, Құрман Рамазанов, Өмір Есқали, Қошан Қали сынды қаламгерлер елеулі үлес қосты. Олардың әрқайсысының қолтаңбасы газетте ерекше көрініп, оқырмандар талқылап жататын еді. Аға буын қалыптастырған өнегелі жолды Нұргүл Оқашева, Арайлым Бейсенбаева, Диас Аяған, Самрат Құскенов, Жадыра Қанафина, Ақмарал Есдаулетова секілді алғыр да ізденімпаз жас журналистер лайықты жалғастырып, басылымның беделі мен мазмұндық деңгейін жаңа белеске көтеріп отыр. Газеттің қазіргі дамуы оның редакторы, журналист Ербақыт Амантайдың есімімен тығыз байланысты. Ол редакция жұмысына тың серпін беріп, басылым мазмұнын жаңғыртуға, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеретін сараптамалық публицистиканы дамытуға айрықша көңіл бөліп келеді.
Бір жылдары суырылған шешен, қарасөзден қаймақ айыратын Жабал Ерғалиев ағамыз үлкен мінберлердің бірінен: «Қазір қазақша газеттерді ешкім оқымайды, сондықтан ол таралмайды» делінетін сөздерге ел газеті «Егемен» қақырата соққы беріп, тиражын 200 мың данаға жеткізіп, ұлттық намысты қорғап қалды», деген еді. Сол сөздерді бүгін «Солтүстік Қазақстан» газетіне қарата айтуға болады. Басылым кейінгі бірнеше жылдан бері облыстық газеттер арасында таралымын түсірмей, 9 мың дананың төңірегінде ұстап келеді. Бұл, әрине, газет сапасының жоғарылығы, сонымен бірге ұтымды ұйымдастырушылықтың арқасы.
Облыс шежіресінің алдағы ғасырларда өмірлі болып, елмен бірге мәңгілік жасағанын тілейміз.
Солтүстік Қазақстан облысы