16 Маусым, 2010

ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛДАУЫ

583 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
ЖАРҚЫН БОЛАШАҚТЫҢ БАҒДАРШАМЫ Елбасы Қазақстан халқына Жол­дауында алдағы он жылға ар­налған міндеттерді айқындап берді. Онда еліміздегі жоғары білім мен ғы­лымды дамыту мәселелеріне ай­рықша назар аударылды. Бұл заңды да. Білім мен ғылымды дамытпай, еліміздің жарқын болашағын көз алдыңызға елестету қиын. Сон­дық­тан, бұл салаға енгізілетін өзге­рістер біздің заман көшінен артта қалып қоймау үшін қажет. Жолдауда Президент соңғы он жылда елімізде 652 мектеп және 463 денсаулық сақтау нысанының са­лынғанын айрықша атап өтті. Міне, мұның жарқын дәлелін қа­сиет­ті Түркістан қаласының ты­ныс-тіршілігінен де айқын көруге болады. Қаламызда тек өткен жылы ғана “Жол картасы” бағдар­ла­масы бойынша 3 мектеп, бала­бақша пайдалануға берілді. Осы ретте құрылысы тоқтап қараусыз қалған алты алаштың бір шаңы­рақ­қа бірігу символы – “Бәйтеректі” әкіміміз Қайрат Құсейінұлы толық тұрғызды. Жолдауда айтылғандай, 25 пай­ыз­ға өскен айлық пен шәкірт­ақы­ның әу баста белгіленген мерзімнен үш ай бұрын, яғни 1 сәуірден бас­тап беріле бастағаны қарапайым қыз­меткерлерімізді зор қуанышқа бөлеуде. Жолдаудағы қазақстандық жол­дың негізгілерінің бірі ұлтаралық татулықты нығайту, ұлттық қауіпсіздікті арттыру, халықаралық қарым-қатынасты одан әрі дамыту болып табылады. Бұл мәселелердің көпэтносты мекеніміз, туристік орталыққа айналып келе жатқан киелі Түркістанда айрықша ма­ңыз­ға ие екендігі баршаға мәлім. Осы орайда Түркістандағы өзбек мәдени орталығы бірқатар игі шаралар ат­қа­рып жүр. Өткен жылдың соңын­да осы орталық өз жұмысын жан­дан­дыра түсу мақсатында арнайы акция өткізді. Осы игілікті шараға қала әкімі Қайрат Молдасейітов 100 000 теңге, ақсақалымыз Жақан Шалбаев 100 000 теңге, облыстық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Нұрлан Жұмашев 100 000 теңге қосты. Жолдауда айтылған ойлар мен алға қойылған міндеттер жүрек­тер­ге жол табуда. Еліміздің жарқын бо­лашақтағы дамуына жан-жақты бағыт-бағдар беріп, тың серпін туғызуда. Мырзахмет САРМАНОВ, Түркістан қаласының құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері. Оңтүстік Қазақстан облысы. КҮТЕР ЖАҢАЛЫҚ КӨП Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жыл сайынғы Жол­дау­лары Қазақстанның барлық ба­ғыттағы жан-жақты дамуын айқын көрегендікпен жоспарлап, өрлеудің сара жолына  жетелейтіні көпші­лік­ке мәлім. Ал биылғы Жолдау бір жыл­дың алар асуын ғана емес, тұтас 30 жылға арналған  даму бағ­дар­ламасының кезекті 10 жыл­ды­ғын игеруге жасалған қадамдардың бастамасын жариялауымен құнды. “Қазақстан-2030” Стратегиялық бағдарламасының алғашқы онжыл­дығы игерілді. Оның қорытындысы бұл Жолдаудың да орындала­тын­ды­ғына дәлел. Өйткені, алған асуымыз бен игерген тәжірибеміз осылай се­німділікпен айтуға мүмкіндік береді. Елбасы өз Жолдауын жарияла­ған­да Қазақстан жағдайын  бес саусағындай білетіндігін дәлелдей, тыңдаушысын тамсандыра, халық тілегін қағазға қарамай-ақ айтып, егеменді еліміздің еркін дамуын айқындап берді. Өткен жыл Қазақстан үшін сын жыл болды. Тек Қазақстан үшін ғана емес, әлемнің көптеген елде­рін­дегі экономикалық тұрақтылық­ты шай­қалтып кеткен жылдары елі­міз көп нәрседе ұтты, оған қоса ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуінің өзі үлкен жетістікті білдіреді. Мұндай