18 Маусым, 2010

СУ КӨЛІГІНДЕГІ ҚАУІПСІЗДІК

572 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Жазғы демалыстардың шағы да келіп жетті. Осы уақытта Көлік және коммуникация министр­лігі Көліктік бақылау комитеті (ККМ ККБ) өңірара­лық көліктік бақылау инспекцияларының қызметкерлері шағын өлшемді кеме жүргізушілер назарын су көлігіндегі техника қауіпсіздігін сақтау қажеттілігіне аударады. Шағын өлшемді кемелердің – қазіргі заманғы яхталардың, катерлердің, моторлы қайықтардың, скутерлердің және гидроциклдердің саны жыл сайын артып келеді, әсіресе, оларға деген сұраныс суға түсу мау­сымында және навигация кезінде арта түседі. Бірақ олардың иелері шағын өлшемді кемелердегі тасы­мал қауіпсіздігін қамтамасыз етуге аса мән бермейді. Мысалы, 2009 жылғы шілде айында Қостанай облысындағы Қызылжар су қоймасында “Алый парус” спорттық лагерінің айлағында көлік оқиғасы орын алды. Кеме жүргізушісі лагерь балаларын моторлы қайықпен серуендетуге келісімін береді. Шағын өлшемді кемеде тәрбиешілерсіз және құтқару құралынсыз 4 жеткіншек болған. Кезекті айналым кезінде жанар-жағармайдың жетіспеу­шілігіне байланысты қозғалтқыш бір цилиндрмен жұмыс істей бастайды. Сол кезде кеме жүргізушісі қозғалтқышқа жанар-жағармайды қолмен жіберу үшін кеменің оң жақ бортына еңкейеді. Ол су айлағына қадағалау жүргізе алмай қалады, бұл өрескел бұзушылық болып табылады. Кеме жүргізушісінің салмағы және кеме жүрісінен пайда болған толқыннан моторлы қайық аударылады. Нәтижесінде екі жеткіншек су бетінде, өзгелер қайық астында қалады. Кеме жүргізушісі мен лагерь әкімшілігінің теріс әрекеттерінен бір жеткіншекті құтқару мүмкін болмады. Бұл қайғылы оқиға кеме жүргізушісінің шағын өлшемді кемені пайдалану бойынша негізгі талаптарды сақтамауы және лагерь тәрбиешілерінің немқұрайдылығы себептерінен болды. Көліктік бақылау комитетінің инспекторлары шағын өлшемді кемелерді пайдалану ережесін және су жолдарымен жүзу ережелерін сақтамаған жағдайда шағын өлшемді кемемен байланысты судағы кез-келген сауық қайғылы жағдайға әкеп соқтыратынын ескертеді. Осылайша, өткен жылдың 5 шілдесінде Қапшағай су қоймасында адам өліміне алып келген тағы бір қасіретті оқиға орын алды. Қапшағайдағы сүйікті сауықтардың бірі адамдардың резиналы дөңгелекті моторлы қайыққа тіркеп, суда жүзу болып табылады. Сол күні осындай дөңгелекпен Д.Нұр­пейісов және Н.Пан серуендеуге шығады. Екі ер адам бар моторлы қайық құзды айналып шыға берген кезде Д.Миллер басқарып келе жатқан гидроцикл қатты жылдамдықпен келе жатады. Моторлы қайықты көрген Миллер соқтығысудан қашам деп, оңға қарай бұрылады. Бірақ соңғы сәтте ол дөңгелектерде адам бар екенін көреді де, жылдам­дықты бәсеңдетуге тырысады, алайда мотоцикл өз инерциясымен жылжи береді. Нәтижесінде гидроциклдің соққысынан Пан мерт болады. Тергеу барысында Миллердің шағын өлшемді кемені басқаруға рұқсатының жоқтығы және осы су мотоциклінің иесі емес екені анықталды. Өзінің берген жауабында шағын өлшемді кемені пайдалану үшін тиісті құжаттардың болуы керектігі жөнінде мүлде білмегенін айтты. ККМ Көліктік бақылау комитетінің мәліметі бойынша шағын өлшемді су көлігіндегі адамдар­дың өлімінің негізгі себептері: тиісті рұқсатсыз кемені басқару немесе тиісті рұқсаты жоқ адамға кемені басқаруға беру; тіркелмеген, техникалық байқаудан өтпеген кемені басқару; алкогольді мас­тық жағдайында басқару; кеме басқарушы­сының жеке тәртіпсіздігі мен өзінше әрекет етуі. Ағымдағы жылдың 1 маусымынан навигация­ның және суға түсу маусымының ашылуына байланысты республика бойынша жыл сайынғы “Скутер” жедел-сақтандыру акциясы басталды. Анықтама: Шағын өлшемді флотта қауіпсіз­дікті қамтамасыз ету бұл – кеменің техникалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, көлік оқиғалары­ның алдын алуға бағытталған іс-шаралар кешені, сонымен бірге шағын өлшемді кеме иелерімен, шағын өлшемді кеме үшін база-тұрақтардың және құтқару құралдарын жалға беру пункттерінің иелерімен сақтандыру жұмыстарын жүргізу.