18 Маусым, 2010

ӘСКЕРИ САМБО САЙЫСЫ

652 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Ташкентте 11 елдің қатысуымен әскери самбодан Азия чемпионаты өтті. Бұл бәсекеге Қазақстан құрама командасы да спортшы­ларын үкілеп апарған болатын. Қазақ елінен басқа бақ сынаған Ресей, Иран, Катар, Тәжікстан, Корея, Моңғолия, Непал, Өзбек­стан, Қырғызстан, Түркіменстан елдері болды. Қазақстан ұлттық құрама ко­ман­дасын жарысқа құраманың бас бапкері, республикаға еңбек сіңірген жаттықтырушы, халық­ара­лық дәрежедегі төреші, Еуразия ұлттық университетінің дене тәр­биесі және спорт кафедра­сының доценті Халық Қожахмет апарды. Мұнда 8 спортшы бақтарын сы­нап, соның алтауы еліміздің намы­сын асқақтатты. 57 кг. сал­мақ дәрежесінде Алмас Дәулетов финалда Ресейдің балуаны Ердем Афанасьевке ғана есе жіберіп, екінші орынды еншілесе, 62 кг. салмақта Айдос Бөрібеков ресей­лік Виктор Дулмеевтен ұтылып, үшінші орынды қанағат тұтты. 68 кг. салмақ дәрежесі бойынша са­йысқа түскен Бауыржан Құмаров ресейлік Даш-Шиви Айбекті жеңіп, бас жүлдені қанжығасына байлады. Ауыр салмақтар бойынша 90 кг. салмақ дәрежесінде Георгий Емельянов финалда өзбекстандық Акрам Шәриповты айқын басым­дылықпен ұтты. 100 кг. салмақ бойынша ЕҰУ-ның инженерлік факультетінің түлегі Марат Мұстафин ақтық бәсекеде алаң иесі Зариф Расуловқа жол беріп, қола жүлдені қанағат тұтты. Осы салмақта тағы сынға түскен ЕҰУ спорт клубының мүшесі Дархан Қабылдин финалда катарлық Әли Мұсаны айқын басымдылықпен ұтып, аяғын ауыртып алуы себебі­нен, дәрігер шешімі арқылы жеңіс өзбекстандық Самад Рус­тамовқа берілді. Сөйтіп, Дархан екінші орын­ды иеленді. Сом білекті, жау жүректі ұландардың ел абыройын асқақтатуы спортқа деген қол­даудың шын дәлелі! Құрманғазы ЖҰМАҒҰЛҰЛЫ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті.