Пікір • 16 Мамыр, 2024

Қоғамның басты құндылығы

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қасиетті Атырау топырағында өтіп, халық пен биліктің арасында көпір бола білген Ұлттық құрылтай шынында да елдің бірлігі мен ынтымағын дәріптейтін, соған қызмет жасайтын шынайы платформаға айналды.

Қоғамның басты құндылығы

Ауқымды және мағыналы жиынның алдында әр бағытта бірнеше секциялық отырыс­тар өткізіліп, Құрылтай мүшелерінің түрлі тақырыптағы пікірлері тыңдалды. Адамның құқықтарын қорғау, отбасылық зорлық-зомбылықтарға тосқауыл қою, мәсли­хаттар­дың рөлін арттыру, жергілікті қоғам­дық кеңестерді нағыз халықтың өкіл­ді органдарына айналдыру туралы нақты пікірлер айтылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайда көпшілік күткендей еліміздің болашағы, тәуелсіздігіміздің баяндылығы жолында жасалуға тиіс біршама бастаманы атап өтті.

Дінімізге, тілімізге қатысты біраз мәселе ашық айтылды. Ата-бабаларымыздың тарихымен бірге жалғасып келе жатқан дінімізден айнымай мәзһабымыздың мақсатын бұзбай, ұлттық нақыштарымызға лайық киім үлгісінен таймай ислам дінінің талаптарына берік болуға болатындығын жеткізді. Шындығында да әр адамның иманы – жүрегі мен тілегінде. Сонымен бірге мыңдаған жылдар бойы халқымыздың дәстүрімен бірге жасап келе жатқан сүнниттік Ханафи мәзһабын ұстанудан таймау керектігін айтқан Президент сопылық іліммен бірге қазіргі Қазақ еліне исламды таратып, орнықтырған Ясауи бабамыздың рухани құндылықтарын дәріптеудің тарихи мәні зор екендігін, оның кесенесіне әлемге әйгілі жәдігер ретінде ерекше көңіл бөлу керектігін, тіпті жатқан жеріндегі көк тастың жабуын ислам өркениетіне лайық етіп, қайта жасап шығу туралы тапсырмасы елді елең еткізетін жаңалық болды деп есептейміз.

Ал қазақ тілі қазіргі заманға лайық экономика, өндіріс, техника мен технология тіліне айналуға барынша мүмкіндігі бар екендігін де Президент нақты айтты. «Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді. Бұл – біз үшін мызғымас ұстаным. Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық. Қазір ірі кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі туындылардың үлесі арта түсті. Соңғы кезде баспагерлердің жаңа буыны әлемдік бестселлерге айналған шығармаларды аударып жүр. Көптеген кітапты шығарып жатыр», деп атап көрсетті.

Мемлекет басшысының бастамаларының арасынан біздің халқымыз, әсіресе жастарымыз үшін бес жаман әдеттен құтылып, алты құндылыққа ұмтылу қажеттігі туралы айтқан бағдарламалық сөздерін ерекше атап өткім келеді. Үкімет пен мемлекеттік органдарға өздерінің жұмыстарын да, бағдарламаларды да осыған сәйкестендіру туралы тапсырмалар да берді.

Президент атап өткен 5 жаман әдетті айтар болсақ, олар – нашақорлық, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, ысырапшылдық. Ал 6 ұлттық құндылық ретінде тәуелсіздік пен отаншылдықты, бірлік пен ынтымақты, әділдік пен жауапкершілікті, заң және тәртіпті, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілікті және жасампаздық пен жаңашылдықты айтты.

Осы қағидалардың барлығы Президенті­міздің өзі көтеріп жүрген «Адал адам» фор­му­ласының қағидаттарына толық сәйкес келеді, әділетті Қазақстан құрудың негізін қалайды.

 

Әли БЕКТАЕВ,

Сенат депутаты