Еңбек • Бүгін, 08:20

Гүл өсіріп табысын еселеген студент

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тараздық студент кәмелет жасына жеткенде миллионер атанып үлгерді. 18 жастағы Қайырбек Байғабыл біршама уақыт бұрын гүл өсіріп, табыс табуға тәуекел еткен. Саннан бұрын сапаға ден қойған өрімдей жас әуелі Нидерланд пен Қытай еліндегі нарықты зерделеп, аталған мемлекеттерден гүл көшеттеріне тапсырыс берген. Дербес азамат ретінде кәсіп бастауға бел буған студенттің ісі бірден алға басқан. Өйткені оның отбасына бұл шаруа таңсық емес.

Гүл өсіріп табысын еселеген студент

Адал еңбегімен нәпақа тапқысы келген жас жігіт гүл көшеттері кел­ген соң бөлме гүлдерін бап­тау­ға кіріседі. Уақыты жеткенде өскен гүлдерді рет-ретімен нарық бағасына сай саты­лымға шығара бастапты. Сту­денттің қолға алған кәсібі ай өткен сайын алға жылжыпты. Ай­туынша, бастапқыда айына 500 мың теңге шамасында кіріс кірсе, қазір 5 миллион теңге көле­мінде табыс тауып отыр екен. Әри­не, өз ісін жетік меңгеруге ден қой­ған азаматтың алға қойған ауқым­ды жоспары да бар. Болашақта кәсібінің аясын кеңей­туге тәуекел еткен.

Ол тосыннан тың жол тауып түрен салмаса да, бастапқыда анасы дағдыланған кәсіпті таңдаған көрінеді. Қайырбек қазір өңірдегі ең жас кәсіпкерлердің санатына еніп үлгерген. Уақыт өте келе, ол өзінің достары мен бауырларын да осындай кәсіп бастауға үгіттепті. Бүгінде 10 азаматты жұмыспен қамтып, ай сайын 200 мың теңге шамасында жалақы беріп отыр.

«Халықаралық арулар мере­ке­сі қарсаңында 15-20 млн теңге шамасында шығындалған едік. Бүгінге дейін шыққан шығынның жартысын қайтарып үлгергенімізді айта кеткен жөн. Кез келген кәсіп секілді түсіне білген адамға бұл да оңай шаруа емес. Әр нәрсенің мехнатына төзуге тура келеді. Гүлді өзіміз мұқият баптап, өсіріп жүрген жайымыз бар. Уақтылы суарып тұрамыз. Ерінбей еңбектенсең, гүл де жайқалып өседі, оған деген сұраныс та артады.

Дәл қазір тез арада гүлдемейтін гүлдерді өсірудің маңызы зор деп есептеймін. Мәселен, Макла Макфикус, Фикус Бенжемин, Шефлера және Фикустың өзге де сұрыпты гүлдері ешқандай гүл ашпайтынын ескерген ләзім. Біз де осы мәселеге айрықша назар аударып жүрміз. Мұның бәрі уақытпен, тәжірибемен келетінін бір кісідей түсіндік», дейді жас кәсіпкер.

Қайырбек бұл кәсіпке тосыннан келмеген екен. Гүл өсіру ісі 12 жыл бұрын отбасылық бастамадан бастау алған көрінеді. Анасы үй жағ­дайында жарты мыңға жуық гүл­ді баптап, кішігірім сау­дамен айналысуға бет бұрыпты. Содан бері бұл отбасы осы кәсіпті табыс көзіне айналдыра бастапты. Ал Қайырбектің бойындағы қызығу­шылық 9-сыныпта оянған екен. Ұлының бойындағы құлшы­нысты байқаған ата-анасы қол­дау көрсетіп, жігерлендірген. Осы­лайша, ол ізденіс ізіне түсіп, кәсіпті әрмен қарай дамыту жолын қарастырған.

Қазір гүл саудалап толайым табыс­қа кенеліп отырған жас кәсіпкер әуелгі табысын 8-сыныпта тауып үлгеріпті. Ол кезде Қайырбек еліміздегі карантинді пайдаланып, медициналық бетперде сатуға ден қойған. Сол уақытта кәсіп ашуға, оны дамытуға деген құлшынысы айтарлықтай артқан көрінеді.

Қайырбектің қалауымен са­лын­­ған жылыжай дәл қазір құл­пы­рып-ақ тұр. Мұндағы сан түрлі бояу­ көздің жауын алатыны ақиқат. Жылы­жайда қазіргі кезде гүлдің
50 түрінің 6 мың данасы жайқа­лып өсіп тұр. Айтуынша, Гарде­ния және Цикломен секілді гүлдер минус 10 градусқа төзімді көрінеді.

Қарапайым отбасында өскен азамат қазір Шерхан Мұртаза атын­дағы Тараз университетінің заң фа­культетінің 1-курс студен­ті. Ұдайы ізденіс ізінде жүрген жас кәсіпкер қандай да бір кәсіпті бастар алдында оны толық­қан­ды зерделеудің маңызы зор деп есептейді. Оның айтуынша, тынымсыз ізденіс қана тұрақты табысқа бастайды. Өз ісін жан-жақты зерттеген адам ғана тәуекелге бел буа алады. Гүл өсі­ріп нәпақа айырып, адамдарды жұмыспен қамтып отырған аза­матқа табысың ортаймасын дегеннен басқа айтарымыз жоқ.

 

Жамбыл облысы 

Соңғы жаңалықтар