абырой­ға жеткен де бар, жетпеген де бар. Мен өз ауылым туралы айтсам деймін. Еліміздің бір шалғайын­дағы Павлодар облысы Баянауыл ауданы Ұзынбұлақ ауылында соңғы 4-5 жыл ішінде ауыл халқын тол­ғандырып жүрген күнделікті күйбең тіршілік мәселелері оң шешілуде. Тұрғындар тұрмысы күннен күнге жақсаруда. Жақында ауыл ақсақалдары, ел азаматтары жақсы бастама көтерді. Ауылымызда имандылық үйі жоқ. Соны енді ауылдағы әрбір үй қара­жат шығарып, мешіт салуға ниет­те­нуде. Орынбай Әкімов, Қинаят Ақылбеков, Бабаш Масайынов, Кен­же Әбжанов, Төлеубай Молда­шев, Кәпкеш Рахымжанов, Нұрлан Аханов, Сейіл Қайырбеков, Жан­бол­ды Хасенов, Тасболат Төле­ге­нов, Славка Амзин секілді ауыл азамат­тарының әрқайсысы 100 мың теңге­ден үлес қоспақ. Ал қалған ауыл тұр­ғындары 50 мың теңгеден жинамақ.  Алла сәтін салса, бұл игі іс те жүзеге асып қалар деп ой­лай­мыз. Қуаныш РАХИМОВ, зейнеткер. Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Ұзынбұлақ ауылы. КЕДЕНШІЛЕР ҮЛЕСІ ДЕ КЕМЕЛ Қазақстан өз егемендігін алып, көк байрағын көкке көтеріп, кө­ңілі жайланып, өзінің елдігін енді ғана сезініп келеді. Шекарасын шегелеп, жан-жағына көз тастап, бой көтеруде. Еңсесі биік елге айналу бағытында, ең бірінші, ішкі тыныштық пен сыртқы қатынасты дұрыстауымыз керек еді. Бұл мақ­сатта халық қолдаған Президенті­міз Нұрсұлтан Назарбаев аянбай еңбек етіп келеді. Бүгінде Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы. Қазіргі таңда болашаққа деген нақты жоспары бар, жоспарға сәйкес жолы бар, жо­лына бағыты бар ел болып таныла бастадық. Елді басқарған ерінің іскерлігі, даналығы еткен еңбегінен айқын көрініп келеді. Еліміздің әл-ауқаты түзеліп, әрбір азамат өзінің қала­ған ісімен шұғылданып, жемісін көруде. Мемлекет халқының мүддесінен шығуда. Елбасымыз әр жыл сайын өз халқына даму бағытында Жолдау  жолдап келеді. Биылғы Жолдау — алыс­ты болжап қана қоймай, дағ­дарыстан кейінгі кезеңде халықты жұмылдырып, басын біріктіретін, қиындықтан шығудың нақты жол­дарын айқындайтын жаңа он­жыл­дыққа арналған стратегиялық бағдарлама. Бұл маңызды құжат “Қазақ­стан-2030” Стратегиясының ал­ғаш­­қы онжылдығын қорытындылап, 2020 жылға дейінгі даму жоспары шеңберінде келесі онжылдыққа нақты тапсырмалар жүктелді. Хал­қымыз әлем жұрты басынан өтке­ріп жатқан дағдарыстың өзін жеңіл түрде қабылдауы нақты қойылған жоспарлар нәтижесі де деуге бо­лады. Ел тыныштығын сақтай оты­рып, өсіп-өркендеу, демо­гра­фия­лық, әлеуметтік мәселелердің оңды шешімін табуы нағыз ер­ліктің белгісі. Аспанында көк байрағы желбі­реп, көкжиекке қырандай қырағы көз тастай бастаған жас Қазақстан дамудың даңғыл жолына түсіп, ке­мел келешекке қарай көш түзеуіне кеден саласының қосып жатқан үлесі қомақты десек болады. Қай мемлекетті алсаңыз да, қазынасын еселеп толтырып отырар осынау салаға оң қабақпен қараған. Кеден әлдекімдер ойлағандай “шлагбаум” емес, ең бірінші ке­зек­те кәсіпкерлер мен басқа да ха­лық­қа сервистік қызмет көрсету орны. “Мемлекет кеденнен бас­талады” десек, әрбір мемлекеттің айнасы кеден саласы деп білуге болады. Елбасымыз биылғы Жолдауын­да Кеден одағын құруды ең ма­ңыз­ды қадам деп атап көрсетті. Пре­зидентіміздің айтуынша, “бі­ріншіден, біртұтас кеден аймағын құру үш елдің әртүрлі бағыттар бой­ынша кең ауқымды ынты­мақ­тасу мүмкіндігін арттырады. Ең алдымен бірлескен өндірістер мен кооперацияларды құрудағы күш-жігерді біріктіреді. Екіншіден, үш