18 Маусым, 2010

АЛҒАШҚЫ СЕНСАЦИЯ! ЖӘНЕ... БУЗАККАНЫҢ БҰЗАҚЫЛЫҒЫ

411 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Оңтүстік Африкада футбол додасы әбден қызды. “Тойдың бол­ғанынан боладысы қызық” деген қанатты сөз бар ғой. Осы қи­сынға салсаң, аяқдоп­тың отымен кіріп, күлімен шыққандар мундиалдың бас бәйге­сін әлем чемпионаты басталмай жатып Ис­панияның қанжыға­сына байлап жіберген еді. 2008 жылдың Еу­ропа чемпионы екенін ескерген шығар. Сон­дағы ойнаған мықты ойыншылардың бәрі құрамадағы орнын сақ­тап келіп отыр мы­на додаға. Әлемдегі ең үздік саналатын екі голк­ипері және бар. Қорғаныс шебі тасқа­мал. Шабуылда Хави, Иньеста, Сильва, Алон­сомен тізе қосып Вилья мен Торрестің жай оғындай жарқылдап атой салуы қай мық­ты­ның да жүрегін шай­лық­тырар еді. Сол Испания Швей­­­цариядан 0:1 есебімен жеңіліс тапты. Соңғысында Ис­пания құрамасын­дағыдай “сен тұр мен атайын” сайыпқырандар жоқ болғанымен, ерік-жігерлері мықты болып шықты. Бас бапкер Оттмар Хилцфельд команданы немістердің темір тәртібіне көшіріпті. Еңсегей бойлы швейцариялықтар испандықтардың шу дегеннен шабуылға шығарын біліп, қақпа алдында тапжылмай тұрып алды. Дель Боске швейцариялықтардың қорғанысын қиқымдап сөгудің бар амалын жасады. Сөйтіп, ол мүмкіндігінше бар мық­тыларын айқас өтіне салды. Жарақатынан әлі толық айықпағн Иньес­та­ға да салмақ салған. Жағдай қиында­ғанда сұрмерген Торресті де шабуылға шығарды. Алғашқы таймда Иньестадан әдемі пас алған орталық қорғаушы Пикенің гол соғатындай-ақ мүмкіндігі туып еді. Алайда, қақпашы Диего Бенальо алдын орап кетті. Бір қарағанымызда испан қақпашысы Касильяс алдына доп бармай зерігіп тұрғандай көрінген. Міне, сол тұстан ши шықты. Бенальо допты Дердийокқа ұзатқан. Ол оны Нкуфоға, ал бұл сайыпқыран көлденеңдеп ұзаған түрік жігіті Дердийоктың аяғына байлап берді. Қақпа алдындағы қарбалас. Түрік жампозынан доп алған Желсон Фернандес құлаған испан қор­ғау­шысын баса-маса қақпаға атой салды. Гол! Естерінен айырылып қала жаздаған испан­дықтар шабуыл ұйымдастырып, ойынды тең жағдайда аяқтауға тырысқандарымен нәтижеге жете алмады. Хаби Алонсоның шірене тепкен добы қақпа жақтауына тиіп кейін серпілді де бар үміт сонымен кеткендей болды. Бір қызығы, испандықтармен бұған дейін 18 рет жасыл алаңда кездескен швейцария­лықтар оларды бір рет жеңіп көрмепті. Үш мәрте тең түскенін қосқанда, доп айырма­шылығы 15:45. Әлем чемпионатында екі рет жолдары түйісіп, екеуінде де испандықтар жеңген. Доп айырмашылығы 5:1. Сондықтан, испандықтардың бұл кездесуге қалпақпен ұрып алардай сенімде шыққандығы заңды еді. Бірақ, өмір кейде мақтаулы құраманы да жеңуге болатындығын байқатып кетті. Гондурас-Чили кездесуінде чилиліктер 0:1 есебімен жеңіске жетті. Ал, алаң иелері Оңтүстік Африка Республи­касы құрамасының Уругвайдан 0:3 есебімен жеңілуі әділ төрешілерге деген көңілдегі көп күдіктің шоғын көсеп кетті. Обалы кәне, Уругвай ешкімнен доп сауғаламайтын команда. Мықты. Алға Форлан мен Суареске сициялық Кваниді қосақтаған бас бапкер Табарес қорғаныстан гөрі шабуылды қолай көретінін аңғартқан еді. Диего Форлан бірінші таймның ортасында әдемі гол соқты. Оңтүстік Африка құрамасының капитанына соғылып кірген голдың өкініші кетпей жатып, төреші Массимо Базукка өзінің көмекшілерімен ОАР құрамасын біржола тұйыққа тіреді. Пенальти белгілегені аздай, белді қақпашысы Кхунені алаңнан қуды. Бұл жөнінде үлкен айқай бола­ды әлі. Өйткені, доп Суарестің ая­ғы­на жеткенге де­йін ол офсайдта тұрған Каванидің алдынан қайтқан. Мұндай жағдайда пенальти белгілеу қисынсыз. Екін­ші­ден, қақпашы қақ­ты деген Суа­рес­тің құлауы күмән тудырады. Қайталап көрсету кезінде қарсыла­сының қақпашы­ны әдейі құлатпа­­ған­дығы байқала­ды. Онда неге Бу­закка бұзақылық жасауға тырысты? Мәселенің үшінші жағы да бар. Енді ОАР құрамасына өз тобынан шығу үшін француздарды қалайда ұтуы керек. Ал, француздардың оңай шағылатын жаңғақ емес екендігін ескерсек, оңтүстік африкалықтардың жағдайы мүшкіл. Өз елінде өтіп жатқан әлем чемпионатында өз тобынан шыға алмай қалған құрама ретінде тарих жылнамасына тіркеледі. Бразилия құрамасы Солтүстік Корея ко­мандасын әупірімдеп 2:1 есебімен жеңді. Андриану, Пату және қасқа тісі жарқырап ойыншыларды бір мақсатқа жұмылдырып жүретін қара маржан Роналдиньо сияқты жам­поз­дарды “сендер әлем чемпионатын теледи­дар­дан көріңдер” деп құрамаға алмай кеткен бапкер Дунгу аса білгірлік көрсетпеді. Өйткені, мақтау­лы бразилиялықтардан гөрі Солтүстік Корей ойыншыларының кейбір сәттерде мықтылық танытқанын бүкіл әлем көріп отырды. Күштері тең Португалия мен Кот-Д' Ивуар арасындағы ойын 0:0 есебімен аяқталды. Пор­тугалиялық әлемге әйгілі сұрмерген Криштиану Роналду бұл кездесуде доп соғу үшін бар мүмкіндікті жасады-ақ. Мәселен, Роналдудың отыз метрден зеңбіректің оғындай атқан добы қақпаның бағанын жұлып кете жаздады. Жаны қыл ұшында отырған Дидье Дрогба көктегі құдайға ақсарыбас атады білем. Орнынан үш тұрып, үш отырды. “Жалғыз ағаш орман емес”. Қорғаушылар Роналдуды матап тастады. Екі жақта да гол соғатындай сәттер болғанымен сәті түспей, бейбіт тарқасты. Жан алысып, жан берісетін ойындар осылайша жалғасып жатыр. Бақтияр ТАЙЖАН.