Саясат • 16 Мамыр, 2024

Кейбір талаптар өзгереді

16 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Онлайн режімінде өткен ЕЭК кеңесінің кезекті отырысында тауарлардың жекелеген түрлеріне міндетті талаптарды белгілейтін техникалық регламенттер мен құжаттарға қатысты бірқатар түзету қабылданды. Қазақстан тарапын вице-премьер Серік Жұманғарин басқарды.

Кейбір талаптар өзгереді

Фото: gov.kz

Қабылданған шешімге сәйкес тіс протездеріне арнал­ған бекіткіш ұнтақтар мен паста­лар, тіс щеткалары мен жіп­тер сияқты ауыз қуысының гигие­насына арналған құрал­дар мен бұйымдардың түр­лері енді мемлекеттік тіркеу­ден өту арқылы бірыңғай сани­та­р­лық талаптарға сәйкес­тігі бағаланатын болады. Бұл ЕАЭО елдерінің нарықтарында белгіленген стандарттарға сәй­кес келмейтін ауыз қуы­сы гигиенасына арналған құралдар мен бұйымдардың айналымын барынша азайтуға мүмкіндік береді.

«Ойыншықтардың қауіп­сіз­дігі туралы» техника­лық регла­ментке өзгерістер қар­сылықсыз қабылданды. Ен­ді таңбалау жапсырмаларында «хош иістендірілген ойын­шық», «жұмсақ ойын­шық­тар», «сылдырмақ», «дәм дағды­ларын дамытуға арналған жиын­тық», «иіс сезуді дамытуға арнал­ған үстел ойындары», «дәм жинақ­тары» сияқты басқа да жаңа анықтамалар пайда болады.

Тауарлардың дамушы және аз дамыған елдерден шығуын айқындау қағидаларына өзге­ріс­тер пакеті мақұлданды. Бұл ережелер тарифтік преферен­ция­лар беруге қолданылады. Өзгерiстер тауарларды кедендiк ресiмдеу кезiнде шыққан жерін растау рәсiмiн оңайлатуға ықпал етеді. Атап айтқанда, тұрақты негізде түпнұсқаның орнына тауардың шыққан жері көрсетілген сертификатының көшірмесін немесе электрондық нұсқасын пайдалану мүмкіндігі болады. Тауарларды тасымалдау шарттарына қойылатын талаптар, тауардың шыққан жері көрсетілген сертификатты тексеруге үшінші елдердің электрондық дерекқорлары туралы ережелер және басқалары нақтыланды.

Сондай-ақ ЕЭК кеңесінде мем­лекеттік сатып алуға тауарлардың жекелеген түр­лерінің шығарылған елін ай­қындау қағидаларына өзгеріс­тер енгізу мәселесі қолдау тапты. Негізгі өзгеріс мемлекеттік сатып алуға қатысу кезінде ұлттық режімді ұсыну үшін тауарлардың шығарылған елін айқындауға қатысты болды. Жаңа редакцияның арқасында бұл маңызды болмай қалады: са­тып алу үдерісі жүргізілетін ел­дің немесе ЕАЭО-ға мүше бас­қа мемлекеттердің жеткізушілері тауар ұсынады.