Форум • Бүгін, 09:05

Тауар айналымын талдаудың цифрлық құралы таныстырылды

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шымкентте өткен «Digital Qazaqstan» форумында мемлекеттік қаржы жүйесін жетілдіруге бағытталған жаңа цифрлық шешімдер көпшілік назарына ұсынылды. Қаржы министрлігі Электрондық қаржы орталығымен бірлесіп әзірлеген «Мемлекеттік қаржының цифрлық картасы» модулі тауар айналымын талдаудың жаңа мүмкіндіктерін ашып, экономикалық үдерістерді жедел бағалауға жол бермекші.

Тауар айналымын талдаудың цифрлық құралы таныстырылды

Форумда Қаржы министр­лігі Электрондық қаржы орталы­ғымен бірлесіп жүзеге асырған «е-Қаржымині» ақпараттық жүйесіндегі «Мемлекеттік қар­жының цифрлық картасы» модулінің мүмкіндіктерін таныс­тыр­ды. Жаңа құрал еліміз­дегі тауар ай­налымының тұтас көрінісін қа­лып­тастырып, өңірлер бөліні­сінде қолжетімді әрі нақты аналитика жасауға мүмкіндік береді.

Озық шешім Қазақстан картасы негізінде бөлшек са­уда көрсеткіштерін визуализациялап, кең ауқымды талдау жүргізуге жағдай жасайды. Жүйе бақылау-кассалық машиналар деректерін, сауда нысандары мен әкімшілік-аумақтық бірліктерді қамтып, бірыңғай аналитикалық база қалыптастырады. Әртүрлі кезеңдер бойынша салыстырмалы деректерді саралауға, тауарлар рейтингін айқындауға, өңірлік ерекшеліктерді бағалауға мүмкіндік бар.

Қолданыстағы нұсқада талдау фискалдық чектер негізінде жүргізіледі. Алдағы уақытта электрондық шот-фактуралар мен тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды біріктіру жоспарланған. Бұл деректер ауқымын кеңейтіп, талдаудың дәлдігін арттыруға ықпал етеді. Ұлттық каталогтегі тауарлардың бірегей цифрлық коды – NTIN идентификаторын қолдану ақпаратты сәйкестендіру мен салыстыруды жеңілдетеді. Биылғы 1 қаңтардан бастап NTIN қолданудың міндеттелуі тауар айналымын ашық әрі салыстырмалы талдауға негіз қалады.

Модуль өңірлер, сауда нысандары мен салық төлеушілер дең­гейінде салыстырмалы талдау жүргізуге жол ашады. Сұра­ныс құрылымы мен тауар ағын­дарындағы өзгерістерді жедел анық­тауға мүмкіндік беретін жүйе экономикалық белсенділік­тің нақты көрінісін ұсынады.

Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысовтың айтуынша, цифрлық карта негізіндегі тауар ана­ли­тика­сы экономикалық үдеріс­терді тауар мен аумақ тұр­ғы­сы­нан ба­ға­лауға жағдай жасай­ды. Бұл тұ­ты­ну­шылық құрылым­ды тереңі­рек түсінуге әрі өзгеріс­терге дер кезінде ден қоюға көмектеседі.

Форум барысында «Кәсіп­кердің бірыңғай жеке кабинеті» жобасы да таныстырылды. «Бір терезе» қағидатына негізделген бұл жүйе бизнес өкілдерінің министрлік ақпараттық жүйе­лерімен өзара іс-қимылын жеңілдетуге бағытталған. Портал мемлекеттік қызметтер мен дерек­терді бір кеңістікте бірікті­ріп, кәсіпкерлердің қажетті сервистерге жедел қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

Кабинет функционалы  бірың­ғай авторизациялау, рөл­дерді басқару, қызметкер­лерге өкілеттік беру, орталықтандырылған хабарландыру жүйесі, контрагент­термен өзара байланысқа арнал­ған ішкі чат, аналитикалық құрал­дар мен деректерді визуали­за­ция­лау қыз­меттерін қам­ти­ды. Бұдан бөлек, жасанды ин­тел­лект негізіндегі бизнес-көмек­ші мен салық сервистері енгізіл­ген. Жүйе мемлекеттік ақпа­рат­тық платформалармен ықпал­даса оты­рып, бизнес үшін біртұтас цифр­лық экожүйе қалыптастыруға бағытталған.

Қазір жүйеде 15 мыңнан астам пайдаланушы тіркелген. Базалық функционал іске қосылып, сервистерді жетілдіру жұмыстары жалғасып жатыр. Жоба барысында кәсіпкерлердің ұсыныстары да ескерілген.

Ә.Тұрысовтың пікірінше, бұл бастама мемлекет пен бизнес арасындағы өзара ықпал­дас­тықтың тиімді моделін қалып­тастыруға мүмкіндік береді. Бірыңғай цифрлық орта әкімші­лік жүктемені азайтып, үдеріс­тердің ашықтығын арттырады.

«Digital Qazaqstan» форумында ұсынылған жаңа шешімдер мемлекеттік қаржы жүйесінің тал­дамалық инфрақұрылымын да­мы­туға әрі кәсіпкерлерге ар­нал­ған заманауи цифрлық қыз­мет­тер­ді ке­ңейтуге бағыттал­ған ке­шен­ді жұ­мыстың жалғасы саналады.

Соңғы жаңалықтар