Ауыл • 15 Мамыр, 2024

Ауылды таңдаған дәрігерлер

58 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ауыл медицинасының әл-ауқатын арттыру үшін онда жас дәрігерлерді жөнелту жұмыстары өңірімізде жүйелі жалғасып жатыр. Былтыр жас медицина мамандарына берілген әлеуметтік қолдау көлемі 5 млн теңге болса, биыл 8,5 млн теңгеге дейін өседі. Өткен жылы бұл мүмкіндікті пайдаланған 61 жас маман ауылда еңбек етіп жүр. Ауылдағы дәрігер тапшылығының азайып келе жатқанынан әлеуметтік қолдаудың тиімділігін оңай аңғаруға болады.

Ауылды таңдаған дәрігерлер

Бұқар жырау ауданы Ботақара кентінде жас дәрігерлер қажет­тін­ің барлығымен қамтамасыз етілген. Ауданда «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы жүйелі іске асып тұр. Бұған сәйкес, тұрғын үй сатып алуға шамамен 9 млн теңге пайызсыз несие қарастырылған. Үй алғысы келмеген жас мамандарға қызметтік тұрғын үйді де таңдау мүмкіндігі бар. Ботақарадағы аудандық аурухананың төрт отбасыға арнал­ған медициналық үйі бар. Орталық жылыту жүйесіне қосылған үйлерде қажетті жи­һазбен, тұрмыстық техникамен қамтылған. Үйдің жанында балалар ойын алаңы салынған. Бұл жерден жас медицина мамандары тұрғын үйді жалға алады.

Жалпы, практика дәрігері Ахрор Усманов Қарағанды облысына Оңтүстік Қазақстан өңірінен көшіп келген. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін ойдағыдай аяқтап, дипломын қолына ұстап, Ботақараға қоныс аударады.

– Біздің оқу орнымызға Қарағанды облысынан өкілдер келді, түлектерді жұмысқа шақыр­ды. Олардың ұсынған шарт­тары ұнады. Ойланып, баруға шешім қабылдадық. Бүгін­де уәде етілген барлық келісім жүзеге асты. Әйелім де осы саладан, болашақ медбике, – дейді А.Усманов.

Акушер-гинеколог Ақбота Қожамқұлова да резидентураны тәмамдағаннан соң күйеуімен, екі баласымен бірге Бота­қа­раға көшіп келіп, осында жұ­мысқа орналасқан.

– Әрине, бұдан басқа да таңдау болды, бірнеше ауруханадан жұмыс орны табылды. Барлық жерде акушер-гинекологтерге сұраныс бар, жалпы, мамандығым сұранысқа ие. Мұнда жақсы жағдай ұсынылды. Мен қалада қалма­ға­ныма өкінбеймін. Барлығы ыңғайлы, баспанаға қатысты уайым жоқ, барлық жағдай жасалған. Біз мұнда керегімізді ғана алып, келе салдық. Дайын пәтерге қоныстанып, келесі күні жұмысқа шықтық. Балалар бірден мектепке орналасты. Үй, жұмыс, мектеп барлығы – жақын жерде. Ұжымым да жақсы, бәрі бірден ұнады. Ауылда жұмыс істеп, кәсіби тәжірибе жинауға болады, – дейді А.Қожамқұлова.

Бұқар жырау аудандық аурухана директоры Данияр Қожабаев бейінді мамандарға қажеттілік әлі де бар дейді. Ауруханада материалдық-тех­никалық база жаңартылып, заманауи жаб­дықтар алынып жатыр. Алайда кад­р жетіспеушілігі бар. Былтыр осындай бағдарламаның қол­дауын сезінген 8 жас қыз­меткер келген: 3 акушер-гинеколог, 2 жалпы тәжірибелік дәрігер, 3 акушер. Енді ауруханаға бейінді мамандар ауадай қажет. Эндокринолог, ультрадыбыстық зерттеу маманы секілді. Осы орайда Данияр Қожабайұлы ертеректе мұндай бағдарламалардың бол­­мағанын, қазіргі жас дәрігер­лерге қолдаудың түр-түрі барын атап өтті.

– Мен осында 90-жыл­дардың соңында келдім қала­дан. Ол уақытта мұндай бағдар­ла­малар болған жоқ. Қазір жас мамандар үшін әзірленген әлеу­мет­тік пакет өте жақсы. Бұл – ауылда жұмыс істеуге керемет ынталандыру, – дейді аурухана директоры.

Бірреттік әлеуметтік кө­мектің «Дипломмен – ауылға!» бағ­дар­ламасынан бөлек екенін айта кетуіміз керек. Бұл – сол көтермеақының үстіне енгізілген қосымша қолдау. Медицина саласында жұмыс істейтін мамандарды қолдау, ауылдағы медицинаны дамыту, ауылдағы кадр тапшылығын шешу үшін әзірленген бағдарлама. Жыл басында Парламент Мәжілісі бағдарламаға қатысты заң жобасын қабылдаған еді.

Осындай байыпты бағдар­ла­маларға сүйене отырып, жас мамандарды ауылға тарту арқылы ондағы дәрігер тапшылығы жо­йылады. Расы­мен, дипломы бар кез келген білікті маманға бірнеше таңдау бар. Жан-жақты әлеуметтік қолдау да мол. Жас дәрігерге тек, жалындап тұрып, еңбек ету керек.

 

Қарағанды облысы