Фото: ІІМ
Іс-шараны қалалық полиция басқармасы өткізді. Басты мақсат – жастар арасында есірткіге қарсы берік көзқарас қалыптастыру, құқықтық сауаттылықты арттыру және тұрғындарды құқықбұзушылықтардың алдын алуға белсенді тарту. Акцияға техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 500-ден астам студенті, сондай-ақ еріктілер мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, акцияның негізгі бағыттарының бірі – есірткі жарнамасын жою. Ортақ күштің нәтижесінде қала аумағында тыйым салынған заттарды насихаттайтын интернет-ресурстарға сілтемелері бар 2 мыңнан астам граффити анықталып, толықтай боялып, жойылды.
«Іс-шара барысында есірткі жарнамаларын жоюға ерекше назар аударылды. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде 2 мыңнан астам граффити жойылды», деді Қарағанды қалалық полиция басқармасының бастығы Шахназар Салин.

Сонымен қатар акция аясында тұрғындармен кең көлемде түсіндіру-профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Қала тұрғындарына есірткінің зияны, мұндай қылмыстарға қатысқаны үшін көзделген жауапкершілік, сондай-ақ олардың таралуына тосқауыл қою жолдары жан-жақты түсіндірілді. Ақпараттық-танымдық материалдар таратылды.
Полиция өкілдері акцияға белсенді қатысып, азаматтық ұстаным танытқан барлық қатысушыларға алғыс білдірді.
«Есірткі қылмыстарының алдын алу және оларға қарсы күрес жұмыстары өңірде жүйелі түрде жалғасады», деді Шахназар Салин.
Жетісу облысында есірткі дайындаумен айналысқан 2 шетелдік азамат ұсталды