Қазандықтарды жаңғырту қалай жүріп жатыр?
Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса энергетика кешені инфрақұрылымының жағдайы туралы баяндады. Қазір қаладағы жылу желілерінің тозу деңгейі 43%-ды құрайды. Жылыту маусымына дейін 6 км коммуникацияны жөндеу жоспарланған. Бұл жыл қорытындысы бойынша тозу көрсеткішін 41%-ға дейін төмендетеді. Қаланы «Көкшетау жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны жылумен қамтамасыз етіп отыр. Ұйым балансында 4 қазандық бар.
Биыл Үкімет қаулысына сәйкес екі жылу көзін – №1 және №2 аудандық қазандықтарды жөндеуге резервтен 816 млн теңге бөлінді. Енді нысандарда қазандық агрегаттарының, конвективтік бөлік пакеттерінің, қыздыру беттерінің, шикі көмір бункерлерінің ақаулары жөнделеді.
О.Бектенов №2 қазандықтың жағдайын тексерді. Нысан 1998 жылы пайдалануға берілген, қазіргі уақытта 56 мың абонентті жылумен қамтамасыз етіп отыр. Қазандықтың өндірістік шекті қуаты сағатына 300 Гкал-ға жетеді. Жөндеу жұмысы апаттық жағдайды азайтуға, жылыту маусымында халықты жылумен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Осыған дейін атап өткенімдей, қыстың көзі қырауда қиындықты болдырмау үшін жаз айларында барлық күш-жігерді жұмсау керек. Мемлекет басшысы коммуналдық-энергетикалық секторды жаңғырту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Сапалы әрі үздіксіз жылу беруді қамтамасыз ету – басты міндеттеріміздің бірі. Қаражат бөлінді. Жүктелген жұмысқа барынша жауапкершілікпен қарау керек. Біз өткен тәжірибені ескеріп, жіберілген қателіктерден сабақ алып, ерте бастан белсенді әрекет етуіміз керек», деді ол.
Көкшетауда қаланың жылу және электр энергиясына деген сұраныс өсіп келе жатқаны ескеріліп, қажетін толық қамтамасыз ететін ЖЭО салу жобасы пысықталып жатыр. Оның жылу қуаты сағатына 520 Гкал, электр қуаты 240 МВт-ты құрайды.
Үкімет кәсіпорын ашуға басымдық береді
Үкімет басшысы «Журавлевка-1» ЖШС-дағы егіс науқанын көрді. Қазір шаруашылыққа егіс кешеніне тұқым әкелініп, майлы дақылдарды егу жұмысы басталған. Серіктестік – Бұланды ауданындағы жетекші ауыл шаруашылығы құрылымдарының бірі. Шаруашылық тұқыммен, жанар-жағармаймен толық қамтамасыз етілген. Биылғы жаздық егіс алқабы 88 771 гк құрайды. Биыл күнбағысқа баса көңіл бөлініп отыр. Бұл дақылға шамамен 16 мың гектарға жуық жер бөлінді. Оның 4 мыңға жуық гектарына тұқым себілді. Сонымен қатар биыл егістіктерде сұлы, бұршақ, зығыр және рапс өсіріледі. Жалпы алғанда, өңірде көктемгі дала жұмыстары басталып кетті. Қазір 510 мың га алқапқа егін егілді.
Александр Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы Премьер-министрге селекция нәтижесінде алынған, мал азығы ретінде дайындалатын майлы, бұршақты дақылдардың сұрыптарын көрсетті. Онда жалпы 105 сұрып дайындалып, мемлекеттік тізілімге енгізілген. Қазір түпнұсқа тұқым өндірісі 18 дақыл, 50 сұрып өндіріп жатыр. Үкімет басшысы ғылымды дамытуды, ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерді қолдану қажет екенін айтты.
Үкімет басшысы іссапарда өңірдегі ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесіп, саланы дамытудың өзекті мәселелерін талқылады. Онда көтерілген мәселелерге назар аударып, әкімдікке, тиісті министрліктерге аталған пролемаларды ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
Мәселен, биыл облысқа арзандатылған бағамен барлығы 83 мың тонна дизель отыны бөлініп, егін егу науқаны кезінде диқандардың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етеді. Биыл облыста 258 мың тонна минералды тыңайтқыш әкелу жоспарланған. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 57%-ға артық. Премьер-министр отандық тыңайтқыштарды сатудың басым бағыты ішкі нарық екенін ескертті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына орай биыл агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру көлемін ұлғайттық. Ендігі ортақ міндетіміз – көктемгі егісті өз мерзімінде сапалы өткізу. Азық-түлік қауіпсіздігі мен экспорттық әлеует осыған тікелей байланысты. Үкімет тарапынан барлық қолдау шаралары көрсетіліп жатыр. Проблемалық мәселелер бойынша әкімдік пен жауапты министрлікті жедел хабардар ету қажет», деді О.Бектенов.
Премьер-министр Макинск құс фабрикасының өндірістік үдерісімен және алдағы жоспарымен танысты. Жыл басынан бері құс фабрикасы 18,6 млрд теңгеге 18,7 мың тонна ет өндірді. Фабрика құс етін ішкі нарыққа шығарумен қатар, өнімін Қырғызстан, Өзбекстан мен Ресейге экспорттайды.
«Мемлекет басшысының алға қойған АӨК-тегі қайта өңделген өнімнің үлесін ұлғайту, оны 70%-ға дейін жеткізу үшін жұмыс істеп жатырмыз. Терең өңдеуді дамыту, жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын қолдау және жаңа кәсіпорындар ашуға жағдай жасауға басымдық беріледі. Отандық өнімдер біздің нарық сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, шетелде де лайықты бәсекеге түсе алуы керек. Жаңа технологияларды интеграциялау маңызды, бұл өнімділікті арттырып, сапаға әсер етеді», деді Үкімет басшысы.
Биыл өңірдің азық-түлік өнеркәсібі кәсіпорындары 52,6 млрд теңгенің өнімін өндірді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 104,3%-ды құрады. 2024-2026 жылдары жалпы құны 123,6 млрд теңгені құрайтын 74 ірі инвестициялық жобаны іске қосу көзделіп отыр. Премьер-министр жобалардың уақтылы іске асырылуын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.