Ғылым • 07 Мамыр, 2024

Жаңа технология негізі – іргелі ғылым

60 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазіргі заманда өндірістік қуатты сапалы өзгертудегі ғылым мен жаңа технологиялардың рөлі ерекше. Ғылымның дамуы және тех­но­логияның үдемелі жаңғыруы әлемнің эконо­микалық және әлеуметтік дамуының басым бағытына айналды. Оның қарыштап дамуы адамзатқа атом энергиясын, ғарышқа ұшу, компьютерлендіру, ақпараттандыру секілді тың жаңалықтар әкелді.

Жаңа технология негізі – іргелі ғылым

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Ғылымды айтқанда, алдымен іргелі ғылым тура­лы сөз қозғалуы керек. Онсыз қол­дан­балы ғылым болмайды, ол бол­маса, технология іске аспайды. Қазіргі жаңа технологияның негізі – іргелі ғылым. Бұл халық­тың ой-өрісін, ұлттық дамуын және экономикалық сипатын көр­сетеді.

Өркениетті елдерде ғалым­дар ең зияткерлік топ саналады. Оларға ерекше құрмет жасалады. Сонымен бірге ғалым еңбегі де жоғары бағаланады. Жалпы, кез келген мемлекеттің ғылымға көзқарасы оның ішкі жалпы өнімінің ғылымды дамытуға бөлетін қаржының деңгейімен өлшенеді. Ғылымға ең көп қара­жат бөлетін елдер: Израиль – 4,6%, Швеция – 4%, Жапония – 3,4%,­ АҚШ – 2,7%, Германия – 2,5%. Ал Ресейде 1,25% болса, біздің елімізде бөлінетін қаржы 0,2%, кейде одан да аз.

Халықаралық академиялық кеңес­тің ұйғарымынша, мемле­кет­тің ғылым саласына бөлген қаржы ішкі жалпы өнімнің 1,5 пайызынан артық болса ғана ғылым дамиды. Осыдан-ақ біздің жағдайымыздың қандай екенін бағамдаңыз.

Кейбір деректерде елімізде ғылым саласында еңбек етіп жүрген 8000 маман болса, оның – 1000-ы жастар. Әлемде әрбір 1000 адамның біреуі ғалым болса, ал бізде 2500-дің біреуі ғана ғалым. Бұл – өте аз. Әрине, ға­лым саны ғылым сапасының не­гізгі көрсеткіші емес. Ғалымды оның ғылыми жұмыстарының атақ­ты журналдарға шыққан мақа­­ла­ларымен, оған ғалым­дар­дың сілтеме жасау санымен баға­ла­нады.

Ең маңыздысы, ғылымның пайдасы, басқаша айтқанда, елдің дамуына әсер ететін ғылыми жаңалығы. Осы тұрғыдан келгенде, біз әлемде 61-орын аламыз. Бізде патент алу дүниежүзілік деңгейден 24 есе аз.

Құлдыраған ғылым мәселесін шешуге Ғылым және жоғары білім министрлігі екі заң қабыл­дап, бірнеше зерттеу лабораториясын ашты. Ашылған 5 зертхана «ұлттық» деген мәртебе иеленді. Яғни оларға еліміздің кез келген ғалымы еркін барып, өзінің зерттеу жұмысын жүргізуге мүмкіндігі болуы керек еді.

Бұл зертханаларды осынша қаржымен ашу мемлекет қажеттілігінен туындады. Ол зертханалар қомақты қаржыға сатып алынған құрал-жабдықтармен жарақталды. Осы зертханалар қай университетте не себепті ашылды, қандай зерттеу құрал-жабдықтары берілді, олардан қандай ғылыми нәтиже болды, оның қазіргі жағдайы қандай? Осындай сансыз сауалға кім жа­уап береді? Шын мәнінде, сол зертханалар белгілі ғылым саласымен шұғылданып жүрген ғалымдары бар жоғары оқу орындарында ашылды ма? Егер солай болса, отандық ғылым әлдеқайда дамушы еді.

