16 Маусым, 2010

СТУДЕНТТЕР ТУҒАН АУЫЛДАРЫНА АТТАНДЫ

457 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Астананың “Сапаржай” автобекеті алдына кеше сары және ақ түсті футболка мен бастарына кепка киген бір топ студент жастар жиналды. Білім және ғылым министрлігі бастамашы болып табылатын “Әр студент – туған ауылына!” атты республикалық акция осылайша Астана қаласының студенттерін туған ауылдарына шығарып салу рәсімімен басталды.Елорданың жоғары оқу орын­да­рының 1, 2 курс студенттері болып табылатын жастардың көңілдері көтеріңкі. Өйткені, мұндай ерекше қошеметпен шығарып салу рәсімі күнде бола бермейді. Туған ауыл­дарына игілікті іс-шаралар атқаруға аттану алдында тұрған сту­дент жас­тар осында арнайы шақыртылған бұқаралық ақпарат құралдары өкіл­деріне сұхбаттарын беріп, суретке де түсіп жатты. Солардың арасынан біз Қазақстан студенттері Альянсы­ның вице-лидері Әлібек Мәді­бе­ковті әңгімеге тартқан едік. Ол өз сөзінде былай деді: “Бұл акцияның ең басты тиімділігі сол, олардың өз уақыттарын тиімді пайдалануы және оқу барысында алған көп­теген ақпараттарды ауылдастары мен туған-туыстарына жеткізуі”. Сондай-ақ студенттер ауыл­да­ры­на барған соң мемлекет тара­пы­нан жастарға нендей көмектер көрсетіліп жатқандығын жеткізіп, білім гранттары туралы ойларымен бөлісулері шарт. Осы мақсатпен кеше бірнеше студент Степногор қа­ласына жол тартты. Жоба осы­лайша жалғасын таба береді, дейді Ә.Мәдібеков. Қазіргі жазғы демалыс кезінде студенттер ауылдың қоғамдық өмі­ріне белсенді қатысуда, сонымен қатар, мектептердің айналасын та­зар­тып, абаттандыру жұмыстарына бел­сене кірісіп те кетіпті. Астана­дағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық институтының студенті Аягөз Шериазданованың айтуынша, ауыл жастарды тек еңбекке  тәрбиелеп қана қоймай, сондай-ақ отансүйгіштік сезімдерін де оятады. Аталған оқу орнының келесі бір студенті Ғалымжан Керімбеков қазіргі кезде көптеген студенттер өз ауылдарына барып көмек көрсетуге құлшынып отырғандығын айтты. Шынында да акцияның мақса­ты — жастардың ауылдың қоғамдық өміріне атсалысуы арқылы туған еліне деген жауапкершілік сезімі мен патриоттық рухын қалыптас­ты­ру. Бұл, сонымен қатар, студент­тердің туып-өскен ауылдарының дамуына тікелей атсалысуына мүм­кіндік туғызады. Акция барысында студенттер өздері білім алған мек­теп­терінің айналасын абаттанды­рып, әр түрлі спорттық және мәде­ни-көпшілік шаралар ұйым­дас­ты­рады, мектеп жанындағы лагерь­лердегі педагогикалық жасақтарда жетекші болып жұмыс істейді. Аталған шараның тағы бір тиімді жағы, белсенді деген сту­дент­тер еліміздің әлеуметтік-эко­номикалық және саяси жағдайы ту­ралы түсіндіру жұмыстарын жүр­гізуге мүмкіндік алады. Сонымен бірге, олар мемлекеттің жастарды қалай қолдап жатқаны және мемлекеттік білім бағдарламалары туралы ақпараттармен де бөліседі. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ. АСТАНА.