16 Маусым, 2010

МҮДДЕЛІЛІК МІНДЕТТЕРІ

446 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министр К.Мәсімовтің, Президент Әкімшілігінің Басшысы А.Мусиннің, Қауіп­сіз­дік Кеңесінің хатшысы М.Тәжиннің қатысуымен жұмыс кеңесін өт­кізді, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. Кеңесте Премьер-Министр К.Мәсімовтің еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының ағым­дағ­ы нәтижелері, сондай-ақ индустрия­лық-инновациялық даму страте­гия­сын іске асыру туралы есебі тың­далды. Осы кезеңде ІЖӨ өсімі 8,3 %-ды құрады. Кездесу барысында Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы М.Тәжин елі­міздің Президентін Мәскеуде 14 мау­сымда болып өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) қатысушы елдердің Қауіпсіздік Кеңесі хатшыларының Қырғызстандағы ахуалды реттеу туралы төтенше консультациялары жайынан хабардар етті. Бүгінде ҰҚШҰ Қырғыз­стан­дағы жағдайды тұрақтандыруда және реттеуде маңызды рөл атқару­ға қабілетті барынша ықпалды ұйым болып табылады. Кездесудің қорытындысы бой­ынша Нұрсұлтан Назарбаев бір­қатар нақты тапсырмалар берді. Кеңес аяқталғаннан кейін Қа­зақ­стан Президенті қысқаша мә­лімдеме жасады: – Біз алғашқы жарты­жыл­дық­тың алдын ала қорытындыларын тал­қыладық. Біз қаржы жүйесін тұ­рақтандырып, қарыздарды қайта құ­рылымдағанымызды қанағатта­нар­лықпен атап өтемін. Инвести­ция­лар бойынша да, сол секілді банк­тік жүйе бойынша да қазір Қазақ­станға қызығушылық арта түсуде. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша биыл­ғы жылы 144 нысан, соның ішінде бірінші жартыжылдықта 72 нысан пайдалануға беріледі. Олардың бар­лығы екінші жартыжылдықта іске қосылып, жұмыс істей бастайды. Қазіргі кезде экономиканың өң­деу саласының көлемі артып келе жатқаны қуантады. Бюджеттің кіріс бөлігі толыға түсуде. Инфля­ция белгіленген шегінде. Жұмыс­сыздық деңгейі өсіп отырған жоқ, төмендеп келеді. Бұл экономиканың өсуімен адамдардың әл-ауқаты жақсара түсетінін білдіреді. Біз талқылаған екінші мәселе, бұл – Қырғызстандағы ахуал. Ол біздің жақын көршіміз. Қазақстан бұл мемлекетте жағдайды тұрақ­тандыруға әбден мүдделі. Сорақылықпен қан төгілуге жол берілді. Біз онда қаза болған бар­лық адамдардың туыстарына көңіл айтамыз. Қазақстан барлық мүмкін бола­тын көмекті көрсетеді. Біз өз іс-әре­кетімізді, әсіресе көршілес ел­дер­мен – Ресеймен және Өзбек­стан­мен тығыз үйлестіріп отырамыз. Біздің елдеріміздің Қауіпсіздік Кеңесінің хатшылары біз қабыл­дайтын нақты шараларды анықтау үшін Қырғызстандағы ахуалға са­рап­тама жүргізуіне уағдаластық. Бұл жұмысты Қырғызстанның Уа­қыт­ша үкіметімен бірлесіп жүргіземіз. Мен халықаралық ұйымдар, өзге елдер тарапынан Қырғыз­стан­ға гуманитарлық көмек көрсету мә­се­лесі туралы бастама көтеремін. Де­генмен, көмек көрсеткендер оның межелі мекен-жайға дейін баратынына сенімді болулары тиіс. Бұл ретте бізге өзіміздің іс-әрекет­терімізді үйлестіріп отыру да керек. Бүгінде ЕҚЫҰ өкілі Ж.Кәріб­жанов сонда жұмыс істеуде. Сон­дай-ақ БҰҰ-ның, Қызыл Крестің және басқа ұйымдардың өкілдері жұмыс істеп жатыр. Барлығы да осы елдегі жағдайға алаңдаулы. Қыр­ғызстанның Уақытша үкіметі мен қырғыздардың өздері ел ішін­дегі жағдайды тұрақтандыратынына үміт артамыз. Мен қақтығыстарға жол беруші барлық тарапты қаруды жиып қойып, келіссөз үстеліне отырып, барлық қалған мәселені бірлесіп шешуге шақырамын.