мемлекеттің азаматтары шекара­дан өткенде кедендік төлемдерді, көптеген құжаттарды ресімдеуді күтпей-ақ бір-бірімен еркін сауда-саттық жасай алады. Үшіншіден, біздердің елдеріміздің ортақ ры­но­гы ұлғаяды. Төртіншіден, үш елдің рыногындағы бәсекелестік артады. Бұл тауарлардың сапасының жақ­саруына ықпал етеді. Бесіншіден, біз мемлекеттеріміздің ауқымды тран­зиттік әлеуетін мейлінше тиімді пайдалана аламыз. Нәти­же­сінде, біздің елдердің кәсіпкерлері халықаралық рыноктарға шығуда, өздерінің өнімдерін сатуда артық­шылықтарға ие болады. “Қазақ­стандық компаниялардың Еуропа рыногына, біздің әріптестеріміздің Азия рыногына шығуы жеңіл­дей­ді. Кеден одағы келешектегі ықпал­дастықтың барынша жоғары сатысына айналады”, деді Мем­лекет басшысы. Еліміздің жас кеден саласы мем­лекеттің экономикалық мүдде­лерін қорғау қызметін жылдан жылға кеңейтіп, өзінің материал­дық-техникалық базасын нығай­тып, кеден органдары үшін жоға­ры білікті мамандар даярлауға үне­мі назар аударып, егемен елі­міз­дің шекара шебіндегі сенімді қалқаны бола бермек. Тоқсан ауыз сөздің, тобықтай түйіні, тұғырында түлеген қыран құстай жас Қазақстан күннен күнге қанатын кеңге жайып, қазақ аты жер-жаһанға жетті. Тәуелсіздік ал­ға­нына көп болмаған Отанымыз­дың алар асуы мен шығар шыңы әлі алда. Қаншама қиындықтан қаймықпай, асқақтатып астанасын салып жатқан халықтың арманы аласармақ емес. Мемлекетіміздің мерейін көтеріп, абыройын арттыру жолында кеден органдары өз кезегінде аянып қалмайды. Нұрқанат ҚАСЫМОВ, Алматы облысы бойынша кедендік бақылау департаментінің маманы. АЛҒА ҰМТЫЛДЫРАТЫН ІСТЕР БАР Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың тікелей эфирдегі Жолдауын мектеп ұжымы мұқият тыңдады. Оқушылар бұл Жолдаудың жан-жақ­тылығын, еліміз үшін маңыз­дылығын көкейде ұстады. Жылдың басты құжатында еліміздің барлық саласын қамтып, жетістіктер мен табыстарымыз тізбектеле айтылып, болашақтағы бағыт, мақсатымыз айқындалды. Жолдаудан жылдан жылға қарыштап дамып келе жатқанымыз, әлемді әбігерге салған дағдарыстың елімізге салқыны тимегендігін ұғындық. Тікелей эфир аяқталысымен оқушылар және тарих пәнінің мұ­ға­лімдері Елбасының халыққа Жолдауын талқылады. 11 сынып оқушылары дағдарыстың біздің елге кері ықпалы болмағандығын айт­са, 10 сынып оқушылары Қа­зақ­станның ЕҚЫҰ-ға төраға болғанын басты жеңіс, біз үшін мақтан, деді. Ал мектеп директоры С.Р.Мәулімбергенова Елбасының халыққа Жолдауын өткен мен бүгінді таразылап, болашақты айқындайтын, қазақстандықтарға жақсылық әкеліп, желпіндіріп, қанаттандыратын құнды құжат деп атады. Ұстаздар қауымы үшін 1 сәуірден жалақының өскені үлкен қуаныш болды. Әлемдегі дағда­рыс­қа қарамастан, еліміздің алға нық қадам басуын, әрине, Мемлекет басшысының көреген саясатымен байланыстырды. Осы орайда, деді директор, ел болып Президенті­міз­дің парасаттылығын, кемеңгерлігін, көрегендігін бағалап, алғыс білдір­геніміз абзал. Біздер, ұстаздар, жастар барлығымыз Жолдаудағы жетістіктермен шаттанып, оны іске асыруға атсалысайық. Өскелең ұрпақты рухтандырып, ұлт мақтанышына айналатын аза­мат ретінде тәрбиелеу – басты мақ­сат. Сондықтан бүгінгі жастар­дың сана­сына ұлтжандылық ұры­ғын сіңіру біздерге парыз. Еліміздің жетістігі мен бағындырған биігі де оқушыларды алға ұмтылдыратыны анық. Естай ӘМЕТҰЛЫ, Жолымбет №2 қазақ орта мектебінің тәрбие ісінің меңгерушісі. Ақмола облысы, Шортанды ауданы.