Дүниежүзінде ғылым екі жолмен дамиды. Біріншісі – акаде­миялық, екіншісі – универ­ситеттік. Батыстың Oxford, Cambridge сынды білім ордалары университеттік жолмен дамыған. Ал кеңес одағы ака­демиялық жолды ұстанды деу­ге болады. Келместі көксеп, өт­кен­ді аңсап отырған жоқпын. Алай­да бұрынғы одақтас елдер­­дің аума­ғындағы академиялық жүйе өте мықты еді. Соның нәти­жесінде КСРО-ның ғалымдары алғаш болып ғарышқа адам ұшырды. Оны әлем мойындады. Бұл үрдістен Қазақстан да қалыс қалмады. Физика, химия, биология салаларында отандық ғалымдарымыз керемет жаңалық ашты. Алайда Ұлттық академия жабылғаннан кейін жетістіктер мен жаңалықтар азайды.

Ұлттық академия отандық ғылымның дамуын бағдарлап отырды. Екіншіден, академияның мемлекеттік бюджеттегі өз орны болды. Оған миллиардтаған қаржы бөлінді. Академиядан айырылып қалғаннан кейін ғалымдарымыз да абдырап қалды. Академия қарамағындағы ғы­лыми зерттеу инс­титуттары дала­да қалғандай күй кешті. Уни­вер­ситеттер ғы­лыми зерттеу инс­ти­туттарымен жүйелі жұмыс жүргізбеді.

Мысалы, акаде­мик Б.Мұқашев бас­қарған бұрынғы кеңес ода­ғы­на ғана емес, әлемге танымал физика-техникалық инс­титуты жұмыс істеді. Бұл институт еліміздегі қатты дене физика саласын алға дамытты. Сонымен қатар осы салада кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғатып, білікті ғалымдарды даярлады. Қазір сол орталықтың аты бар да, заты жоқ. Өзім физик болған соң, физика институтын айтып отырмын. Дәл осындай химия, математика, биология және тағы басқа бірнеше ғылыми зерттеу институттары бар еді. Солардың аты да, заты да белгісіз.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев­­тың қолдауымен Ұлттық ғылым академиясы қай­та құрылды. Енді ғылымды бас­қаратын үшінші ұйым пайда болды. Бұрын Ұлттық ғылыми кеңес, Ғылым және жоғары білім министрлігіндегі Ғылым комитеті бар еді. Жалпы, ғылым қалай дамиды? Қазір осы салаға қатысты үшінші заң Мәжілісте талқыланып жатыр. Бұл заң да белсенді депутаттардың сөзіне қара­ғанда, баяғы екі заңды бірік­ті­ріп қоя салғанға ұқсайды. Егер олай болса, одан да үміт аз болатын сыңайлы.

Отандық ғы­лымның деңгейі туралы аз жа­зыл­ған жоқ. Үш жылдық грант де­генің түпкілікті дұрыс емес. Оны бөлуде ғылыми сараптамадан 30 балл алғандар өтпей, 20 балл алғандардың өтуі әділетсіздік емес пе? Бұл туралы осы басылымға жаздым. Ел ғылымының дамуына белгілі дәрежеде үлес қосқан ғалым ре­тінде еліміздің ғылымы мен технологиясы жоғары деңгейде дамуы үшін өз ұсынысымды айтсам деймін.

Қазір дамыған елдер арасында білім, ғылым және жаңа технология саласында бәсе­келестік жоғары. Сондықтан осы бағыттарға ерекше назар аударылса деймін. Алдымен мемлекеттік деңгейде еліміздің ғылыми-технологиялық даму стратегиясын (ҒТДС) жасау керек. Бұл құжаттың жобасын ғалымдар, инженерлер, технологтер егжей-тегжей талқылаған дұрыс. Сосын оны Президент бекітіп, қабылдау қажет. Мұндай құжатты дамыған мемлекеттердің (АҚШ, Жапония, Қытай, Еуропа, т.б.) бәрі қабылдаған. Оны қабылдаған елдердің ғылыми-технологиялық даму стратегиясы маңызы жағынан мемлекеттің қауіпсіздік стратегиясымен бір дең­гейде тұрады. Бүгінге дейін Қазақстанның ғылыми-тех­­но­логиялық даму стратегиясы әзір­­леніп, қабылданбаған. Бір жағынан, оны қабылдау біздің дамыған елдердің қатарына кі­руін қам­тамасыз ететін көптеген бағ­дар­ламалық құжатымен негіз­деледі.

Мәселен, Ресей бұл құжатты 2016 жылы қабылдаған. Біз оны әзірлегенде, басқа мемле­кет­тердің тәжірибесін ескерген жөн. Сондықтан бұған еліміздегі ірі ғылыми зерттеу инс­титуттары, университеттердің жетек­ші ғалым­дары атсалысып, басқа­лар­мен салыстырып, талдау жүргізу керек. Бұл құжат қабыл­дасақ, ғылым өз жолымен дамиды. Бүгін­де отандық ғалымдардың жасы үштопты құрайды. Үлкен буынның жасы 65-тен асса, орта буын 45-тен 65-ке дейін болса, кейінгі буын 25-45 жас аралығын қамтиды. Қазір осы үш буын­ның ғы­лымға көзқарасы әртүрлі.
Осы стра­тегиялық құжат аталған үш буынның басын біріктіреді деп ойлаймын. Сондай-ақ әр өңірдегі жоғары оқу орындары жанынан қоғамдық сұранысқа ие ғылым бағыт­тарын дамыту үшін ұлттық ғылыми зерттеу зертханасы немесе тех­нопарктер құрылса, артық бол­майды. Оны заманауи құрал-жаб­дықтармен қамтамасыз ету керек. Сонда кез келген ғалымға зерт­теу жүргізуге мүмкіндік туа­ды­.

Жалпы, қандай мықты ел болса да, ғылымның барлық сала­сы бойынша жетекші бола алмайды. Қазір ойы озық ғалым­дарға, талантты жастарға сұраныс жоғары. Сондықтан жастарды ғылымға тарту үшін оларға қолайлы жағдай жасау керек. Алдымен ғылымның деңгейін көтерген дұрыс. Осы мақсатта қазақ тілінде ғылыми журнал жарық көрсе деймін. Әсіресе жас оқырмандар әлем мен еліміздегі ғылым саласында ашылған тың жаңалықтармен танысып, қаншама мағлұмат алады. Жеткіншектердің ғылымға ынтасы оянады. Мектептерде ғалымдармен жиі кездесу өткізу қажет. Осының бәрі ғылым саласының дәрежесін көтереді.

Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында «іргелі ғылыммен айналысатын ғылыми зерттеу институттарын тікелей қаржыландыру тәртібін енгізу» туралы айтқан еді. Шынында, ғылымның негізі – іргелі ғылым. Бүгінде елімізде іргелі ғылым жоқтың қасы. Оның түбіне үш жылдық грант жетті. Неге? Себебі үш жылда зерттеуді толық жүргізіп, жаңалық ашу мүмкін емес. Бұл туралы Прези­денттің: «Грант мерзімінің үш жылмен шектелуі іргелі ғылымды дамытуға едәуір кедергі келтіріп отыр. Осындай қысқа жос­парлау мерзімінде қандай да бір нәтижеге қол жеткізудің өзі қиын екені анық. Ғылым саласын гранттық қаржыландыру мерзімін бес жылға дейін ұзарту мәселесін қарастырған жөн», дегені өте дұрыс пікір. Айталық, ғылыми жаңалықты өндіріске енгізуге кем дегенде 5-10 немесе 30-40 жыл керек. Сондықтан іргелі ғылыммен айналысатын ғылыми зерттеу жұмыстарын тікелей қаржыландыру тәртібін енгізудің маңызы зор. Енді Мемлекет басшысының айтқан пікірі сөз жүзінде қалмай, оны салаға жауапты мекемелер тез қолға алып, батыл іс бастаса, отандық ғылым алға басады.

 

Темірғали КӨКЕТАЙ,

профессор